Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Арман Қарсыбаевтың ұйытқы болуымен БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан журналистер мен блогерлер арасында турнир өтті. Аталмыш додаға облыс атынан «Тараз» тілшілер құрамасы аттанып, жеңіспен оралды. Топтық кезеңде қарсыластарын оңай ұтып желпінген жамбылдық журналистерді бұл күні ешкім де тоқтата алмады. Құрамында Нұржан Туғанбай, Нұрболат Сатымқұл сынды мықтылар топтасқан әріптестеріміз әр ойын сайын қарқынын үдете түсті. – Жалпы алғанда бұл дода оңай болған жоқ. Барлық қатысушы командалар тегеурінді қарсылық танытты. Дегенмен үлкен дайындықтың арқасында жеңісті жорықты жалғастырдық. Ақтық сында ойынымыз жүріп сала берді. Әйтпесе «Оңтүстік» жігіттерімен топтық кезеңде кездесіп, 3:2 есебімен әрең жеңген едік. Ал финалда аталмыш құраманы 6:1 есебімен еркін ұттық, – дейді әріптестерін бастап барған спорт журналисі, ТИГУ-дің медиаорталығының жетекшісі Нұржан Туғанбай. Осынау аламанда топ жарған әріптестеріміз 150 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ ақтық сында бес голдың авторы атанған Нұрмұхамед Мәулен үздік шабуылшыға берілетін сыйлықты қанжығасына байлады. Шардарадан олжалы оралған әріптестерімізді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қабылдап, құрмет көрсетті.
Әзиза Әзімбекқызы, студент
Тараз – Шардара – Тараз
Ұқсас жаңалықтар
Скандинавия жүрісі – салауатты өмірдің өзегі
- 11 наурыз, 2026
Ербол Хамитов – қысқы Паралимпиаданың қола жүлдегері
- 11 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




