«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сыбайластыққа қарсы ымырасыз күрес

Сыбайластыққа қарсы ымырасыз күрес
ашық дереккөз
Сыбайластыққа қарсы ымырасыз күрес

Әлем елдері сыбайластыққа қарсы ымырасыз күресті бастағалы да он жылдан астам уақыт өтті. 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп жарияланғалы бері көптеген мемлекеттер қоғам дертін түбірімен жою үшін сан алуан шараларды қолға алған болатын. Ал біздің еліміз мұндай мақсатты іске 1998 жылдан бастап кіріскен еді.

Иә, Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы арнайы Заң қабылдап, жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялаған бірден-бір мемлекет. Қазақстан Республикасы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды 1998 жылы қабылдады. Сол кезден бастап бүгінгі күнге дейін аталған заңға 16 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Сонымен қатар, сыбайластыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын 2015-2025 жылдарға арналған Стратегиясын жариялады. Ел Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Осының бәрі Қазақстан қоғамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас және құқықтық сана қалыптастыру үшін қандай ауқымды шаралар қолға алынғанын көрсетеді. Дегенмен, жең ұшынан жалғасатын жемқорлықтың жолын кесу, әзірше мүмкін болмай тұр. Бұл туралы 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған облыстық форумда кеңінен талқыланды. Форумға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов жемқорлыққа қарсы күресте өскелең ұрпақ санасының сергектігін сақтаудың қаншалықты маңызды екеніне тоқталды. Негізі Ерқанат Нұрбапаұлының сөзінде үлкен мән бар. Өйткені, жас ұрпақты адалдыққа, әділдікке тәрбиелеу – аса маңызды. Жемқорлыққа тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы да осы. Бұл шараны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен облыс әкімдігінің білім басқармасының бірлесе ұйымдастырғаны да сондықтан. Форумда баяндама жасаған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Мақсұт Нәлібаев жемқорлықпен күрес жүргізуде қандай нақты шаралар қолға алынғанына тоқталды. Сыбайластықтың жолын кесу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін айтып, қабылданған заң және стратегиялық бағдарламалар шеңберінде атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. «Нұр Отан» партиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұзақ мерзімге іс-қимыл бағдарламасын әзірлегенін жоғарыда айтып өттік. Бұл бағдарламада көптеген мақсатты іс-шаралар қамтылған. Осыған сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды жиында партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат баяндады. Бір айта кететіні, көшбасшы партияның қабылдаған бағдарламасында көзделген мақсатты шаралардың ішінде де өскелең ұрпақтың сыбайластыққа деген жек көру сезімін туғызуды көздеген жобалар бар. Соның бірі – жас жеткіншектердің жемқорлықты жою жолдарын ұсынатын оқушылар арасындағы эссе байқауы. Шәбден Тоқтасынұлы оқушылар эссе байқауына қатысу арқылы сыбайластыққа қарсы күресте тың бағыттар ұсынатынын айтып, осының өзі құқық бұзушылыққа қарсы мүлдем төзбеушілікті қалыптастырудың тиімді жолы екенін сөз етті. Жеткіншектердің адалдыққа, тазалыққа жанының құштарлығы – отбасындағы ата-ана мен ұстаздардың тәрбиесінің жемісі екені даусыз. Себебі, әке-шеше – бүлдіршіннің өмірдегі басты бағдары болса, мұғалім – бала жанының бағбаны. Ал сол тәлім-тәрбие беретін жандар тура жолдан айныса не болмақ?! Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының штаб басшысы Ғани Тубаевтың сөзіне сүйенсек, биыл мектеп директорларының үстінен 60-тан астам шағым түсіпті. Оның басым көпшілігі – білім мекемелері басшыларының мамандарды қызметке алу кезіндегі іс-әрекеттері мен 1-сыныпқа балғындардың құжатын қабылдау ісіне қатысты екен. Тіпті, жұмысқа қабылдағаны үшін «сыйақы» дәметкендер де болыпты. Өз баяндамасында осыған тоқталған Ғани Салиұлы Т.Рысқұлов, Байзақ және тағы бірқатар аудандарда пара алып жатып ұсталғандардың есімдерін атап, келеңсіз жайттар туралы нақты мысалдар келтірді. Білім мекемелеріндегі құқық бұзушылықтардың әлі де азаймай отырғанын облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова да айтып өтті. Оның көпшілігі – балабақшаға жолдама беру және мекемеге жұмысқа орналасу кезінде орын алатынын тілге тиек етіп, қынжылыс білдірген Рахия Сейітбекқызы бұл олқылықтарды жою үшін осы жұмысты рәсімдеуді электронды жүйеге көшіру қолға алынып жатқанын мәлімдеді. «Қазір балабақша кезегіне қою толықтай автоматтандырылған. Дегенмен, әлі де жолдама беру кезінде құқық бұзушылықтарға жол беріліп жатады. Сондықтан біз бұл істі де түгелдей электронды жүйе арқылы жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Маман тапшылығы бар мектептер сұранысын қанағаттандыру және мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды да осындай жүйеге көшірмекпіз. Осы арқылы жұмыспен қамтудағы қозғалысты сырттай бақылап отыратын боламыз», – дейді басқарма басшысы. Форумда сыбайластықтың алдын алу үшін қолға алынған шаралардың нәтижелері туралы да сөз болды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің бөлім басшысы Дәурен Омаров баяндады. Ал «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев пен Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры Наталья Исеева осы бағытта жүргізген жұмыстардың барысына тоқталды. Қасымхан Естемесұлы жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға қоғамдық бірлестік төрағасының Алғыс хатын тапсырды. Форумды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қорытындылады. «Біз заманды өзгертуіміз үшін алдымен санамызды жаңғыртуымыз керек. Елбасымыз ұсынған рухани және экономикалық жаңғырулардың мәні де осында. Ұлт Көшбасшысы айтқандай, таптаурын болған қасаң қағидалардан арылып, ойымыз ісімізден озып тұрса ғана біз дамимыз», – деген Ерқанат Нұрбапаұлы әлемнің асқан жылдамдықпен өзгеріп жатқанын тілге тиек етті. Жастардың заманның ағымына қарай бәсекелік қабілетін дамытып, уақыт сұранысына сай білім мен біліктілігін арттыруы қажет екенін айтып өтті. Жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу үшін де сананы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар