Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңі аяқталды. «А» тобында өнер көрсеткен ел чемпиондары «Астана» футбол клубы 1/16 финалдың жолдамасын Чехия астанасы Прага қаласында өткен шешуші ойында жергілікті «Славияны» жеңіп, иеленіп отыр. Осылайша қазақ футболының тарихында тұңғыш рет «Астана» футбол клубы топтық кезеңнен іркілмей өтті. Бұл не бел, не белбеу кететін ойын болатын. «Астанаға» тек қана жеңіс керек. Ал алаң қожайындарына тең ойын да жеткілікті. Кездесу бастала салысымен екі команданың футболшылары жан алысып, жан берісуге дайын екендіктерін аңғартты. Нәтижесінде «Астана» ойыншысы Иван Маевский мен «Славия» капитаны Милан Шкода жарақат алып қалды. Милан Шкода ойынды жалғастыра алмай, алаңдағы орнын Томаш Нецидке босатты. Негізінен ойын тізгіні алаң иелерінің қолында болды. Әйтсе де «Астана» футболшылары қарымта шабуылда қанжығаларын майлауға тырысты. Бірінші кезеңнің аяқталуына бірнеше минут қалғанда Марин Аничич есеп ашып, қазақстандық жанкүйерлерді желпіндіріп тастады. Ойынның екінші бөлігінде «Славия» футболшылары барын салып бақты. Дүркін-дүркін шабуылдар ұйымдастырып, «Астананың» қорғаныс шебіндегі ойыншыларының мазасын қашырды. Дегенмен, команда капитаны әрі қақпашы Ненад Эрич бұл күні қақпасын доптан аман сақтап, командасын жеңіске жетеледі. Қорытынды есеп – 0:1. «Астананың» пайдасында. Қазақстандық команда Еуропа лигасының 1/16 финалындағы қарсыласын 11 желтоқсанда өтетін жеребе тарту рәсімінде білетін болады. Айдарынан жел ескен «Астананың» жеңісті жорығы жалғаса берсе дейміз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




