«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бітер істің басына...

Бітер істің басына...
ашық дереккөз
Бітер істің басына...

IMG_6318балабақша салсаңыз, ұтылмайсыз

Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы қабылданғалы бері өңірімізде көптеген балабақшалар салынып, пайдалануға берілді. Соның арқасында мектепке дейінгі тәрбие және білім беру мәселесі біршама оңтайлы шешімін тапты. Дегенмен, демографиялық өсімнің артуынан өңірде балабақшаға деген сұраныс азаймай, әлі де жүздеген бала кезекте тұр. Сондықтан облыс әкімдігі бұл түйткілді шешудің жолын жан-жақты қарастыруда. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында білім саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша әзірленген 6 жобаның тұсаукесері өткізіліп, өзекті мәселелер талқыланды. Басқосуға облыс әкімдігі білім басқармасының, «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының, Тараз қаласы әкімдігінің өкілдері және кәсіпкерлер қатысты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күнімжан Жанғожаева ұсынылып отырған 6 жобаны таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Тараз қаласы Ж.Сабалақов көшесінің бойынан және Талас ауданы Қаратау қаласынан, Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылынан 280 орындық, осы аудандағы Жақсылық пен Өрнек ауылдарынан 140 орындық балабақшалар салу, сондай-ақ облыс орталығындағы Қазыбек би көшесіндегі 340 орындық №9 балабақшаны қайта жаңғырту әрі сенімгерлікке беру көзделіп отыр екен. Алайда, «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының өкілі Болат Сәрсенғалидың сөзіне сүйенсек, Таразда жаңа балабақшаның құрылысына шамамен 585 миллион теңге, Қаратаудағы мектепке дейінгі мекемені салуға 619 миллион теңге, Құландағы балабақша құрылысына 646 миллион теңге қаражат қажет екен. Кәсіпкерлер бұл қаржыны екінші деңгейлі банктерден ала алады. Осыны ескерткен маман несие алудың жолдарын да түсіндіріп өтті. Бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов кеңірек талдап айтып өтті. Мәселен, 585 миллион теңгеге балабақша салған кәсіпкердің қаржысы алдағы 3-4 жылда үш есе пайдасымен өтеледі екен. Тек тәуекел етсе, болғаны. Дегенмен, кәсіпкерлер тәуекелден бұрын өздеріне мемлекет тарапынан нақты қандай қолдау көрсетілетінін білгісі келеді. Олар несие алу тәртіптерін сұрады. Ерқанат Нұрбапаұлы бұл құрылысты қолға алған компанияларға конкурстық рәсімдерсіз мемлекеттік қолдау түрінде мемлекеттік білім беру тапсырысы берілетінін айтты. Бірақ, әуелі кәсіпкерде құрылысқа кететін жалпы шығынның 15-20 пайызы болуы керек. Қалған қаражатты екінші деңгейлі банктерден несиеге ала алады.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар