Капитан Мәдімаров

Капитан Мәдімаров
ашық дереккөз
Капитан Мәдімаров

Отставкадағы полиция капитаны Алақшын Мәдімаров жүзін әжім шалғаны болмаса, әлі де бойын тік ұстап жүреді екен. Полиция ардагерлері алқасының төрағасы Сембек Қиялбеков: – Біздегі 72 зейнеткердің жасы үлкені осы Алақшын аға мен Жақсылық ауылында тұратын Әдепбай ақсақал. Екеуінің де жасы сексеннен асты, – деген еді ағынан жарылып.

Капитан Мәдімаровтың әңгімесі бізді бірден баурап алды. – Жасым жетіге келгенде соғыс басталды. Әкем Мәдімар Меркінің әскери комиссариатынан Ұлы Отан соғысына аттанды. Содан із-түзсіз кетті. Ильяс ағамнан «Москва түбінде соғысқа кірдік» деген хат келді де, ол да хабарсыз кетті. Шешем байғұс ағам Рақымбай екеумізді жалғыз өзі бағып-қақты. Жасым онға толар-толмас шағымда егінді қолмен орып, қолмен бастырып, өгіз арба айдап, сонымен Ақыртөбедегі «заготзерноға» астық тасыдық. Үлкендермен бірдей қабырғамыз қайыса ауыр бейнетті кезінде бірге көтердік. Шешем Ибакүл мені Ақыртөбедегі мектепке оқуға берді. 1952 жылы мектепті бітіріп, әскерге кеттім. Баку мен Бресті көрдім. 1957 жылы әскерден келген соң, бірден аудандық милицияға жұмысқа кірдім, – деп бастады ардагер әңгімесін. 1959-1961 жылдары арнайы милиция мектебінде оқып келген соң Алақшын Мәдімаров төрт жыл қатарымен Жамбылдағы басқармада жұмыс істеді. Кейін Луговой Меркі ауданынан бөлініп, өз алдына бөлек аудан болған кезде Мақпал, Ақыртөбе, Қарақыстақ, Шөңгер, Юбилейное, Малдыбай ауылдарында учаскелік инспектор болды. 1972 жылы осы Луговой кентіне келіп, 1975 жылы төлқұжат бөлімінде істеп, 1983 жылы зейнетке шықты. Алақшын ардагерден сол кездегі полиция қызметкерлері жайлы айтып беруін өтіндік. – Ол кезде қазіргідей көліктің де ыңғайы жоқ. Кейде он-отыз шақырым жерге дейін қылмыскерді іздеп, жаяу барамыз. Көбіне ат мінеміз, ол кезде ұры көрші қырғыз елінен келуші еді. Тау асып, айыр қалпақты ағайындарға барып, қона жатып, жоқ іздейтінбіз. Әйтеуір, тауып келуші едік. Әлі есімде, өзім қатарлы Абатан Садуақасов деген учаскелік инспектор болды. Нағыз қайтпас, қайсар жігіт еді. Менің жолымды Ербол деген балам ғана қуды. Шүкір, жолдасым Қалдыкүл екеуміздің бес ұл, төрт қызымыздан отызға жуық немере-шөберем бар. Қарт полицей омырауына төсбелгілерін тағып, шөберелерін жанына алып отырғанда (суретте) ол кісі ерекше бір арқаланып, келбеттеніп кеткендей болып көрінді бізге.

Сейсен Қожеке,  «Ақ жол».

Тұрар Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар