Бокстан Афины Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, жерлесіміз Бақтияр Артаев «Астана арландары» бокс клубының басшысы қызметіне тағайындалды. Талай аламандарда атой салған спортшы түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметтерді атқарып, басшылық қызметте әбден ысылғаны баршаға мәлім. Ұлыбританияда білімін толықтырып келген Бақтиярдың жаңа қызметті ұршықтай иіріп әкететіні күмән тудырмайды. Бұған дейін «Астана арландарын» Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, Болат Манкенов сынды білікті мамандар басқарса, соңғы кезде Саят Әбілдин тізгінді қолға алған еді. Бақтиярдың келуімен «Астана арландарының» жекпе-жек кештері Таразда өте ме екен? Бұған дейін «Тараз – Арена» спорт кешенінде сүйікті командамыз сапындағы сайыпқырандардың шайқасын тамашалаған жанкүйерлерді шын мәнінде осы сауал қызықтырса керек... Енді «Астана арландарында» шәкірті ұстазына басшылық ететін болды. Иә, аталмыш клубтың бас бапкері Бақтияр Артаевты боксшы ретінде биік белестерге бастаған – тағы бір жерлесіміз, жаттықтырушы Нұрлан Ақүрпеков. Ұзақ жылдардан кейін қайта тандем құрған Артаев пен Ақүрпеков қазақстандық команданы жарқын жеңістерге бастайды деп сенеміз. Ағымдағы маусымның топтық кезеңінде ресейлік, қытайлық, үндістандық командаларға қарсы шаршы алаңға шығатын жойқын жұдырық иелеріне толайым табыс тілейміз!
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




