«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Некеге немқұрайлы қарама!

Некеге немқұрайлы қарама!
ашық дереккөз
Некеге немқұрайлы қарама!
Бүгінгідей жаһандану дәуірінде қоғамдағы жастардың әдепсіз әдеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеп, әзәзіл әуендерге елітіп, ақырында болашағынан үміт күттірген өскелең ұрпақтың ғасырлардан қалыптасқан ұлттық рухани құндылықтарға қарсы тұратын «күшке» айналуының себебі рухани тәрбиенің жоғалып бара жатқандығынан. Ал адам жеңіл ойлаған сайын салмақсыздыққа ырық беретіні әлімсақтан аян. Оның бәрі түбінде бүлікке ұрынған экстремистердің сөзін тыңдауға әкеліп соғуы да ықтимал.

Үйлену, отбасын құру әрбір адамның басты міндеті екені бесенеден белгілі. Әрі-беріден кейін бұл – баршамыз үшін үлкен парыз. Оны әрбір адам жан жүрегімен сезініп, уақытында отбасын құрып, үлгілі ата-ана болуға талпынса, нұр үстіне нұр. Ұрпақ көбейген сайын дүниеден өткендердің орны толып, ел көркейеді. «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамдар! Сендерді (бір еркек, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Біріңді-бірің танып біліп алуларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктедік. Алланың алдында ең ардақты болғандарың – (бұл жалғанда) тақуа болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар», – делінген болатын. «Тал жапырағымен көрікті, тамырымен нәр алады» деген қағидамен алдыңғы буын кейінгі ұрпаққа өзінің еңбегімен, үлгі-өнегесімен, болашаққа сеніммен, үмітпен қарайтын имандылық нәрін бере білу керек. Бұл да исі мұсылман жұртының негізгі міндеттерінің бірі десек, артық айтқандық емес. Алла тағала әлемді жаратып, адамды жер бетіне иелік етсін деп, оның бақытты өмір сүруіне барлық мүмкіншілікті жасап берді. Адамзат атаулыны жауапкершілік жүгін сезінуге, бір-біріне мейірімді, қайырымды болуға жаратты. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. «Рум» сүресі 20, 21, 22-аяттарында: «Сендерді топырақтан жаратқандығы, одан кейін адам болып (жер бетінде) таралуларыңның өзі де Оның (құдіреттің) белгілерінің бірі. Бой ұрып тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірім орнатқандығы да оның белгілерінің бірі. Ой жүгірте білетін қауым үшін мұнда көптеген ғибраттар бар екені шүбәсіз. Көк пен жердің жаратылуы, тілдерің мен өздеріңнің алуан түрлі болуы да Оның белгілері. Осының өзінде де білімділер үшін көп ғибрат бар екені даусыз», – делінеді. Жер бетіндегі ұрпақтың таралуына ер мен әйелдің бір-біріне деген махаббаты жеткіліксіз. Ата-ананың балаларына деген мейірімі мен олардың алдындағы міндеттерін адал атқаруы аса қажет-ақ. Ата-ананың балаларының алдындағы міндеттерінің бірі – ұл-қыздарын үйлендіріп, құтты орнына қондыру. Ұлы үйленіп, қызы тұрмысқа шығатын жасқа жеткен әке-шешені «кіммен құда болам, қандай келін келеді?» деген сауалдар әбден толғандырады. Ислам діні өмірдегі барлық жолдың шешімін тауып қойған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір өсиетінде: «Адамдар төрт нәрсеге қарап үйленеді: біріншісі – сұлулығына қараса, екіншісі – байлығына қызығып үйленетіндері болады. Үшіншісі – тектілігіне қарайды және төртіншісі – имандылығына қызығатындары болады. Сендер төртіншісіне қараңдар. Оны өте аз адам таңдайды», – деген. Сұлулық кімді болса да тәкаппар қылады. Бір күні сұлулық оларды тастап кетеді. Байлық сендерді оларға бағынышты қылады. Тектілік адамды мақтаншақ етеді. Әркім өз тегін айтып мақтанып жүргендер қаншама?! Ал имандылық екі дүниенің бақытына жол ашады. Неке – бұл дүниеде басталып, ақыретте де жалғасатын құлшылық. Ибн Абидин «Раддул Мұхтар» деген кітабында: «Адам атадан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған, кейін жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – деген жолдар бар. Неке бір жақты қаралмайды. Ер мен әйел бірін-бірі толықтырады. Әйелде жоқ қасиет ерінде болады. Ерінде жоқ қасиет әйелдің бойынан табылады. Ата дініміз исламда неке – қасиетті дүние. Адамзаттың таралуы мен сапалы ұрпақтың дамуында ерекше орын алады. Алла тағаланың алдындағы некенің қасиеттері жалпы төмендегідей: I. Адамның талабын орындап, күнәға жол бермейді. II. Ұрпақтың жалғасы. III. Бала-шаға тәрбиесінде, асырауда жауапкершілік тудырады. IV. Туыстық қарым-қатынасты күшейтеді. V. Әркім өз міндетін білетін болады. Ата-ана балаларының жар таңдау мәселесіне көмектесуі керек. Бүгінгі жастардың өмірдегі бір қателігі – болашақ жарының иманы мен мінезіне қарамайды, сырт бейнесіне зейін қойып жатады. Баласы мен келіні жанжалдасып қалса, «өзіңнің тапқаның» деп, өз басын алып қашып жүрген ата-аналар да баршылық. Бұл – әрине өте өкінішті жағдай. Дос таңдау кезінде немесе базардан бір зат сатып алу мәселесінде ұдайы араласып жүрген ата-ана, өкінішке қарай, жар таңдау мәселесіне келгенде жауапкершілікті балаларының өздеріне тапсырып қояды. Неке деген – адам баласы үшін өмірдің саудасы. Базар саудасында ұнамаған затыңды өткізесің, айырбастайсың, біреуге сыйлыққа беріп жібересің. Бірақ өмірдің саудасы болған некеде қателессең, орны толмас тауқыметке бой алдырасың. Оны ешкімге бере алмайсың, өткізе алмайсың, сатып жібере алмайсың. Әбу Бәкірдың қызы Асма: «Неке – құлдықтың бір түрі. Әркім өзінің кімге құл болайын дегенін қарасын», – деген. Қазақтың «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деген мақалы бекер айтылмаған. Кемеңгер ақын Абай: Жасаулы деп, малды деп, байдан алма, Кедей қызы арзан деп, құмарланба. Ары бар, ақылы, ұяты бар, Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп имандылықты бірінші орынға қойған. Өкінішке қарай, кейбір жастар сыртта жүріп танысқан адамымен азаматтық неке деген желеумен ата-анаға білдірмей өздері жеке тұрып жатады. Азаматтық неке шариғатымызда тыйым салынған, харам істердің қатарына кіреді. Ондай некеде тұрғандарда бір-біріне деген жауапкершілік болмаған соң қаржыны бөлек ұстап, бөлек жұмсайды. Өз сезіміне сенім болмайды, баланы қаламайды. Күнәға бой алдырады. Зинадан туылған балалардың саны көбейеді. Тастанды балалар мен жетімдер үйлері толып барады. Осындай олқылықтардың орнын қалай толтыра алады екенбіз?! Түйіп айтқанда, тәрбиенің негізі – отбасында. Әрбір отбасында мейірімділік, қайырымдылық, үлкенге ізет, кішіге құрмет қағидаттары салтанат құрса, бүлікшіл ұрпақ, ибасыз азамат пайда болмас еді. Жеңілтектік жарға жығады. Білімсіз адам бүлікке ұрынады. Ендеше, осы бастан ойланғанымыз жөн. Өйткені санасы бардың тобасы бар. Осыны ешқашан қаперден шығармағанымыз жөн-ау...

Данияр қажы ЖҰМАБАЕВ, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы

Ұқсас жаңалықтар