Испания неге жеңілді?
Кеше түнде әлемнің ең азулы командасы атанған Испания чемпиондық тәжімен қош айтысты. Соңғы алты жыл бойы ешкімге жүлде ұстатпай келе жатқан Икер Касильяс пен оның отандастары жеңісті жолдан адасып, алдымен Голландиядан (1:5), содан соң Чилиден (0:2) оңбай ұтылды. Испанияға не болды? Бұл сұрақ қазір барлық жанкүйерлерді мазалап жүргені анық. Құрамы жағынан осал тұсы көрінбейді, әр шепте сайдың тасындай іріктелген, ең таңдаулы футболшылар жиналған. Бұл ойыншылар жеңбеген жарыс, бағындырмаған қамал қалмады. Бірақ Висенте Дель Боске олардың қартайғанын ескермеген секілді. Касильяс, Хави, Иньеста, Вилья, Торрес орда бұзар шақтан асып барады. Дель Боскеге мүмкін жас толқынға сенім артқаны жөн болар ма еді?.. Тағы бір себеп - испаниялықтар футбол маусымынан кейін айыға алмады. Естеріңізде болса, Чемпиондар лигасының финалында Испанияның қос командасы өзара мықтыны анықтаған еді. Жұрттың бәрі Мундиальға дайындалып жатқанда бұл футболшылар еуромаусымды сәтті аяқтауға барын салып тер төгіп жатты. Үшінші себеп - Барселонадағы ойын дағдарысы. Биылғы маусымда каталондықтарды сынға алмаған маман болмады десек артық айтқандық болмас. Ал Испания құрамасы мен Барселонаның негізін бір ойыншалар құрайтынын және де олардың бір тактиканы қолданатынын ескеретін болсақ, бұл сөздің де жаны бар. Иә, шын мәнінде, «тики-така» стилі бүгінде өзектілігінен айырылған секілді, оған қарсы қалай ойнау керек екенін талай мықты бапкерлер көрсетіп берді. Ал Конфедерация кубогының финалында Бразилиядан оңбай ұтылған Испания ол жеңілістен сабақ алмаған болып шықты.
Соңғы жылдардағы әлем чемпионаттарына көз жүгіртсек, мықтының масқара болып, чемпиондық тақтан түсуі нағыз үрдіске айналып келе жатқанын байқауға болады. Сонымен санамалап көрейік. 2002, Франция Сол жылы Әлем және Еуропа чемпиондары француздар Жапония мен Кореяға доданың басты фавориті есебінде келгені есте. Алайда жарақат алған Зидансыз үшжолақтылар алдымен Сенегалға есе жіберсе, кейін Уругвай қақпасына доп соға алмады. Шешуші кездесуге Зизудың шыққаны да көмектеспеді, психологиялық тұрғыдан сағы сынған Роже Лемерр шәкірттері Даниядан 0:2 есебімен ұтылып, үйлеріне ерте қайтты. Бұл құраманың негізін де қартайған жұлдыздар құрағанын еске сала кетейік. 2010, Италия Оңтүстік Африкада әлем чемпиондары тағы да топтық сында сүрінді. Парагвай, Словакия, Жаңа Зеландиямен бір топқа түскен итальяндықтар соңғы төртінші орын алады деп ешкім ойламаған еді. Бірде бір жеңіске қол жеткізе алмаған Марчелло Липпидің командасы бар абыройын айрандай төкті. 2014, Испания Соңғы төрт әлем чемпионатының үшеуінде кеше ғана дүниені дүр сілкіндірген футболшылардың ортаңқол командалардың өзіне әлдері жетпей жатты. Испания да бұған дейін Франция мен Италияның жүріп өткен жолын қайталамас үшін олардың жіберген қателіктерін ескеруі қажет еді. Енді міне «алтын құрам» елге қайтуға мәжбүр. Хави, Хаби Алонсо секілді жұлдыздар енді құрамадан кететінін мәлімдеген еді. Чемпиондардың бұлай кеткені өкінішті, әрине. P.S. Бұл футбол. Алаңда кім жеңіске жететінін кейде болжап білу мүмкін емес. Әлемдегі №1 спорт осымен де қызықты. Дүние кезек. Бүгін шың басында басқаларға жоғарыдан қарап тұрған спортшылар ертең жанкүйер алдында қарабет болып, олардан кешірім сұрауға мәжбүр болып жатады. Жеңілістен кейін бас көтере білетін ер мінезді футболшылардың өнеріне сүйсініп қарайтын біздің жастарға осы жайт үлкен өмірлік сабақ болсын деп тілейік. Ал біз Бразилияда жаңа чемпионның есімін білетін боламыз. Испания босатқан «таққа» алдағы төрт жыл бойы кім жайғасады?
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік жолын жеңіспен ұштастырған өрендерӨрнек
- 23 желтоқсан, 2024
Бірқатар нысандар ел игілігіне берілді
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді