Мұғалімдердің біліктілігін арттыратын деңгейлік оқу курстарының енгізілгеніне де 4-5 жылдың жүзі болды. Біліктілікті жетілдірудің үш сатылы жүйесі өз жемісін берді ме? Білім сапасын арттыруға қаншалықты септігі тиді? Егер шындығында білім беру ісіне тың серпін берсе, Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының жетінші бағытында неге педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарастыруды тапсырды?
Деңгейлік оқыту курстарынан күтілген нәтиженің өзі – білім беру үдерісіне жаңа леп әкелу емес пе?! Біліктілігін арттырған маманның білімі мен табысы да көбейеді. Ал табысы көбейген, ішкі жан дүниесі білімнің жарық сәулесімен нұрланған адамның өз отбасы мен шәкірттерінің алдында, жалпы айтқанда қоғамдағы беделі көтерілетіні белгілі ғой. Бірақ бұл жүйе көпшілік күткендей нәтиже бере қоймады. Рас, оқытуда біршама ілгерілеушіліктер болғанын жоққа шығармаймыз. Дегенмен 2-3 ай үйден безіп, оқыған оқуы алдымен отбасына ауыртпалығын түсірсе, курстан өтіп келгеннен кейін талап етілетін қағаздарды толтырамын деп оқушыларынан да алшақтап қалады. Ал шәкірттер бұрынғы жаңа тақырыпты жанын салып түсіндіріп, әрбір күрделі тапсырманы орындаудың жолын көрсетіп жіберетін мықты мұғалімдерін көз алдында «жоғалтып» алды. Бір танысымның әңгімесі: «Біздің мектептің физика пәнінің мұғалімі аса білімді маман. Маған да сабақ берген, қазір баламның ұстазы. Оның тәжірибесі көп екенін, соның арқасында біздің сыныптың нашар оқитын оқушыларының өзі физиканы жақсы меңгергенін айтып, мақтап, мақтанамын ғой ұлыма. Сөйтсем ол: «Әке, ағай бұрын сабақты жақсы өтетін, бірақ үш ай оқуға барып-келгелі қағаз толтырудан қолы босамайтын болды», – деп қарап тұр. Қазіргі талап бойынша мұғалімдер оқушыға сабақ түсіндірмеуі керек, өздері ізденіп оқуы керек, солай оқытқан нәтижелі болады дейді. Бірақ, интернетті сан қопарып ізденгенімен, балам физикадан есепті мен сияқты шығара алмайды». Оның айтып отырғаны – біліктілікті арттырудың 3 деңгейлі курсы. Ұстазы соның ең жоғары деңгейін оқып, меңгеріп келген. Сонысына қарай, жалақысы да көтерілуі, сабақ өту әдісі де жетілуі тиіс еді. Негізі 3 сатылы жүйеде жетілген курсты оқыған «көшбасшылар» мектепті басқару ісіне араласып, оқытудың жылдық жоспарына өзгеріс енгізе алса, негізгі деңгейдегі курстан өткендер коучунг сабақтар өткізіп, тәлімгерлік жасайды. Базалық сатыны меңгергендер жұмысты негізінен оқушылармен жүргізеді. Курста оқып келген әрбір педагог меңгергендерін кемінде екі мұғалімге үйретуі керек. Осы екеуі тағы екі педагогпен бөлісе алады. Осылай жалғаса береді. Бір сөзбен айтқанда, желілік маркетингтік жүйе секілді. Бір түсінгеніміз, оқытудың кембридждік үлгісі барлық мұғалімге ортақ екен. Тек сертификат алмайды демесеңіз, қасындағы әріптесінен үйреніп, өз сабағында жұптық, диалогтік, топтастыру жұмыстарының әдіс-тәсілдерін енгізе алады. Соның бірі – сабақты зерттеу әдісі (Lesson Study). Бұл – мұғалімдердің кәсіби біліктілігін тұрақты түрде дамытудың тиімді амалы. Жапондардан енген «Lesson Study» әдісінің түпкі идеясы –сыныпта үлгерімі нашар оқушы болмауы тиіс. Оның тәсілін басқа мұғалімдер бірлесе іздеуі керек. Сондай-ақ сыныптың озаттарын жолдасына көмектесуге итермелей отырып, баланың белсенділігін арттыру арқылы, білім сапасын көтеру керек. Былай қарасаңыз, тың әдіс. Бірақ кеңестік оқыту жүйесінде де осындай идеология болған. «Менің атым Қожа» фильмін еске түсіріңізші, мектеп жиналысында Жанар: «Сендер күлесіңдер, ал ол әні, жылап тұр!» – десе, Рахманов ағай: «Ал Қожаны мектептен қуып жіберейік, сонда басқа мектептегілер бір нашар оқушыны жолдастары тәрбиелей алмағаны ма демей ме?» – деген сөзі – оқытудың бұл әдісі бізге таңсық емес екенін көрсетеді. Тіпті осы тәсіл Абай айтқан мына сөзді еске түсіреді: «Егер бір адам жаман болса, оған замандасының бәрі кінәлі». Т.Рысқұлов ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шәкизат Байданқызы қазір педагогтердің басты бағыт ретінде ұстанатын американдық педагог-ғалым Л. Шульманның «Мұғалімге керегі – бас, жүрек, қол» деген сөзін Абай хакім: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», – деп бұрынырақ айтып кеткен дейді. Маманның ойынша, Харристің тәрбие болжамдары да Мағжан Жұмабаевтың бала тәрбиесіне қатысты айтқан ойларымен астасады екен. «Бір кездегі қазақ ойшылдары айтып кеткен даналық сөздің мәйегі салаға қатысты термин сөздермен қабыса байланысып, ғылыми мән беріліп, өзімізге қайта айналып, жаңалық болып енуде», – дейді ол. Мұғалім пікірінің жаны бар. Абай, Ахмет, Мағжан өз еңбектерінде тәрбиенің өзегіне айналар көп өсиет айтқан. Бірақ біз сол даналардың ұлағатты сөздеріне ғылыми негіз беріп, сала ісіне қолданысқа енгізуге асықпаймыз. Міне, мәселе қайда?!
Ардақ Үсейінова
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді