«Тылда тер төккен ұрпақпыз...»

«Тылда тер төккен  ұрпақпыз...»
ашық дереккөз
«Тылда тер төккен ұрпақпыз...»

Қаршадайынан жұмысқа жегілген Сатыбалды қария осылай дейді

Сексен төрт жастағы қарияны үйіне арнайы іздеп барғанбыз. Жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнеріне қарап, тың десек те жарасар. Дегенмен, көз жанары алыстағыны анық көрмейтін көрінеді. Көзілдірік болмаса газет-журналды оқудан да қалып барады екен. Әйтсе де, өз кіндігінен тараған, яғни, Бүбәйра апа екеуі тәрбиелеп, өсірген 6 қыз, 4 ұлының және немере, шөберелерінің әкеліп берген көзілдірігіне сан жетпейді.

Сатыбалды қария әңгімесін арыдан бастады. – Қазіргі жастар «біз не көрмедік, соғыс киноны да көрдік» дейді. Әрине, әзіл ғой. Сол айтқандай, мен де талай құқайды бастан өткердім. Ашаршылықтың ащы дәмін де таттым. Сұм соғыстың зардабын да көрдім. Бірақ, бәріне көнеді екенсің. Тағдыр солай болса, не шара?! Соғыс басталғанда он жасар бала едім. Ауылдың жарамды жігіттері әскер қатарына кетіп, солардың бірінен «қара қағаз» келіп, бүкіл ауылдың кемпір-шалдары азан-қазан болып жатқаны әлі есімде. Бала болсақ та жұмысқа жегілдік. Сол тұста қазіргі Құмтүйін елді мекенінде аудан бойынша жалғыз орта мектеп саналатын Молотов атындағы орта мектепте білім алдым. Қапаш Тасболатов, Ілияс Әйнеков және елімізге белгілі ғалым Мұхаметжан Қаратаев сабақ берді. Балалық балдәурен шақтың бал дәмін тата алмадым. Үш жасымда әкеден айырылдым. Анам Әсілкүлдің мейірім-шапағаты арқасында оқыдым, жетілдім. Ел қатарына қосылдым. Өзім құралпы балалармен бірге түске дейін сабақта болсақ, түстен кейін колхоздың жұмысына араластық. Бидайды Әулиеатадағы диірменге есекпен апаратынбыз. Сонда 20-30 есекке бір-бір қап бидайды салып жеткізуші едік. Бізге жол көрсетуші әрі жүгімізді артып, түсіруші Мәмбетбай деген ақсақал болатын. Өзі сол кезде 70-80 жасты алқымдаса да сондай күшті болатын. Ауыл қырманында есепші-таразышы болып істейтін Әуелхан Өмірбеков деген ағаны соғысқа алып кеткен соң, мені сол кісінің орнына қойды. Қант қызылшасын қызылша пунктіне есек, өгіз арбамен тасыдық. Сондай науқан кезінде ұл ма, қыз ба, қарамайтын. Аяқ-қолың бүтін бе, болды. Жұмыс істеуің керек. Үшінші сыныпқа дейін сабақ берген ұстазым Ілияс Әйнековтің жаңа үйленген келіншегі Бекзада да есекке мініп, қызылша тасығаны әлі күнге көз алдымда. Тағы бір есімдегі көрініс, 1944 жылы 10 маусымда қарындасым Балтакүл өмірге келді. Сол мезгілде шабындыққа шалғы түсіп жататын науқанның қызған шағы болатын. Ұйқы жоқ. «Бәрі де Отан үшін» деген ұранмен жұмыс атқаратынбыз. Бес күнде бір рет 2 келіден «ржанной» бидай беретін. Оны байғұс анам қолдиірменге тартып, нан пісіретін. Сонда бір тойынып қалатынбыз. Сол шақта анам майға шылап беретін талқанның дәмі әлі күнге аузымнан кетпейді. Осылайша күндер өте берді. Соғыс та аяқталды. Мен мектеп бітірдім. Анамның ақылы бойынша жоғары оқу орнын жағаладым. Алдымен Шымкент қаласындағы педучилищені, сонан соң Алматы қаласындағы Абай атындағы пединституттың қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі деген диплом алып, бар өмірім мектепте өтті. Еңбек жолымды Ерназар бастауыш мектебінен бастадым. Бес жыл Талас ауданы мектептерінде еңбек еттім. Жасөркен орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Пионер орта мектебі мен Еңбек мектебінің және Аса кешкі мектебінің директоры болдым. Аудандық білім бөлімінде жауапты қызмет атқардым. Соңғы зейнетке шыққанға дейінгі жылдарым Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектепте өтті. Өз мамандығым бойынша оқушыларға дәріс бердім. Әрине, ұзақ жылғы еңбегім бағаланбай қалған жоқ. «Қазақстан Республикасы халық-ағарту ісінің үздігі» деген атаққа ие болдым. Айтпақшы, омырауымдағы медальдардың маған ең қымбаттысы – мектепте 9-сынып оқып жүрген кезімде, яғни, 1948 жылы Үкімет Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Құдайға шүкір, ел-жұртымыз аман, еш қиыншылық көріп отырған жоқпыз. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Алла қуаныштан айырмасын, – деп сөзін тәмамдады қария. Өмірдің қиындығына мойымай, халқы үшін заман ағымының ауыр жүгін арқалай білген осындай аталарымыз аман болсын дейміз.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар