Шарипова шайқасқа дайын

Шарипова шайқасқа дайын
ашық дереккөз
Шарипова шайқасқа дайын
Қазақ арулары арасынан тұңғыш кәсіпқой боксқа бет бұрып, жеңіл салмақта топқа түсіп, WIBA, WBU тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған Фируза Шарипова кезекті жекпе-жегін 30 желтоқсанда Алматыдағы «Алматы–Арена» спорт кешенінде өткізеді. Осыдан біршама уақыт бұрын «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында Астанада болгар қызы Милена Колеваны төрешілердің бір жақты шешімімен жеңген Фируза жоғарыда айтып өткен екі бірдей чемпиондық белбеуді иеленген болатын. Енді ол бельгиялық кәсіпқой боксшы Джемилло Гонтарюкке қарсы шаршы алаңға шығып, IBO және WBC silver белбеулеріне таласады. Осыған дейін жамбылдық боксшы сегіз кездесу өткізіп, оның жетеуінде қарсыластарын жеңсе, төрт шайқасты мерзімінен бұрын аяқтаған-ды. Фируза тек алғашқы жекпе-жегінде ресейлік даңқты боксшы София Очигаваға есе жіберген. Десе де, ол кездесу Ресейде өткендіктен, төрешілердің бүйрегі жергілікті спортшыға бұрғаны сөзсіз. Оны мамандар да ашық айтқан еді. Фирузаға дейін 18 рет шаршы алаңға көтерілген бельгиялық кәсіпқой боксшы төрт мәрте жеңілістің ащы дәмін татып, 1 рет қарсыласымен тең түсіпті. Әйткенмен Гонтарюктің шаршы алаңдағы тәжірибесін есепке алсақ, оңай қарсылас емес екені айқындала түседі. Бірнеше күн бұрын Алматыға келген Фируза Шарипова өзінің алдағы жекпе-жекке тас-түйін дайын екенін айтады. «Өз елімде өтетін кезекті шайқасқа жақсы дайындалдым. Бұйыртса тағы да өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, жанкүйерлерімнің қуанышын еселегім келеді. Әлбетте, белгиялық спортшы да осал емес. Әбден тәжірибесі толысқан. Алайда мен де қарап қалмайтыным анық. Жеңіске жету жолында бар күшімді сарқа жұмсайтын боламын», – дейді біздің чемпион.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар