Өңір волейболшы-ларының тасы 2015 жылы өрге домалап, «Тараз» волейбол клубы сол кезде ұлттық лигада топ жарып, суперкубок иегері атанғаны, ел кубогінің финалында ойнағаны баршамызға аян. Әрине, сол жылы «Тараз» құрамында легионерлердің жасындай жарқырағаны да есте. Дегенмен, команда сапында өзіміздің жігіттер қашан лайықты ойнап, оң нәтиже көрсетер екен деген сауал көкейде тұратын. Бүгінде «Тараз кәсіпқой волейбол клубы» дәрежесі берілгелі облыстағы білікті мамандар жергілікті сайыпқырандарымызды тәрбиелеу ісіне мықтап кірісіп жатыр. Қазіргі таңда клуб құрамына кіретін 6 санаттағы командалар жас айырмашылықтарына қарай түрлі лигаларда өнер көрсетеді. Жалпы, жамбылдық жастар мен жасөспірім волейболшылар соңғы жылдары толайым жетістіктерге қол жеткізіп жүргені мәлім. Мәселен, 2014–2015 жылдары жасөспірімдеріміз ел біріншілігінде топ жарса, 2017 жылы күміс жүлде қоржынымызға түскен еді. Сондай-ақ қазіргі таңда қыздар арасындағы жоғарғы лигада сынға түсіп жатқан аруларымыз (команда жергілікті қыздардан жасақталған) біріншіліктің алғашқы екі кезеңінен кейін үшінші орында келеді. Бұл Тараз жерінің таланттарға бай екенін айғақтаса керек. Ит жылы жамбылдық жасөспірімдер үшін табысты басталды. Алматыда жалауы желбіреген қысқы біріншілікте Нұрбол Жексембиев пен Самал Мұратов жаттықтыратын өрендеріміз тамаша ойын үлгісін көрсетіп, екінші орын иеленді. Електік кезеңде Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының волейболшыларына қарсы ойнаған жамбылдықтар үш кездесуде де 3:0 есебімен басым түсті. Біріншіліктің финалдық кезеңінде жерлестеріміз Алматы қаласының намысын қорғаған құрдастарын 3:0 есебімен айқын жеңсе, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген қарсыластарын 3:2 есебімен ұтты. Біздің жігіттер тек шешуші ойында Алматы облысының құрамасына есе жіберіп, доданың күміс жүлдегері атанды.
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді