Василий Ломаченко Гильермо Ригондоны оңай ұтты
Кәсіпқой бокс әлемінің майталмандары Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпиондары украиналық Василий Ломаченко мен кубалық Гильермо Ригондо арасындағы шайқасты асыға күтті. Хай Тек деген лақап аты бар Василий Ломаченко қазіргі таңда техникалық мүмкіндігі өте бай спортшылардың қатарынан саналады. Санаулы жекпе-жекте екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Васяның қарсыласы да қара жаяу емес боксшы емес. Мамандар арасында Эль-Чакал атанып кеткен Ригондо Василий Ломаченкомен қолғап түйістіру үшін өзіне бейтаныс екінші жеңіл салмаққа көтерілді. Техникалық шеберлігі әбден толысқан екі мықтының жекпе-жегі өте жоғары деңгейде өтетініне жанкүйерлер де бек сенген еді. Олай болмай шықты. Жанкүйерлер сарыла тосқан шайқас бастала салысымен Василий Ломаченко қолды-аяққа тұрмай еркін қимылдай бастады. Салмағы жеңілдеу болса да, Ригондоның қимылы ауырлау көрінді. Қарсыласын шыр айналдырып жүріп, әбден шатастырып барып, джеб соққыларымен сынап көрген Василий Ломаченко раунд өткен сайын қарқынын үдете түсті. Кезесудің үшінші кезеңінен бастап Василий Ломаченконың жойқын соққыларына тойтарыс бере алмаған Куба боксшысы қарсыластың қолын байлап, әбден мазасы қашты. Ригондоның жиі ереже бұза бастағанын байқаған төреші Стив Уиллис жекпе-жекті тоқтатып, оның бір ұпайын шегеріп тастады. Қорғанысы мықты Василий қарсыласын әрмен қарай тықсырта берді. Ригондо тағы да жан сақтап әлектенді. Екі-үш соққыдан тұратын Василийдің ғажап комбинациялары кубалықты әбден қалжыратты. Жайшылықта керемет қорғана жүріп, қарсыластарын қарымта шабуылмен күтіп алуға машықтанған ол шын мықтының торына енді түскенін сезінгені анық. Әйтеуір, жанарынан шарасыздықтың белгісі аңғарылып тұрды. Василий Ломаченконың керемет шабуылдарымен аяқталған алтыншы раундтан кейін Ригондоның бұрышы жекпе-жектен бас тартты. Техникалық нокаут! Осылайша жұрттың сүйікті боксшысына айналған Василий Ломаченко кәсіпқой рингтегі оныншы жеңісін тойлады. Ал бұған дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған кубалық оғлан он сегізінші шайқасында тұңғыш рет ұтылуға мәжбүр болды.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ауыл спортын дамытуға арналған дода
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді