немесе Аманкелді Кәрентаевтың ел үшін атқарған істері туралы
Ұзақ жылдар басшылық қызметтер атқарған, зейнетке шыққаннан кейін де аттан түспей, қоғамдық істің бел ортасында жүрген ардагерлердің бірі – экономика ғылымдарының кандидаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Аманкелді Кәрентаев. Ол – әкелері соғыстан оралмаған, тағдыр тауқыметін бала кезінен татып, қиындықтарға шыңдалып өскен ұрпақтың өкілі. Қордайдағы кеңшар-техникумды бітіріп, Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданында ұжымшардың бақылаушы-механигі болып еңбек жолын бастаған кезінде-ақ шаруашылық, аудан басшыларының назарына іліккен. Сол ағалары – еңбектегі алғашқы ұстаздары жас маманға «Жалындап тұрған жас екенсің. Болашағың зор. Бұл үшін оқығаның дұрыс. Мұны біздің саған берген ақ батамыз деп қабылдарсың» деген еді.
Бұл кеңесті Аманкелді Кәрентайұлы еш уақытта жадынан шығарған емес, білімін үнемі жетілдіріп отырды, Жамбыл технологиялық және Алматы ауыл шаруашылық институтын бітірді. Облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып істей жүріп, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында оқып, экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алды. Мәскеуде қорғаған кандидаттық диссертациясына өзек болған ғылыми ұсыныстары облысымыздың қала маңындағы шаруашылықтарына енгізілді. Сол шақта шаруашылыққа ғылыми негіз берудің экономикалық тиімділігін кезінде «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol») газетінің 1978 жылғы 28 желтоқсандағы санында жазылды да. Аманкелді Кәрентайұлы өзі тұңғыш әкімі болған Шу ауданының экономикасын көтеріп қана қоймай, ел аузында аңызға айналған талай шаруаны оңымен атқарды. Соның ең ірісі – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш бидің бірі Төле бидің тұңғыш мерейтойы кіндік қаны тамған Жайсаң жайлауында өткізілуі және ең алғашқы ескерткішінің орнатылуы еді. Бұл – айтуға оңай шаруа, ал шын мәнінде оны қиын-қыстау, таршылық кезеңде қор құрып, есепшот ашып, көпті жұмылдырып атқаруға тура келген-ді. Осының алдында ғана Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысымен ауданның әкімшілік орталығы Новотроицк селосы Төле би ауылы болып өзгеріп, әділдік салтанат құрған. Сол жылдары аудан ырғын астық өсіріп, артылған 4000 тонна ұны нан тапшылығын көрген Монғолияның негізінен қазақтар тұратын Баян Өлгей ауданының тұрғындарына жөнелтілген болатын. Ақысына ол жақтан 76 мың қой айдап әкеліп, мемлекетке ет тапсыру жоспарын артығымен орындағаны облыс тарихында қалды. Сол кезеңде қант қызылшасын өсіруде Францияның «Сюкден-Кери» фирмасымен әріптестік орнатып, ағылшын-қазақ бірлескен кәсіпорнын ашып, Шатыркөл, Жайсаң кен орындарының жұмысын жандандыруға негіз қалағанын да ел ұмыта қойған жоқ. 1995 жылы облыстың жаңадан келген әкімі Аманкелді Кәрентайұлын сынап көру үшін қазіргі Байзақ ауданына бірінші басшы етіп жібереді. Қала іргесіндегі ауданның проблемалары шаш етектен. Ол келе салысымен елді ауыртпалықтарды еңсеруге жұмылдырды. Талай жыл бойы айтылып, сөз күйінде қалған істі қолға алып, ауданға Байзақ датқа атын беру мәселесі шешімін тапты. Ел Президенті Н.Назарбаевтың «Жамбыл облысындағы Свердлов ауданының атын өзгерту туралы» Жарлығы 1995 жылғы 20 желтоқсанда шықты. Ауданға аты берілген Байзақ датқа ескерткішін тұрғызу ісін де өзі қолға алып, аяқтады. Аудан орталығы мен елді мекендерге елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімдері берілді. Республика бойынша әл-Фарабиге тұңғыш ескерткіш Байзақ ауданында тұрғызылды. Сегіз жыл іргелі аудандарды басқарғандағы көрсеткен іскерлігі Аманкелдіге үлкен бедел мен құрмет сыйлады. Өзі жетекшілік еткен Шу, Байзақ, туып-өскен Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы атануы – соның айғағы. Бір қызығы, 1998 жылы облысқа әкім болып келген марқұм Сарыбай Қалмырзаев та А. Кәрентайұлын қиын шаруаларға жұмсады. Оңтайландыру науқаны кезінде білікті кадрлары қысқартуға ұшырап, тіпті еңселі ғимараттағы кеңсесінен айрылып қаржы басқармасының бірнеше бөлмесін паналап отырған ауыл шаруашылығы басқармасына басшы етіп жіберді. Бір кезде өзіне ақ батасын берген, облыстың іргелі аудандарын, ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Төребай Ақбозовтың ісін жалғастырып, аз жылда-ақ бәрін қалпына келтірді. Басқарма үш қабатты ғимаратқа көшіп, білікті кадрлармен толықты. Әсіресе «Ауыл жылдары» қаншама игі шаралар жүзеге асты. Ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру жолдарын түсіндіретін анықтамалықтар, кітаптар шығарды. Айта кететіні, бұл істі Аманкелді Кәрентайұлы кейін де жалғастырып, 2016 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыс ауыл шаруашылығының 1991-2016 жылдардағы статистикалық және анықтамалық деректерінен тұратын кітап жазып шығарды. Кейіпкеріміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын он жылдан астам уақыт басқарған кезде талай игі бастамаларға ұйытқы болды. Сол жылдары ғылым мен өндірістің тығыз байланысын қамтамасыз етіп, егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткіштерге жеткен ауыл шаруашылығы басқармасын республикаға үлгі етті. Аманкелді Кәрентайұлы алпыс жасқа толғанында ел Президентінің арнайы Алғыс хаты мен «Алтын барыс» төсбелгісі тапсырылды. Кеңес дәуірінде алған мемлекеттік марапаттарының қатарына тәуелсіз еліміздің «Құрмет» ордені қосылды. «Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығының үздігі» атағын да алды. Зейнетке шыққан соң да Аманкелді «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында еңбек етіп, ауыл шаруашылық құрылымдарын жаңа техникамен жабдықтауға үлес қосып келеді. Тізе берсек, оның тындырғаны да, қолға алмақ игі жоспар-жобалары да көп. Әр күні мәнді өтіп, қажымас қайрат танытып келе жатқаны, өткен өмір, еңбек жолы «Баталы ер арымас» деген қанатты сөзді еске салады.
Тұрсынхан Толқынбайұлы, журналист
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді