«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төл спортымыздың туын көтерген ару

Төл спортымыздың  туын көтерген ару
ашық дереккөз
Төл спортымыздың туын көтерген ару

Адам баласының ойлау жүйесін жетілдіруде қазақтың төл спорты тоғызқұмалақтың алар орны ерекше. Тоғызқұмалақты жаһанға таныту үшін бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қыруар жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Иә, тарихы ықылым заманнан тамыр тартатын тоғызқұмалақ - нағыз интеллектуалдық ойын. Сондықтан да «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатарынан тоғызқұмалақтың жілігін шағып, майын ішкен мықтының көрінуі заңды. Бұл – ұлт таңдауы.

Бүгінгі таңда еліміздегі тоғызқұмалақ ойынының жарқын жұлдызы кім десе, осы спорт түрінің қыр-сырына қанық кез келген жанкүйер Әсел Далиеваны айтар еді. Ол аты аталған спорттың ғаламдық деңгейде танылуына сүбелі үлес қосып жүрген жұлдыздарымыздың бірі әрі бірегейі. Әлемнің жеті дүркін чемпионы атанған Әселмен қалай мақтансақ та жарасады.

Шынашақтайынан ұлттық спорттың құпияға толы жұмбақтарының шешімін табу үшін белсенді еңбек етіп келе жатқан Әсел жиырма жасқа келгенге дейін жастар арасындағы елішілік додаларда 6 рет топ жарып, өзінің шын мықты екенін дәлелдей білген. Мұнан соң ересектер дуына араласқан ол 11 мәрте чемпион атанып, көптеген халықаралық аламандарда қатарының алды болды. Он алты жасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған Әселдің болашағынан зор үміт күттіретін спортшы екенін кезінде марғасқа мамандар сан рет айтқан-ды. 2013 жылы ұлттық спортымыз тоғызқұмалаққа айрықша құрмет көрсетілді. Әсел Азия ойындарының алауын тұтатып, қазақстандық спортшылардың байрақты сында атой салуына тілекші екенін байқатты. Өзі талай додаларда ел сенімін ақтап, мемлекет мерейін арттырған саңлақ жас та болса жақсы істердің басынан табылып жүр. 2015 жылдан бастап Әсел Далиева жаттықтырушылықпен айналысады. Сөзіміз дәйекті болуы үшін Әсел тәрбиелеген Лина Каримова елорда төрінде өткен төртінші әлем біріншілігінде топ жарғанын айтсақ та жеткілікті болар. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Талай биік шыңдарды бағындырған Әсел Далиеваның тоқтап, тоқырап қалған кезі жоқ. Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған кейіпкеріміз уақыт өте келе көлік және коммуникациялар академиясының магистрі дәрежесін иеленді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» қағидатын ұстанатын Әсел орыс, ағылшын, түрік тілдерін еркін меңгерген полиглот жан. Бос уақытында әдеби кітаптар оқып, теннис ойнап, суда жүзгенді жаны сүйеді. Әселдің тоғызқұмалақ спортының дамуына қосқан үлесі назардан тыс қалған емес. Жоғары жетістіктері уақытында бағаланып, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік медалін иеленіп, ТМД парламентаралық Кеңесінің шешімімен «дене шынықтыру, спорт және туризмді дамытудағы ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Тараз төрінде өткен тоғызқұмалақ турнирлерінің бірінде Әсел бізбен әңгімелесіп, өз ойымен бөліскен-ді. «Тоғызқұмалақ секілді зияткерлік ойынның өскелең ұрпаққа берері мол. Ойлау жүйесін дамытып, биік белестерді бағындыруға жетелейді. Бүгінде елімізде ұлттық спортымызды дамытуға барынша мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Қолдау бар жерде нәтиженің болатыны белгілі. Шүкір, спортшыларымыз бәсі басым додаларда қатарының алды болып, ел мерейін арттырып жүр. Елімізде талантты жастар жеткілікті. Оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жол нұсқай алсақ, біздің бір миссиямыздың орындалғаны да сол. Бар мақсатым – осы спорттың әлемдік деңгейде таныла түсуіне тамшыдай болса да үлесімді қосу. Жігерлі жастарымыздың талабын ұштай білсек, ол да бір табыс емес пе?», – деген Әселдің асқақ армандары орындалатынына бек сенімдіміз. Оған алғышарттар да баршылық.

Табиғат Абаилдаев

Ұқсас жаңалықтар