«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қағазда бәрі «қатып» тұр...

Қағазда бәрі «қатып» тұр...
ашық дереккөз
Қағазда бәрі «қатып» тұр...

Аудан әкімдерінің есеп беру жиындарында жұртшылық ауданда жыл ішінде атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарлы жұмыстардың ең алдымен өз ауылына қандай шарапаты тиетінін сұрап, орайы келгенде өтініш-тілектерін жеткізетіні белгілі. Кездесулер барлық округте өткізіліп, көпшілік көтерген мәселелер аудан орталығында өткізілетін жиында сараланып, қорытындыланады. Қорытынды есеп беру жиналыстары ақпанның 9-ында Мойынқұм, Шу, Сарысу, Т.Рысқұлов, Жуалы, Меркі аудандарында, ал 14-інде Байзақ, Жамбыл, Талас, Қордайда, 15-і күні Тараз қаласында өткізіледі деп жоспарлануда. Қазір аудан басшылары ауылдық округ тұрғындарымен есепті кездесулерін өткізуде.

Жамбыл Жұртты алаңдататыны – жолдың жайы Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов биылғы алғашқы есепті кездесуін орталықтан шалғайда жатқан Ерназар ауылынан бастады. Аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен мекеме, ұйым жетекшілері қатысқан жиында жыл ішінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарлармен таныстырған Бақыт Алпысбайұлы өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнім 2016 жылмен салыстырылғанда 114,2 пайызды құрағанын айтты. Ауданда ауыл шаруашылық саласында да ілгерілеушілік байқалады. Бір жылдық көрсеткіштің 105,5 пайызды құрауы – соның дәлелі. Осындай жақсы нәтиже құрылыс, негізгі капиталға инвестиция салу, сауда, тұрғын үй құрылысы, салықтар мен міндетті төлемдердің орындалуы, кәсіпкерлік, автомобиль жолдары, абаттандыру, көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, газ және ауызсумен қамтамасыз ету, денсаулық, білім, мәдениет және спорт салаларында анық аңғарылады. Ерназар ауылдық округінде өткен кездесуде талдаулар мен сараптауларға, көпшілікпен ашық пікірлесуге басымдық беруімен ерекшеленді.

Кездесуде қандай мәселе қозғалса да аудан, ауыл әкімдерінің нақты шешімі тұрғындар ойынан шығып жатты. Көпшілік жетістіктер мен кемшіліктерді де сөз етіп, ұсыныс айтты. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Байсынқұл Сәлімов елді мекендерді газдандыру жайын қозғап, «Тараз – Қаратау» бағытында ауыл арқылы жүретін автобустың тоқтап қалғанына қынжылыс білдірді. Ол сондай-ақ көктем мезгілінде қаптайтын шегірткені жою жолдарын қарастыруды сұрады. Зейнеткер Керімбек Әбенов «Ерназар – Қойгелді» ауылдары арасында автожолды жөндеу жұмыстары қолға алынса деген тілегін жеткізді. Аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы биыл «Ерназар – Қойгелді» бағытындағы тоғыз шақырым автожолды орта жөндеу жұмыстарына 45 миллион теңге бөлініп, асфальт төселетінін жеткізді. Бұл күні аудан әкімі Бақыт Қазанбасовтың есепті кездесулері Өрнек, Тоғызтарау ауылдық округтерінде жалғасты.

Жуалы

Жылыбұлақ мектебінің жылу жүйесін жаңарту қажет

Аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың аудан тұрғындары алдында есеп беру кездесуі орталықтан шалғайдағы Билікөл ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде өтті. Жиында алдымен Билікөл ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Нұржан Жұмалиев, округ әкімі Ғани Сапарбеков 2017 жылы атқарған жұмыстарын баяндап, есеп берді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудан әкімі Бақтияр Бейсембайұлы 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын саралап, 2018-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын таныстырды. Жарыссөзге шыққан Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов аудан басшысының есепті баяндамасына қанағаттанарлық деп бағалап, тұрғындардың тілектерін жеткізді. – Биыл ауданда 15 елді мекеннің сметалық-жобалық құжатын жасатып, сол ауылдарға газ құбыры тартылатынын естіп, қуанып қалдық. Сол жобадан шалғайдағы біздің округ қалыс қалмаса екен. Іргемізден Қаратау газ магистралі өтіп жатыр. Мүмкін болса, соған қосудың жолдарын қарастырсаңыз. Екінші мәселе – ауызсу. Жанымыздағы кішігірім ауылдар Дарбаза мен Жылыбұлаққа «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауызсу құбыры тартылуда. Бірақ біздің округ орталығы қалып қойды. Осы мәселені ескерсеңіз. Тағы бір назар аударатын жайт, Қаратау бағытындағы жол бойын жиде басып кетті. Көліктер талай малды қағып кетіп жатыр. Сол араға жол белгісін орнатып, жол бойын жиде ағаштарынан тазартуға көмек берсеңіз, – дей келе, ардагер ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандырылса, Жылыбұлақ мектебінің жылыту жүйесі жаңартылса деген өтінішін айтты. Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарас Мұратай да өз ойын ортаға салды. Басқосу соңында ауыл тұрғындары қойған сұрақтарға аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов жауап берді.

 Т.Рысқұлов

Көптің көкейіндегісін Қырықбаевтың өзі айтты

Аудан әкімі Асқар Қырықбаев тұрғындармен есепті кездесуін Қорағаты аймағынан бастады. Жыл ішінде атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқталып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған он міндетті жүзеге асыру жолдарын баяндады. Баяндамашы жыл ішінде шағын бизнес нысандарынан 635 миллион теңге салық, жалпы аудандық бюджетке 9 миллиард 344 миллион 700 мың теңге түсім түскенін тілге тиек етті. Бұдан соң құрылыс, жұмыссыздық пен кедейшілік мәселелері, білім мен мәдениет, спорт салаларындағы ілгерілеушіліктер жайлы, сонымен қатар діни бірлестіктердің және құқық қорғау орындары қызметкерлерінің жұмысы сөз болды. Әкім өз сөзінде өміріміздің барлық аспектілерін қамтып, баяндамасының соңында өзіне қойылған сұрақтарға орнықты жауап берді. Бұл өңірдегі Тойқұдық, Мамыртөбе, Шілік елді мекендері, Қорағаты темір жол бекеті осы округтік әкімдікке қарайды. Әр ауылдың өз проблемалары бар. Көпшілік бас қосқан жиналыста ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысқожа Нәжетханов пен ауыл ақсақалы Жаңаберді Мектепбаев әкімдердің есепті мерзімде атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға берді. Ауыл тұрғыны Бақберген Әбдіқайымның сауалына жер ресурстары бөлімінің басшысы Біржан Башанов тиянақты жауап қайтарды. Бірақ неге екені белгісіз жұрт бұрынғыдай кемшіліктерді жаудырып айтқан жоқ. Көптің көкейіндегісін аудан әкімінің өзі қозғады. Ол ауылға газ кіргізу күн тәртібінде тұрған ең маңызды проблема екенін жасырмады. Қайта «көгілдір отынды» кіргізудің арзан және қымбат екі жолы бар екенін, сол үшін жекеменшік фирма өкілдерін де осы жиналысқа шақырғанын айтты. «Таразинжиниринг» компаниясының өкілі әр ауыл тұрғынына 650 мың теңгеге газ кіргізіп беретінін алға тартты. Ақыртөбедегі ГРС толық іске қосылысымен ауданның 16 ауылына газ кіргізу жоспарда бар екенін, оның жекеше фирмаға қарағанда арзан кіргізіп беретінін түсіндірді. Дәл осындай есеп беру жиыны Ақбұлақ ауылында да болып өтті.

 Меркі

Шатырын қайта жапқан мектепке жөндеу керек

Орталыққа тиіп тұрғандықтан шығар, Ақтоған ауылы жыл өткен сайын ажарланып келеді. Батысында көрші Т.Рысқұлов ауданымен шектесіп жатқан осы елді мекеннен Меркінің жері басталады. Ауылдық округ тұрғындары алдындағы есепті кездесуін аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков те осы ауылдан бастауы бекер емес. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, аймақ 2017 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтапты. Тек өнеркәсіп саласында өндірілген өнім азайып, 57,7 пайызды көрсеткені болмаса, басқа салаларда ілгерілеушілік байқалған. Мейірхан Өмірбеков өнім өндірудің төмендеуіне ақпан-маусым айының аралығында аудандағы қант зауытында жүргізілген жаңғырту жұмыстарының әсер еткенін айтады. Оған жалпы құны 1 миллиард 14 миллион теңге жұмсалыпты. Жабдықтары толық жаңғыртылған зауыт енді биыл 140 мың тонна өнім өндірмек. Ал былтыр Андас батыр ауылдық округінде балық зауытын іске қосқан жеке кәсіпкер Е.Ниязбеков те осы жылы 1 миллиард теңгенің өнімін өндіруді көздеп отыр. Сондай-ақ «СА-БА-ЛТД» мұнай өңдейтін шағын зауыт 40 мың тонна өнім алуды жоспарлапты. «Осы жобалар іске асса, өнеркәсіп өнімдері бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткіземіз», – дейді Мейірхан Азатұлы. Бұдан кейін аудан әкімінің есепті кездесулері Жамбыл ауылдық округінде жалғасты. Мұндағы ауыл тұрғындары өткен жылы атқарылған жұмыстар жайынан хабардар екен. Савва атындағы орта мектептің жаңа ғимаратқа көшірілгенінен де құлағдар. Ал биыл Аралқыстақтың оқушылары жаңа мектепке баратыны аудан әкімінің баяндамасында айтылды. Сондай-ақ жоспарға №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жаңа ғимарат салып беру, Андас батыр ауылынан Мәдениет үйін ашу енгізіліпті. Жиында ауыл тұрғындары Кәдірбай Мәндібаев Абаев көшесіне жөндеу жүргізуді, Орынбасар Кәтеков Жауғаш батыр көшесінің аяқ жағына трансформатор орнатуды, Сағымбай Билібаев Тұрлыбай батыр ауылына жаңа су құбырын тартуды сұраса, Зауыт Сансызбаев А.Қосанов атындағы орта мектепке спорт зал керек екенін айтып, мәселе көтерді. Т.Рысқұлов ауылдық округінде жалғасқан есепті кездесуде де түйткілді мәселелер қозғаушылар көп болды. Ауыл тұрғыны Айтбай Иманбеков мектепке баратын көшені жарықтандыруды, білім ошағының спорт залы мен асханасының жабық тұрғанын айтты. Біраз бұрын білім мекемесінің жел ұшырған шатырын ауыл боп қайтадан жауып алған екен. Дегенмен сыртқы сылағының бәрі түскен мектептің келбеті жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етіп тұрған көрінеді.

Талас

Газдандыру жұмысы қарқынды, бірақ...

Белгіленген кестеге сай аудан әкімі Досмаханбет Әлиевтің тұрғындар алдындағы есепті кездесуі Берікқара, Қасқабұлақ, Қаратау, Үшарал ауылдық округтерінде өтті. Аудан әкімі өз баяндамасында 2017 жылы индустрия саласы біршама ілгерілегенін, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артқанын, құрылыс саласының дами түскендігін нақты сандармен дәйектеп, негізгі көрсеткіштер бойынша болжамды жоспарлар толығымен орындалғанын сөз етті. Мәселен, былтыр өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 33,6 миллиард теңгеге орындалған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12 218,8 миллион теңгені құрап, елді мекендердегі әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан. Соның бір көрінісі – Қаратау қаласына және тоғыз ауылдық елді мекенге газ құбырының тартылуы. Осы жұмыстардың нәтижесінде осы ауылдардағы төрт әкімдік ғимараты мен үш Мәдениет үйі толық газдандырылыпты. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жиырма үш елді мекеннің он екі елді мекеніне ауызсу жүйесі тартылған. Есеп беру жиынында Қаратау ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Түзелбек Рахышұлы аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деп баға беріп, ауылға келетін жолды асфальттау мәселесінің жыл сайын кешеуілдеп қала беретінін сөз етті. Округке қарасты Қараой ауылының тұрғыны Қуат Жолмағанбетұлы өзен үстінен жаяу жүргіншілерге көпір салынса, ұялы телефон байланысы орнатылса деген тілегін жеткізді. Осындай жиын Қасқабұлақ ауылдық округінде де өтті. Мұнда көпшілік жол мәселесін көтерсе, Берікқара ауылдық округінде өткен жиында елді мекеннің іргесінен табиғи газ құбырының өтетініне қарамастан, елді мекен тұрғындарының қыста қатты отын жағып отырғаны айтылды. Есеп беру кездесулері Үшарал, Ақкөл, Ойық тағы басқа ауылдарда жалғасын тапты.

Дүйсенбек Орманов, Марат Құлыбаев, Сейсен Қожеке, Әтіркүл Исаева, Сәулембай Әбсадықұлы

Ұқсас жаңалықтар