«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әселдің алар асуы алда

Әселдің алар асуы алда
ашық дереккөз
Әселдің алар асуы алда

Каратэ-до шотоканнан әлем кубогінде күміс медаль алған жерлесіміз Әсел Рашидқызымен Қаратауда жүздесудің сәті түсті. Әсел мен оның жеке жаттықтырушысы Гүлнар Валиева шығыс жекпе-жегінің қыр-сыры туралы ойларын бізбен бөлісті.

Гүлнар таэквондодан спорт шебері екен. Отбасын құрған соң жаттықтырушылыққа бет бұрыпты. Қаладағы Айша бибі атындағы дарынды қыз-балаларға арналған мамандырылған білім-инновация мектеп-интернатында дене шынықтыру пәнінен сабақ та береді. Әрі шәкірттеріне шығыс жекпе-жегі каратэ-до шотокан мен таэквондоның қыр-сырын үйретеді.

– Лицейде білім беру ісіне баса назар аударылады. Соған қарамастан, спортқа бейімі бар балаларды тәрбиелеп жүрміз. Қазір мен каратэ-до шотоканға ебі бар 3 қызды жаттықтырудамын. Соның бірі – Әсел. Шәкіртім өте сыпайы. «Апай, менің де бұл спорт түріне қатысқым келеді» деп келгенде, нәзіктігіне назар аударып, спортты игеретініне күмәнмен қарағаным рас. Қатаң тәртіпке жүздің бірі ғана шыдайды. Ал Әсел сол сынақтардан сүрінбей өтіп, бір жарым жыл ішінде тамаша нәтижелер көрсетті. Әуелгі кезде облыстық біріншілікте үшінші орын алса, республикалық жарыста топ жарып, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына қабылданып, таяуда ғана Ресей Федерациясының Волгоград қаласында өткен әлем кубогіне қатысып, күміс медаль иеленді, – дейді ол шәкіртінің табысын атап өтіп. Аталмыш жарыста жерлесіміз үш қарсыласын оңай ұтып, тек ақтық сында татами қожайынына жол беріпті. Оның өзінде төрешілер жергілікті спортшыға болысқан көрінеді. – Әсел ешқашан қызбалыққа салынбайды. Татамиде өзін өте жақсы ұстайды. Каратэ-до шотокандағы әдістерді ұтымды пайдаланып, жеңіске бастар жолды жаңылмай табады. Әншейінде қарапайым көрінетін Әселімді татамиде танымай қаламын. Өжет, жылдам, – дейді бапкері. Осы сәтте Әселден «спорттың бұл түрін неге таңдадың?» деп сұрап едім, ол «әйтеуір маған ұнады» деді де қойды. Өн бойынан қарапайым­дылықтың лебі ескен Әселдің алар асуы мен бағындырар биігі алда екені сөзсіз. Мектепте жүріп біршама нәтижеге қол жеткізген қазақ қызына алдағы уақытта толайым табыс тілейміз.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар