«Aq jol» газетінің биылғы 3 ақпан күнгі санында жарияланған Ілияс Отаровтың «Тыңдар құлақ болса, түйткіл көп» атты мақаласы өте орынды мәселені көтерген. Осыған байланысты өз пікірімді білдірсем деп едім. Талас ауданының тұрғындары мал бағып, бау-бақша өсіретіні көпшілікке аян. Бостандықтың қарбызы деген өңірде ғана емес, республикаға әйгілі. Таластың шүйгінінде жайылған малдың еті де үлкен сұранысқа ие. Ауылдың ірімшік, құртын қымызы мен шұбатын сонау Астанадан алдыратындар аз емес. Қысқа қайырғанда, ауданда ауыл шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік өте мол. Осы орайда мына мәселені атап көрсетсем деймін. Ауданға тіршілік нәрін жеткізетін Талас өзенінің суы жазға таман азайып кетеді. Қыс бойы жөңкіліп аққан суды жазда емге таппайсың. Соның кесірінен көптеген дихандар бау-бақшасын өсіре алмай, орасан шығынға ұшырап жатады. Талас өзенінің тартылуы әсерінен құмдағы құдықтар да құрғап кетеді. Нәтижесінде малшылар өзен жағалауға мәжбүр болады. Жоғарыда айтып өткен «Тыңдар құлақ болса, түйткіл көп» атты мақалада Талас өзеніне су қоймасын салу туралы бастама көтерілген екен. Бостандық ауылының тұрғыны ретінде соны толықтай қолдайтынымды айтқым келеді. Өйткені судың тапшылығын көріп жүргендердің бірімін. Кішігірім «Әли» шаруа қожалығымда егін өсіруге жазда өзеннің суы жетпеуі кедергі келтіреді. Мақалада жазылғандай, Талас және Байзақ аудандары аумағы қиылысқан Ақмол деген жерге су қоймасын салу оңтайлы шешім болмақ. Біріншіден, сол арқылы алқапқа «жан» кіретіні айтпаса да түсінікті. Екіншіден, өзеннің сол тұсының ені кеңейіп, үлкен атырапты алып жатыр. Яғни табиғаттың өзі су қоймасын салуға зор мүмкіндік берген. Мұрат ӘБИЕВ
Бостандық ауылы, Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді