Шаңғы спортынан ұлттық құраманың үздігі Алексей Полторанин Италияда өтіп жатқан «Тур де ски» көп күндігінде жасындай жарқырып өнер көрсетуде. Қазақстандық спортшы аталмыш жарыстың кезекті кезеңінде қатарынан оза шауып, бәйге алды. Классикалық стильдегі жарыста отандасымыз 15 шақырымдық қашықтықта сынға түсті. Кіл мықтылар жарыс жолына шыққан айтулы аламанда қарсыластардан қара үзіп кету әсте қиын екені әлімсақтан аян. Жүлдеден барлық саңлақтың үмітті екені белгілі. Қанша дегенмен көпкүндіктің әр кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен сайын көрсеткіш жақсара түсетіні мәлім. Дода басталғаннан алға ентелей ұмтылған қазақстандық спортшы өз мүмкіндігін барынша пайдаланып қалуға тырысты. Қарсыластар да бәсеке көркін қыздырып бақты. Дегенмен, бұл сында отандасымыздың жұлдызы жанды. 15 шақырымдық қашықтықты 38 минут, 40,3 секундта жүріп өткен ол масс-стартта өзіне ешкім тең келмейтінін дәлелдеп, жеңімпаз атанды. Екінші орын иеленген ресейлік спортшы Андрей Ларьков Полтораниннен 0,4 секундқа, үздік үштікті түйіндеген канадалық Алекс Харви 0,9 секундқа қалып қойды. Байрақты бәсеке басталғалы қазақстандық шаңғышы екінші рет жүлделі орыннан көрініп отыр. Бұған дейін Алексей Полторанин жекелей сында екінші орынды иемденіп, мерейімізді тасытқан болатын. Ұлттық құраманың көшбасшысы осы жеңісінен кейін жалпы есептегі жағдайын жақсартып алды. Кіл мықтылар топқа түскен сында Алексей екінші орында келеді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Шу ауданында 305 спорт нысаны жұмыс істейді
- 28 сәуір, 2026
Шу ауданында жаңа спорт кешені ашылды
- 22 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




