«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шын мықтыға тұсау жоқ

Шын мықтыға тұсау жоқ
ашық дереккөз
Шын мықтыға тұсау жоқ

Қазақ ұлтының төл спорты қазақ күресіне соңғы жылдары барынша қолдау көрсетіліп келеді. «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы» жобаларының мықтап қолға алынуы – сөзіміздің дәлелі. Бастауын әуелде Тараздан алған «Еуразия барысы» мегажобасы ағымдағы жылы Тәуелсіздік күнінде ару қала Алматыда жалауын желбіретті. Халықаралық деңгейде өткізіліп келе жатқан додаға биыл Өзбекстан, Моңғолия, Грузия, Түркия құрамаларымен қатар, тұңғыш рет Бразилия, Жапония, Камерун сынды елдердің балуандары да қатысып, қазақ күресінің қыр-сырына қанықты. Ұлттық спортты дәріптеу дегеніміз осы емес пе? Шын мықтылар сұрыпталған сынға елімізден екі команда қатысты. Олар: «Қазақстан 1» құрамасы мен Алматы облысының сайыпқырандарынан жасақталған «Қазақстан 2» командасы. Әдетте жанкүйер қауым ақтық сында ұлттық құрама оғландары мен моңғол балуандарын көріп үйренгені белгілі. Бұл жолы соқыр жеребе Қазақстан мен Моңғолия өрендерін бастапқы кезеңде жолықтырды. «Қазақстан 1» құрамасы қарсыластарымен 4:4 есебімен тең түсті. Тартысқа толы кездесудегі әр белдесуде жанкештіліктің тамаша үлгісіне тәнті болдық. Физикалық әлеуеті мығым моңғол балуандары басты қарсыластарына оңайлықпен есе жібермейтіндіктерін аңғартып, сәт сайын шабуылдаумен болды. Ұлттық құрама намысын қорғаған саңлақтарымыз да барынша тырысып бақты. Қорытындысында аса ауыр салмақтағы алыбымыз Айбек Нұғымаровтың қарсыласынан басым түсуіне байланысты жеңіс ұлттық құрама оғландарына бұйырды. Алғашқы кезеңде додаға бірінші рет араласқан Жапония құрамасы Түркия балуандарын 7:1 есебімен ойсырата ұтып, өздерінің қазақ күресін ептеп меңгергендіктерін аңғартты. Жарыстың ақтық сынында Қазақстанның қос құрамасы кездесіп, жеңіс «Қазақстан 1» командасының еншісінде кетті. Бұл кездесу де өте тартысты өтті. Жеңімпаз атанған ұлттық құрама сайыпқырандары 10 миллион теңгемен марапатталса, екінші орын алған «Қазақстан 2» құрамасы 6 миллион теңгені иеленді. Үшінші орын үшін өткен белдесуде Жапония жігіттерінен 6:2 есебімен айласын асырған Өзбекстан балуандарына 4 миллион теңге көлемінде сыйақы бұйырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар