сізді қызықтыра ма?
Бұл мәселе басқаны қайдам, тараздық Людмила Андреевнаны айрықша қызықтырады. Қызықтырғаны былай тұрсын, көп қабатты үйдегі аядай ғана пәтерінен шағын зоологиялық мүйіс ашып, тасбақа, кірпі, шымшық сияқты бірқатар экзотикалық жәндіктер асырағаны да есімде. Людмила – белгілі экслибрисші Борис Ткаченконың қызы. Жуықта телефон арқылы хабарласып, хал-жай сұрасқанымызда, ол әңгімені алуан тақырыпта 200-ден астам экслибристер туындатқан әкесінің есімі мен еңбектері ҚХА шығарған қазақстандық 130 қолданбалы өнер өкілінің альбом-кітабына енгізілгенін жеткізуден бастады. Он жылдан бері ауру салдарынан қимыл-қозғалысы шектеліп, төсекке таңылып жатқан, мәдени құбылыс ретінде әлеуметтік ортада маңызды рөл атқаратын осынау элитарлық өнердің жамбылдық өкілімен телефон арқылы тілдесіп, 80 жасқа толуымен құттықтаудың да сәті түсті. Бұдан әрі әңгімеміз Людмиланың сирек кездесетін «ермек ісі» түрлі жәндіктермен, құстармен достасуы жайына ойысқан. Ол тасбақаға да, кірпіге де шетелдіктерден көп мөлшерде контрабандалық жолмен шетелге алып кетпек болған дала жәндіктерінің тәркіленуі тұсында қол жеткізген. Тасбақаны Петруша, кірпіні Федора деп атап, олар кәдімгідей сенімді серік, адал досына да айналып кетіпті. – Адамдар жай кезде болмаса, басыңа күн түскенде жалт береді ғой. Ал мыналарда ондай жоқ. Екеуі де қолымда балалап, басы көбейді. Қызметтен шаршап оралғанда, солармен сөйлесіп, сипалап еркелетіп, мауқымды басатыным бар. Кірпі не айтқаныңның бәрін де түсінетін сияқты. Ал Петруша өз атымен шақырсаң, мойнын қозғап, кәдімгідей елеңдеп қалады. Сүттен жасалған ботқаны сүйсініп жейді. Түрлі көкөніс салаттарына да қарсы емес. Ал Федора ас талғамайды, адам жейтіннің бәрін жей береді. Бастапқыда ол сүт ботқасын аузына да алмайтын. Үйдегі сауыт құрсанған әріптесінен үйренді ме, кейін ботқа дегенің оның да сүйікті асына айналды, – дейді ол бұл тұрғыда. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасында қызмет еткен Людмила қазір зейнеткерлік демалыста. Осыдан аз ғана уақыт бұрын жұмысына, әкесіне күтім жасауына байланысты қолы тимейтіндіктен, тасбақа, кірпілерін қырғыз еліндегі қорықта қызмет ететін достарына беріп жібергеніне енді аздап өкінетін де сияқты. «Достарыма бейнебір жақын туғандарымды беріп жібергендеймін. Әбден бауыр басып кетіппін, олар қорыққа әкетілгенде көңілім кәдімгідей қоңылтақсып қалды. Басқа амалым да жоқ еді. Оларға да күтім керек. Тамақтандыру, шомылдыру, серуендету біраз уақыт алады. Дәтке қуат етерлігі, сенімді қолда, қысқы «каникулдарын» қырғыз жерінде өткізіп жатыр. Оларды өзім де жиі еске алып, сағынып жүрмін. Уақытым болса сол жаққа арнайы барып қайтпақпын», – дейді ол ағынан жарылып. Адам мен жәндіктер арасындағы достық деп, міне, осыны айтса болар! Людмила экзотикалық әлемнен бәрібір қол үзгісі келмей, бүгінде екі бірдей шымшық торғай асырап отыр екен. Бармақтай ғана құстардың бөлмені кернейтін тәтті әуендері қандай десеңізші! Олар әнді де адамдарға, үй иелеріне арнап шырқайтын секілді. Табиғат жанашыры Л.Ткаченко биылғы қыстың аязды күндерінде өзінің үйі маңындағы суықтан зардап шеккен қарғалар мен қараторғайларға жем шашып, күтім жасауды да ұмытпапты. Аң-құстарға деген осындай жанашырлық әрқайсымыздың да бойымыздан табылса, жақсы- ау!
Баймаханбет АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді