мыңғыртып мал өсіріп, оның игілігін көруде
Құм жиегіндегі Үшарал ауылының аты мал өсірумен кеңінен танымал. Талас асыл тұқымды мал зауытының көк және сұр түсті елтірілері Лондондағы халқаралық көрмеде алтынға бағаланған кезін де көрдік.
Алайда, мал өсіруге қолайлы өңірдің халқы тәуелсіздік жылдарында да ағалар даңқы жолынан айнымай, асыл тұқымды мал өсіріп, жылдан-жылға көбейту үстінде. Үшарал ауылдық округінің әкімі Рақымжан Айтуов ілкімділігімен танылған кәсіпкерлер саны 20-дан асқанын айтады. Біразы мал басын көбейтіп қана қоймай, малшылардың да әлеуметтік жағдайын жасап отыр. Солардың бірі – Асанқұловтар әулетінің «Әден» және «Ризық» деп аталатын екі бірдей шаруа қожалығы. Екеуінің жұмысын үйлестіріп отырған белгілі кәсіпкер Ғалымжан Әденұлын бұрыннан танитынбыз. Оны әңгімеге тартқанымызда: – «Әден» – 2015, ал «Ризық» 2016 жылы құрылған. Алғашқысын ұлым Рауан, екіншісін бауырым Бекжан басқарады. 2000 гектар жайылымдығымыз бар. Өз қаражатымызбен мал басын екі жыл ішінде еселеп көбейтіп алдық. Бүгінде «Әденнің» иелігіндегі мүйізді ірі қара малы – 258, қой – 1170, ешкі – 80, жылқы – 35, түйе 101 басқа жетіп отыр. Ал «Ризық» шаруа қожалығында 342 мүйізді ірі қара, 900 қой, 27 жылқы, 101 түйе өсірілуде. Малдың барлығы жеке өз қаражаттарымызға алынған. Екі қожалық келісімшартпен отбасылы 20-25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 100 мың теңгені құрайды және қажетінше ет, ұн секілді күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіліп тұрады. Шөлейтті өңірде мал өсіру үшін ең басты керегі мал суатының қыста да, жазда да сайлы болуы ғой! Бұл тұрғыда біраз тірліктер тындырылды. Алдыңғы жылы бір жер құдықты 9 миллион теңгеге Үкімет тарапынан субсидия алып қаздырдық. Малшылардың тұрмыстық жағдайын ойластырып, оларға Мұсабай және Ақсай алыс мал жайылымы телімдерінен заманауи үлгідегі тұрғын үйлер салып бердік. Әрі электр жарығымен қамтамасыз ету үшін өз қаражатымызға 1,5 миллион теңгеге 6 жерге күн сәулесі арқылы энергия өндіретін құрылғылар орнаттық. Мұның енді игілігін көрудеміз. Ауыл әкімінің айтуынша, Асанқұловтар әулеті жыл сайын Тараз қаласы және Үшарал ауылындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, әлеуметтік мекемелерге қаржылай, заттай қайырымдылық көмектер көрсетеді екен. Мысалы, былтырғы жылдың өзінде округтегі бірнеше отбасыға 10-15 қой, 2 түйе, 3 жылқы үлестіріп берген. Қаржылай көмегі мен азық-түлігі бір бөлек. Шынтуайтында, шаруа қожалықтарының барлығы дәл Асанқұловтар секілді жұмысшыларына жағдай жасай бермейтіні белгілі. Мен Ғалымжаннан соншама қаражатты қайдан табасыздар деп сұрастырдым. Сөйтсек, оның Тараз қаласында жеке кәсіпкерлік нысаны да бар екен. Онда мал өнімдері ішінара өңделіп, екшеліп базарларға өткеріледі. Соның арқасында кәсіпкер азамат тұрақты әрі табысты қаржы айналымын қалыптастырып, қыруар мәселені шешіп отыр. Осы заманғы талапқа сай берекелі іс тындырып отырған екі шаруашылықтың да жұмысшыларының өмірлері мәнді, тұрмыстары көңілді. Шаруалар үшін де керегі осы ғой!
Сәулембай Әбсадықұлы, журналист
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді