Қазақ хандығы құрылғаннан бергі халқымыздың ойындағы асыл арманы – бостандығымызды қалай сақтап қаламыз деген үміт пен күдікке толы күрделі мәселе еді. Осы мақсат жолында ұлтымыздың бірегей тұлғалары жанын құрбан етіп, талай ұлы ерліктер жасалды. Алайда, тәуелсіздік тек көзсіз ерліктің арқасында келмейді. Еркіндікке қол жеткізу және оны ұстап тұру үшін саясаттың қыр-сырына қанық болу – ең басты шарттардың бірі. Біздің сонау ықылым замандардан келе жатқан тарихымыздың өзі ел басқарған хандар мен жол бастаған көсемдеріміздің, әділдікті ту еткен билер мен қол бастаған батырларымыздың саяси сауатының биік деңгейде болғандығын көрсетеді.
Қазақ халқына тәуелсіздіктің оңай келмегенін, оның жолы үш жүз жылдан астам уақытқа созылғанын тарихтан жақсы білеміз. Осы жолда халқымыздың оңтүстік-шығыста Қытай империясы қолдаған жоңғар қалмақтарының басқыншылығына, солтүстік-батыста орыс патшалығының отарлық саясатына, ХХ ғасырдағы қызыл империяның тоталитарлық жүйесі үстемдігіне қарсы күресуіне тура келді. Азаттық жолындағы толассыз күрестер нәтижесінде ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жетті. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің тарихы мен шежіресі, қол жеткен жетістігі – еркіндік аңсаған ұлы халық пен Елбасының ерлікке пара-пар еңбегінің зор жеңісі. Тәуелсіздік – мазмұны мен маңызы жағынан кең, терең мағыналы ұғым. Оның ауқымы қоғамның саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларын қамтиды. Тәуелсіздік мәселесі барлық қоғамда, әсіресе, қазіргі таңда әлемдегі көптеген халықтардың алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі. Мұндай күн қазақ еліне 1991 жылдың 16 желтоқсанында келіп жетті. Бұл күн мемлекетіміздің ұлттық мерекесі, Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Мемлекетіміз қалыптаса бастаған өткен ғасырдың қиын-қыстау 90-шы жылдары халықтың қолдауына ие болған Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Н.Назарбаев ел тізгінін өз қолына алды. Елбасының сарабдал саясатының арқасында халқымыз әлеуметтік-экономикалық бағытта, халықаралық саяси аренада толағай жетістіктерге жетті. Тәуелсіздік – елдігіміздің көрсеткіші. Тарих үшін аз ғана уақыт аралығында Қазақстан КСРО деп аталатын алып империяның бұғауынан шығып, нарықтық экономикасы қалыптасқан, халықаралық қоғамдастықта биік беделге ие қуатты елге айналды. Еліміз өз тарихында тұңғыш рет мемлекеттік шекарасын заңды түрде рәсімдеді, қоғамның даму заңдылықтарының жоғары құқықтық көрінісі болып табылатын Ата заң қабылданып, ұлттық валюта – теңге айналысқа енгізілді. Қазақстан ядролық арсеналдан бас тартып, қарусыз болашақты таңдап, әлемдегі ядролық державалар алдында бейбіт өмір сүрудің эталонына айналды. Қуатты экономикасы бар мемлекет. Тәуелсіздік алған қысқа тарихи кезең ішінде ел экономикасында сілкініс жасалды. Қазақстан егемен ел ретінде БҰҰ және басқа да көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болды. Бұл арқылы ел экономикасын халықаралық сауда қарым-қатынастарына интеграциялауға объективті жағдайлар жасалды. Қазақстан экономикасы Әлемдік аренадағы 117-орыннан 61-орынға көтерілді. Алдағы уақытта Қазақстан өз дамуында жаңа серпіліс жасап, әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды меже тұтып отыр. ХХІ ғасырда әлемдік қауымдастық мемлекетімізді нарықтық экономика елі ретінде танып отыр. Бірлігі жарасқан ел. Тәуелсіз Мемлекет басшысы ұсынған біздің идеологиямыз – ұлттық бірлік, саяси тұрақтылық. Мұның астарында елімізде өмір сүретін этностық, діни әлеуметтік-мәдени топтардың қауымдастығы жатыр. Этносаралық, конфессияаралық келісім қоғамын құру ісінде баға жетпес тәжірибеге ие Қазақстан заңды түрде «төзімділік» мәселесін маңызды басымдылығы ретінде алға шығарды. Осылайша қарама-қайшылығы мен қақтығыстары мол әлемде ел мен елді жақындастыруға бағытталған саясат қалыптастыруға ықпал етті. Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері жиналатын консенсустық алаңға, мызғымас орталыққа айналды. Астана – Тәуелсіздік символы. Халқымыздың құтты қонысына, Асан қайғының жерұйығына айналған Сарыарқаның төсінде Батыс пен Шығыстың озық сәулетін игерген, паңдық пен өрліктің қайталанбас бейнесі – елордасы Астана бой көтеріп, әлем таныған ірі мегаполистердің қатарына қосылды. Астананың орнауы айрықша патриотизм мен рух-жігердің, мызғымас бірліктің, ынтымақтың ерекше үлгісін білдіреді. Астананы ауыстыру туралы ғасырлық мәні бар маңызды шешім қабылдауы – Елбасының Қазақстан Республикасының болашақтағы міндеттерін көре білетін мемлекеттік қайраткерлігінің нақты дәлелі. Саяси аренадағы көшбасшы. ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ірі саяси халықаралық оқиға, бірлігімізді бекемдеп, елдігімізді әйгілей түскен интеграциялық бастаманың бірі – мемлекетіміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Саммиттің өтуі мен Астана Декларациясының қабылдануы болды. ЕҚЫҰ-ның жаңа міндеттері мен қағидаттарын айқындаған тарихи құжат – Астана Декларациясының қабылдануы Елбасының дана басшылығы мен сындарлы саясатының нәтижесі. Саяси сарапшылардың пікірі бойынша соңғы кездері белсенділігі төмендеп кеткен Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты орнықтыру жолында үлес қосып жүрген іргелі ұйымның жұмысына Қазақстан төрағалығы серпіліс жасады. Шиеленістердің негізгі себептерін анықтау және жою арқылы қақтығыстарға жол бермеу, бейбітшілікті нығайту, әлеуметтік-экономикалық үрдістер мен демократиялық институттардың дамуын қолдау мен адам құқықтарын құрметтеу мақсатында өткен ЕҚЫҰ Саммиті әлем мемлекеттері көшбасшыларының жоғары бағасын алды. Сондай-ақ, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай игі істердің жалғасы ретінде Қазақстан 166 жылдық тарихы бар «EXPO-2017» көрмесін өткізу құқығына ие болды. Білім беру – ұлттық мәдениетті сақтау мен дамытудың шешуші факторы. Қазіргі кезде білім ең құнды капитал болып отыр. Оның өзі маңыздылығы жөнінен стратегиялық ресурстармен бірге бәсекелесе алады және солай болуы тиіс. Білім беру реформасы Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі. ХХІ ғасырда білім мен ғылымның жаңа белесі басталды, білім беру жүйесінің жаңа ұлттық моделі құрылды. Әрбір қазақстандықтың өз таңдауы бойынша кәсіптік білім алып, азаматтық қоғамда өмір сүруге жағдайлар жасалған. Қазақстанның дарынды жастарына әлемнің кез келген елінің алдыңғы қатарлы университетінде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясының тағайындалуы, еліміздің Болон процесіне кіруі, Университеттердің Ұлы хартиясына қол қою, дарынды жастарға арналған «Назарбаев университеті», Түркі әлемі Академиясының, «Назарбаев зияткерлік мектебінің» ашылуы оған жарқын дәлел бола алады. Қазақстан ЮНЕСКО-ның білімді дамыту индексі бойынша 4-орынды иеленді. Әр халықтың тарихында өзінің ұлттық ар-намысын, құқықтары мен мүддесін қорғап қалуға, өзіндік бет-бейнесін айқындап, егемен ел болуға лайық екендігін көрсетуге ұмтылатын сын сағаттар болады. Бүгін ұлы түркі елінің қара шаңырағы – қазақ даласы, қазақ елі үлкен тарихи оқиға алдында тұр. Ұлтымыздың тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Күлтегін бабамыздың ерлігін паш ететін Кедей халықты бай қылдым, Аз халықты көп қылдым... Түркі иелігінен айырылған халықты Ата-баба мекеніне орнаттым...- деген өлең жолдары Елбасының жүргізіп отырған саясатымен астарлас келеді. Байырғы қазақ жерінде құрылған мемлекетіміз бүгінде еркіндік, теңдік және татулық, бейбітшілік жағдайындағы азаматтық қоғам болды және ол дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алды. Бұл істің бастауында біртуар қайраткер, Ұлт көшбасшысының тұрғандығын әлем мойындап отыр.
Гүлшат ҚҰЛАБЕКОВА, ТИГУ-дың тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді