«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жарақат жанға батады, жағдайды ауырлатады

Жарақат жанға батады, жағдайды ауырлатады
ашық дереккөз
Жарақат жанға батады, жағдайды ауырлатады

травматолог-врачиҚар жауғалы жедел жәрдем стансасының диспетчерлеріне түсіп жатқан хабарламаларда есеп жоқ. Негізі 103-ке қоңыраулатып жатқандардың әрқайсысы әртүрлі аурудың сипатын айтуда. Әйтсе де, шақырту алған жедел жәрдем көліктерінің ішінде жүйткіп келіп, Тараз қалалық №1 ауру­ханасындағы травмпункттің алдына тоқтап жатқаны көп-ақ.

Жазым болып, жарақат алғандардың көбісі – аяғы тайып, тобығын шығарып, жамбасын сындырып алғандар. Біреуі – шатырға шыққанда, екіншісі – дәлізде, тағы бірі – жаттығу кезінде құлап, жарақат алған. Басым бөлігі бұл жағдайға көшеде келе жатқанда душар болыпты. Медициналық көмекке мұқтаждардың бәріне жарақатының түріне қарай жәрдем көрсетілуде.

– Травматология бөлімінің, әсіресе жарақат пунктінің жұмысы қай кезде де бәсеңдеген емес. Әр кезеңнің өзіне тән жарақаты болады. Жаздың күні құрылыс жұмыстары қызатын кез емес пе, сынықтың ауыр түрімен түсетіндер көп, қыста – тобығы шығып, қол-аяқ жіліншіктері сынып, жамбасы тайып кеткендерді әкеледі. Жарақатының түріне қарай, амбулаторлық немесе стационарлық көмек көрсетіледі. Қазіргі кезде шақыртулардың көбеюіне қардың қалың жауғаны да себеп болып, 12-15 қаңтар аралығында ауруханаға 290 адам түсті. 14 қаңтарда бір күнде 103 науқасты әкелді, – дейді қалалық №1 ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Ерлан Түлеев. Дәрігерлер қар ери бастағанда жарақат алушылардың саны арта түсуі мүмкін деген қауіп барын жасырмайды. Себебі, күндіз еріген қар, кешке аяз қысқанда көк мұз болып қатады. Тайып құлайтындардың көбейетіні де осы кез дейді. Мәселен, Тараз қаласында көше жарақатын алған 119 адамның басым көпшілігі қалың қардың астындағы мұзды байқамай, абайсызда құлап қалғанын айтқан. Тұрмыстық жарақат алғандардың ішінде де қар кешіп келіп, дәлізде аяғы тайып кеткендер де жоқ емес. Қалай десек те, бұған қазіргі ауа райы жағдайы себеп болып отыр.

– Қазір бөлімде күніне 5-6 ота жасалуда. Бөлім 40 төсектік болса, қазір онда 48 адам ем алуда. Бұрын түскендері де бар, бірақ соңғы күндері науқастар саны көбейіп кетті. Жас адамның жамбасы шығып, жіліншігі сынса, жарақаты жылдам жазылуы мүмкін. Дегенмен, апта ішінде аттай шауып шыға келеді деп айта алмаймыз. Сынықтың салдарын айлап тартуы мүмкін. Ал қарттарға тіпті қиын болады. Мұндай жағдайға «жазым ғой» деп жеңіл қарайтындар көп. Алайда «сақтансаң – сақтайды» деген сөзді де ұмытпайық. Жарақат одан кейінгі күнделікті өмірде тұрмыстық ахуалды ауырлататынын естен шығармау керек. Жолаушылардың ақ қар, көк мұзда жолға шықпағаны дұрыс. Қарияларға далаға шыққанда абайлап жүруге кеңес беремін, – деді Ерлан Тұрсынәліұлы.

Статистикаға жүгінсек, 4 күннің ішінде жарақат пунктіне қайырылған 290 адамның 102-сі әртүрлі сынықтармен түскен екен. Қалған 65-і тұрмыстық, 16-сы қасақана жасалған жағдайда жарақат алған болса, 119-ы көшеде келе жатып құлап қалған. Қардың қалың жауғаны көлік қозғалысына кедергі келтіргенімен, оның да бір пайдасы бар дейді мамандар. Қары аршылмаған жолда жүргізушілер жылдамдықты асырмай, аса сақтық танытатын көрінеді. Соның әсері болар, осы күндерде көлік соқтығысынан немесе машина қағып, жарақат алғандар саны аз, 4 тәулікте 4 науқас қана дәрігерлерлік көмекке жүгініпті. Расында, жер қара кезде жолда жүйткіп жүретіндер көп. Мойынқұм ауданындағы меншікті тілшіміз Уалихан Жайлау аудандық ауруханаға хабарласып, қар жауғалы жол апаты салдарынан зардап шегіп, қайырылғандар санын сұраған еді. 2017 жылдың желтоқсанында ауданда осындай 4 жағдай тіркеліп, 6 адам ауруханаға түскен екен. Ал қарлы қаңтарда бір оқиға орын алып, бір науқас дәрігерлік көмекке жүгініпті. Дегенмен, қаңтар айында Шу қалалық ауруханасының ауданаралық травматология бөлімінде түрлі жарақатпен түскендер көбейген. Аудандағы меншікті тілшіміз Ерғали Қартайған бөлімге барып, ондағы ахуалды хабарлады. Өткен жылдың желтоқсан айында онда 93 адам ем алса, биыл қаңтардың ортасына дейін 43 науқас қайырылыпты. Бұл ауданаралық бөлім болғандықтан, мұнда Қордай, Мойынқұм аудандарынан келген сырқаттар да ем алып жатыр. Қыстың күні байқамай қалып, жарақаттанып жататындардың көпшілігі – балалар. Олар әсіресе, аязды күндері мұздай темірді жалаң қолымен ұстап, тілін тигізіп, бетін тақап көремін деп жарақат алады. Сырғанап ойнаймын деп те, келеңсіз жағдайға душар болатындар да бар. Сөйтіп, төсекке таңылып, гипстің «тұтқынына» айналып, мүшкіл халге түседі. Жалпы, соңғы жылдарда балалар жарақаты да көбейіп, алаңдатарлық ахуал туғызуда. Көп жағдайда оған кішкентайларын қараусыз қалдырған ата-аналардың өзі себепкер болып жатады. Мәселен, былтыр осы бөлімшеде 1000-ға жуық жасөспірім емделді. Оның 704-і ұл, 252-сі қыз бала. Алған жарақаттарының түрлеріне қарай сипаттасақ, көбісі тұрмыстық жарақат алғандар. Нақтырақ айтсақ, 633-і тұрмыстық жарақатпен түскендер, 330-ы көшеде, 14-і мектепте жүріп, 30-ы спортпен шұғылданып жатып, 20-сы жол-көлік оқиғалары кезінде жарақаттанғандар. Биыл да жыл басынан бері көптеген балалар түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.

Ардақ Үсейінова

Ұқсас жаңалықтар