Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім» деп атап көрсеткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі таңда атқарып жатқан қызметі қоғам өмірінің барлық саласын қамтуда.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі этнос топтарының мәдениетін дамыту мен өркендетуге, жергілікті этномәдени орталықтар мен ассоциациялардың белсенді қызмет жасауына зор ықпалын тигізуде. Облыста сан түрлі этнос өкілдері туған жерімізге табан тіреп, тамыр жайып, ұрпақ өсіріп отыр. Олар ғасырға жуық уақыт өлкеміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының дамуына, гүлденіп, өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Облыс халқы этностық түрлілігімен анықталады, аймақта 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған. Бүгінгі таңда өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астына 26 этномәдени бірлестік біріккен. Этномәдени бірлестіктер ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтау және насихаттаумен шектелмей, қоғамдық-саяси маңызы бар жұмыстарда да қозғаушы күшке айналды. Аналар кеңесі, медиаторлар, қоғамдық келісім кеңестері, меценаттар, «Ақ желкен» жастар лигасы қоғамымызда пайдалы істердің басынан табылып жүр. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Достық үйлерін» дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығында «Достық үйі» пайдалануға берілді. Сәулетіне дәулеті сай ғимаратты салуға мемлекет қазынасынан 1 миллиард 277 миллион теңге жұмсалды. Жаңа ғимараттың салынуымен Ассамблея қызметін ұйытып отырған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай жабдықталды. 240 орындық мәжіліс залы, дөңгелек үстел алаңы, 100 адамға арналған конференц-зал, ғылыми-әдістемелік бөлмелер, хореографиялық зал, этномәдени бірлестіктердің, медиаторлар кабинеттері Ассамблея құрылымдарының ортақ шаңырақ астында жұмыс жасауына жағдай туғызды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев былтыр күзде облысқа жұмыс сапары барысында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығындағы «Достық үйінің» жаңа ғимаратын аралап көріп, облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы айтқандай, «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік. Еліңді, жеріңді қорғау үшін бірлік қаншалықты қажет болса, тәуелсіздік жемістерін, бүгінгі қол жеткен табыстарымызды сақтап қалу үшін де ол сондай қажет». Халқымыздың терең тарихы мен тағдыры бірлік пен тұтастық идеясымен байланысты. Ғасырлардың талай асуынан өтіп, бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасып, әлем төрінде егеменді елдің тігілген туы – халқымыздың бірлік туы. Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайтуға және дамытуға ҚХА қызметін қамтамасыз ету үшін облыс әкімі аппаратының жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 175 қоғамдық келісім кеңестері, 27 аналар кеңесі, 13 медиация кабинеті, 12 ақсақалдар кеңесі, ҚХА кафедрасы, ғылыми-сараптамалық топ, қолөнер шеберлері мен журналистердің клубы, «Ақ желкен» жастар лигасы және кәсіпкерлер қауымдастығы қомақты үлес қосып отыр. Бірлік пен келісімнің «Бірлік – түрлілігімізде», «Бір ел – бір тағдыр» сияқты тұғырлы қағидаттары қалыптасты. Облыста тұратын барлық этнос өкілдерінің өз ана тілінде еркін сөйлеуге, оқуына және тілдерін дамытуына қолайлы жағдай жасалған. Түрік, дүнген, қытай, өзбек, қырғыз, күрді этномәдени бірлестіктерінде ана тілі мен мемлекеттік тілді оқыту жұмысының жүргізілуі этностардың үштен бір бөлігін құрап, 2017 жылы облыстық тілдерді оқыту орталығы аталған оқыту қызметіне 24 миллион 718 мың теңге қаржы бөлді. Бұл құрылымдық ұйымдар Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне сәйкес өз бағыттарына қарай жемісті жұмыс жүргізуде. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен қоғамдық тұрақтылықты, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты ілгерілетуге арналған және этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту мақсатында ауқымды істер атқарылып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы 26 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында қайырымдылықты дамыту, дау-жанжалдардың профилактикасы мен оларды шешу бойынша медиаторлар желісін дамытуды жалғастыру, қоғамдық келісім кеңестерінің діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жасауы бойынша 2017-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын дайындау туралы тапсырма берген болатын. Қазақстан тарихында алғаш рет «Қайырымдылық туралы» Заң қабылданды. Ассамблея елімізде қайырымдылықты дамытуға жәрдем беру, қайырымдылық саласында үйлестіру және өзге де қолдау көрсету заңнамалық өкілеттіктеріне ие болды. Осыған орай Байзақ, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу және Жамбыл аудандарында «Қайырымдылық керуені» ұйымдастырылып, іс-шара барысында этномәдени бірлестік жетекшілері медиаторлармен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, қайырымдылық, танымдық-көпшілік іс-шаралар өткізді. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен алғаш рет «qai’yrymdy jan-2017» атты қайырымдылық балы ұйымдастырылды. Ассамблеяның жаңа бағыттарының бірі – бітімгершілік жүйесін дамыту. Облыстық медиация қызметі барысында медиация кабинетінің көмегіне 616 азамат жүгініп, 586 дау-жанжалды мәселелер оңтайлы шешімін тапты. Қоғамдық келісім құндылықтарын ілгерілету мақсатында «Ырыс алды – ынтымақ» тақырыбында қоғамдық пікір көшбасшылары жергілікті халықпен 67 кездесу мен балалар сауықтыру лагерьлерінде жастарға арналған толеранттылық дәрістері оқылды. ҚХА-ның Қоғамдық кеңестерінің рөлін нығайту, азаматтық қоғам институттарының қатысуымен Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері 63 шешім әзірлеп, 64 іс-шара ұйымдастырды. Қорыта айтқанда, келісім мен бірлікті ту етіп ұстаған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып отырған жұмыс аз емес. Алдағы уақытта да Елбасы Жолдауындағы «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» деген міндетін жүзеге асыруда, ел дамуына, мемлекетіміздің жаңа биіктерді бағындыруына өңірлік Ассамблея құрылымдары өз үлесін қоса береді демекпін.
Маржан ҚОЖАЕВА, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді