Ресейдегі 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін патша үкіметі құлап, уақытша үкімет билік басына келген соң қазақ жерінде де демократиялық партия құруға, егеменді ел болуға мүмкіндік туғандай еді. Орынбор қаласында 1917 жылдың 21-26 шілдесі күндері бірінші жалпы қазақ құрылтайы ашылып, онда 14 мәселе қаралды. Әсіресе, Мемлекет билігі туралы, Жер мәселесі, Автономия құру, Қазақ саяси партиясының іргесін қалау, облыстық, уездік комитеттер жасақтау сынды өзге де мәселелер күн тәртібінде тұрды. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында екінші жалпы қазақ құрылтайы өтіп, онда Алаш автономиялық үкіметінің іргесі бекіді. Төраға болып Әлихан Бөкейханов сайланды. «Алашорда үкіметі бүгіннен бастап қазақ-қырғыз жерінде билігін өз қолына алды» деген мәтінде қаулы қабылданды. Қазақ-қырғыз автономиясы Алаш деп аталып, Алаш автономиясының жері, суы, астындағы кені Алаш мүлкі деп есептеліп, орталығы ретінде Семей қаласы бекітілді. Алаш автономиясы құрылған соң әрбір облыс, уездерде Алашорда үкіметінің комитеттері пайда болды. Сол секілді құрылған Әулиеата уезінде 1917 жылдың 27 желтоқсан күні Әулиеата қазақтарының құрылтайы өтті. Оған барлық болыстардан 200 делегат қатысты. Жиынды ұйымдастырғандар тарапынан ІІ жалпы қазақ құрылтайына делегат болып Түбек Есенқұлов, Әзімхан Кенесарин, Мұстафа Бұралқиев, Еркінбек Ақынбеков, Дінмұхамед Әділов қатысты. Бүгінде сол Әулиеата құрылтайына қатысқан тағы да бірқатар азаматтар дереккөздер арқылы анықталды. Олар: Асқар Әділов, Байсейіт Әділов, Иманбай Сарымсақов, Дінше Әділов, Төре Әлімхан, Жұмабек Батырбеков, Санжар Аспандияров, Абдрахман Байдилдин, Пазылбек Бектұрсынов, Мәуленқұл Байзақов, Есет Ақжолов, Серқұл Алдабергенов, Қарабай Бодықов, Садық Өтегенов, Төреқұл Жанұзақов, Емберген Тайынбаев, Берсехожа Иманбаев, Арыстанбек Алтынұлы (дін уәкілі), Сегізбай Айзанов, Аталық Кенесарин. Қалған делегаттарды анықтау әлі мүмкін болмай тұр. Әулиеата құрылтайы Алашорда үкіметін мойындап, сол үкіметтің уездегі атқарушы билік иесі болатынын мәлімдеп, бірінші кезекте ауылдарда орын алған ашаршылыққа байланысты іс-шараларды қарап, орталық Қазақстаннан астық алдыру үшін комиссия құрып, оларға ат-арба дайындау тапсырылды. Екінші мәселе ретінде халықтық милиция құрып, оған қажетті қаражат табу, қару-жарақпен, ат-көлікпен қамтамасыз ету үшін, құрылтайға қатысып отырған болыстар мен бай адамдардан көмек сұрап, қаражат бөлу қарастырылды. Осы съезде Әулиеата уездік комитеті құрама 11 адамнан сайланып, барлық билік солардың қолында болатындай шешім шықты. Уездік комитеттің төрағасы болып, Әзімхан Кенесарин сайланды. 1878 жылы туған Әзімхан Кенесары ханның немересі. Ол бұған дейін де көптеген қызметтер атқарған. 1897 жылы Шымкент қалалық училищесін бітірген Ә.Кенесарин Әулиеата уездік басқармасында хатшы болып істеген. 1905 жылы Әулиеата қазақтары атынан Ресей империясының министрлер кеңесінің төрағасы граф С.Ю.Виттеге петиция жазуға атсалысқан. ІІ жалпы қазақ құрылтайында делегат болып қатысып, съезд төрағасының орынбасары болған. Кейіннен Кеңес үкіметі орнаған соң, 1921 жылы Сырдария революциялық комитетінің хатшысы болып сайланған, одан кейін Әулиеата уездік атқару комитетінің жер бөлімінің меңгерушісі, гидротехник қызметтерін атқарған. 1930 жылы ұлтшыл деп айыпталып, атылған. 1956 жылы ақталады. Уездік комитет төрағасының орынбасары болып сайланған мойынқұмдық Мұстафа Бұралқиев Алашорда мемлекеті тараған соң, Ташкенттегі орта Азия университетін бітіріп, осындағы қазақ халыққа білім беру институтында, бүгінгі Абай атындағы педагогикалық университетте оқытушы және оқу бөлімінің меңгерушісі болып жемісті қызмет атқарады. 1930 жылы ұсталып, Воронежге жер аударылған ол сонда жүріп Қошке Кемеңгерұлымен бірігіп, қазақша-орысша сөздік құрастырған. Айдауда қазақтың небір зиялы қауым өкілдерімен бірге болған. Кейіннен Мұстафа Міржақып Дулатұлының ағасы Асқардың Ботагөз атты қызына үйленіп, 1960 жылы Жамбыл қаласына көшіп келіп, осында қайтыс болған. Ұрпақтары қайда екені беймәлім. Әулиеата уезінде Әулиеата уездік революциялық комитеті жеңіске жетіп, билік басына келген соң Алашорда үкіметінің уездік комитеті 1918 жылы желтоқсан айында өз жұмысын тоқтатады. Ал Алашорда үкіметі әскери революциялық комитеттің 1920 жылы 5 наурыздағы шешімімен таратылады. 1930 жылдардан бастап көптеген азаматтар алашордашыл, ұлтшыл деген айыппен ұсталып, атылғаны, жер аударылғаны белгілі. Биыл қазақ жерінде ең алғаш рет демократиялық, халықтық Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Алашорда үкіметінің өмірі ұзаққа бармады. Кеңестік жүйе «Егемен ел боламыз, тәуелсіз мемлекет боламыз» деп еңбек еткен алаш азаматтарын дар ағашына асты, атты, жер аударды. Дегенмен ұлттың бетке ұстар азаматтарының арманы орындалды. Еліміз егемендік алды. Тәуелсіз мемлекет болдық. Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында Қазақстанды әлем танып, мойындады. Алаш арыстарының арманы іске асты. Осыған тәубе дейік.
Мәскеу Ноқрабеков.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді