Ағайынды Бегалиевтер шаруаны неден бастап еді? Айтуға ғана оңай шығар, ал бүгінде табыспен жұмыс істеп жатқан шаруашылықты кезінде аяғына тұрғызу анау айтқандай жеңіл болмады. Оған ауылдықтардың бәрі де куәгер бола алады. Әскер қатарынан оралғаннан кейін Керімқұл Шымкент ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, ауылда осы сала бойынша біраз жыл жұмыс істеді. Өткен ғасырдың 90-жылдарында Шым қалаға қайта оралып, жеке кәсіпкерлікпен айналысқаны да бар.
2000-жылдары жоғарыда аталған әскери кеңшар тарап, дүние-мүлкі, жері пай ретінде тұрғындарға жаппай үлестіріліп беріліп жатты. Ауылдағы тұрғындардың жұмыс таппай қиналғанын көріп, еліме бір пайдамды тигізсем деген ниетпен ілкімді де іскер азамат туған жеріне туын тігуге нық бекінеді. Ағайындылар бұл тұрғыда картоп өндірісін жолға қою керек деп ұйғарысқан. Олар алғашқыда тұқымды қарызға алып, 1,5 гектар алқапқа картоп екті. Ала жаздай арқа жазбай еңбек етіп, тиісті агротехникалық шараларды сақтаудың нәтижесінде «екінші нанның» өнімі де мол жиналып, қарыздарын өтеп, қалған картопты еліміздің батыс өңірлеріне жөнелтеді. Сол кезде ол жақта өнімді қымбаттау бағамен өткеруге мүмкіндік бар еді. Ағайынды картоп өсірушілер бұдан кейінгі жылдары да иеліктеріндегі алқаптың көлемін біртіндеп ұлғайтумен болды. Бүгінде «Зылиха» шаруа қожалығы картоп плантациясын алғашқы жылдағыға қарағанда жүз есеге дейін арттырып, 150 гектарға жеткізіп отыр. Шаруашылықтың маусымдық жұмыстарына 200-дей адам жұмылдырылса, 50 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың айлық жалақылары орташа есеппен 70-80 мың теңгені құрайды. Керімқұл Бегалиев өзі басқаратын шаруашылықта жаңа тәсілмен жұмыс істеуге ұмтылуда. Негізгі дақыл картопты отырғызудан бастап, барлық күтіп-баптау, жинау, сұрыптау және сақтау үдерістері шетелдік озық технологиялар көмегімен атқарылады. Соның нәтижесінде шаруашылық жылма-жыл тұрақты көрсеткіштерге қол жеткізумен келеді. Картоп сақтау қоймасы да заманауи технологиямен жабдықталған, ауаның температурасы, ылғалдылығы автоматты түрде реттеліп отырады, яғни мұнда өнімді бұзбай сақтауға толық мүмкіндік бар. «Алаған қолым береген» демекші, кәсіпкер азамат бәрін өзім таптым деп астамсымайды, қолынан келсе, тарыққандарды демеуге дайын тұратын қолы ашық, жомарт жан. Шаруашылық табысының ширек бөлігін үнемі қайырымдылық шараларына жұмсап отыруды әсте есінен шығарған емес. Бегалиевтердің қаржылай демеушілігімен ауылда мешіт салынып, имамына тұрғын үй, қызмет автокөлігі сатып әперілді. Ел игілігі жолында еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Нұр Отан» партиясы белгілеген «Партияның 50 тұлғасының» бірі, партияның соңғы съездеріне делегат болып сайланды. Белсенді өмірлік ұстанымының арқасында сайлаушылар қолдау білдіріп, аудандық мәслихаттың бірнеше шақырылымына депутат болып сайланды. Ол «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде бірнеше жылдан бері ауыл-аймақтың дамуына, көркеюіне қатысты мәселелерді шешуге жанашырлықпен атсалысып келеді. Оның табанды ұсынысымен сайлау округіне қарасты ауылдарға газ, ауызсу құбырлары тартылып, балабақшалар ашылуда, көшелер жарықтандырылып, жолдар жөнделуде.
Абылайхан СӘРСЕН, журналист
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді