Нұрби ЖІГІТЕКОВ, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы.
Бүгінде еліміз аумағында шегірткелердің 270-тен астам түрі кездеседі. Оның ішінде 10-15 түрі техникалық, дәнді және бау-бақша дақылдарына, жайылымдықтар мен шабындықтарға орасан зор зиян келтіретіні белгілі. Тіршілік ету ерекшеліктеріне байланысты олар үйірлі және саяқ шегірткелер болып екі топқа бөлінеді. Ең қауіптілері – үйірлі шегірткелер. Оларға тән басты қасиет – оқтын-оқтын жаппай өсіп-өніп, үйірленуі кезінде бір шаршы метрде жүз және одан да көп дернәсілдер жұмыртқадан туылып шығып, шектен тыс көбейіп кететіндігінде. Осыған байланысты олар үйір-үйір болып шоғырланады. Облысымыз аумағында осынау аса қауіпті зиянкес жәндіктер тобының үш түрі бар. Олар – итальяндық прус, марокколық және азиялық шегірткелер. Негізгі қорегі қамыс болуы себепті, азиялық шегірткелер облысымыз аумағынан өтетін Шу өзенінің бойында көптеп таралған. Сондай-ақ Шу, Сарысу, Мойынқұм, Жамбыл мен Жуалы аудандарының аумағынан, әсіресе Билікөл көлінің жағалауларынан да кездеседі. Ал, итальяндық прус барлық аудандарда дерлік бар. Марокко шегірткесінің Жамбыл, Байзақ, Талас, Жуалы, Қордай, Шу және Т.Рысқұлов аудандары аумағында таралуы тіркелген. Соңғы екі жылда олардың санының күрт өсуі байқалуда. Бұған бағзы кездері екі-үш жыл қатарынан қуаңшылық болуының «себі» тигені анық. Үйірлі шегірткелердің өсіп-өнуіне өңіріміздің ауа температурасы өте қолайлы. Облыс аумағындағы күн энергиясының әсері, ауа температурасының жоғарылауы мен төмендеуі де зиянкестердің бойындағы зат алмасуын жақсартып, өсіп-өніп көбеюін тездетіп, қоректенуіне және топтасуына оң ықпал етеді. Облыс бойынша биыл шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 121,07 мың гектар көлем жоспарланған болатын. Бұл іс белгіленген мерзімінде қолға алынып, жеткілікті көлемде техника күші жұмылдырылуымен жүзеге асырылды. Осы ретте зиянкес жәндіктердің Жамбыл, Байзақ, Талас аудандарының құм жиектеріндегі жайылымдарында да аса көп көлемде көбейіп, таралып кетуіне байланысты 146 910 гектар жер көлеміне химиялық өңдеу жұмыстары артығымен жүргізіліп, бүгінгі күні облыс бойынша барлығы – 210 000 гектар аумақта өңдеу жұмыстары жүзеге асырылды. Жоспарланған көлемнің шамадан тыс артуына талдаулардың нәтижесі көрсеткендей, соңғы жылдарда облыс аумағында марокко шегірткесі санының өсуі мен көбеюіне егістік көлемінің азаюы мен құрылымының, пестицидтерді қолдану режімі мен көлемінің өзгеруі, бос жатқан жайылымдардың тозуы секілді антропогенді құбылыстар едәуір әсерін тигізуде. Ал келер жылы аса қауіптілер қатарына енетін зиянкестер мен ауруларға қарсы фитосанитарлық іс-шаралар мен химиялық өңдеу жұмыстары барлығы 377 880 гектар алқапта, оның ішінде марокколық шегірткелерге – 298 710, итальяндық шегірткелерге – 38 850, азиялық шегірткелерге – 17 650, ақ егіс алқаптарының зиянды бақашық қандаласына – 11 000, дәнді дақылдардың ауруларына қарсы – 10 600, тышқан тектес кеміргіштерге – 80, сарышұнақтарға – 490, ал картоп зиянкесі колорадо қоңызына 500 гектар алқапта жүргізілуі жоспарланып отыр. Өсімдіктер карантині саласы бойынша агроөнеркәсіп кешені – экономиканың негізгі салаларының бірі және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, мемлекеттегі қоғамдық-саяси тұрақтылық та осы саланың дамуымен тікелей байланысты. Кедендік одақ аясындағы біртұтас экономикалық кеңістікке, сондай-ақ, еуропалық нарыққа шығу үшін біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Онсыз табыс жоқ, онсыз отандық өнім де болмайтыны, импорттың аранына жұтылып кететіні сөзсіз. Сондықтан бәсекеге қабілеттілік мәселесіне Үкіметіміз баса мән беріп отыр. Бәсекеге қабілетті, сапалы, экологиялық таза өнім өндіру, оны нарыққа шығарып сату жолдары, өсімдіктер карантині саласымен тығыз байланысты. Осыған байланысты 1999 жылы «Өсімдіктер карантині туралы» Заң күшіне енді, ал, 2009 жылы Үкімет тарапынан еліміз аумағын карантиндік нысандардан және бөтен текті түрлерден қорғау туралы №1730 Ереже бекітіліп берілді. Онымен қоса, 2005 жылы Қазақстан Республикасы өсімдіктер карантині және өсімдік қорғау жөніндегі Еуропалық ұйымының (ЕОКЗР) мүшесі болып кіргендіктен, осы аталған халықаралық ұйымның талаптарын орындауға және сақтауға міндетті. Жоғарыда аталған ҚР «Өсімдіктер карантині туралы» Заңының 18-бабына сәйкес, ҚР Үкіметінің Қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген карантиндік объектілерді анықтау, оқшаулау, жою жұмыстары түгелдей республикалық бюджет есебінен атқарылып келген болатын. Соңғы жылдары, аталған заңның осы бабына өзгеріс енгізіліп, арамшөптерге қарсы жою жұмыстары жекеменшіктің қандай түрі болмасын жеке және заңды тұлғалардың өз есебінен атқарылатын болды. Жою жұмыстарына арналып сатып алынған гербицидтер отандық өнім болса 50 пайызы, шетелдік өнім болса 30 пайызы жергілікті бюджет есебінен субсидия ретінде қайтарылып беріледі. Облысымыз аумағында карантиндік нысандардың 6 түрі тіркелген. Олардың 3-еуі карантиндік арамшөптер – жатаған (қызғылт) укекіре, арамсояу, тікенекті алқа. 3-еуі карантиндік зиянкестер – калифорниялық қалқаншалы сымыр, шығыс жеміс жемірі және америкалық ақ көбелек және соңғы жылдары, бұрын облыс аумағында тіркелмеген тағы екі карантиндік нысан анықталып отыр. Олар: жеміс ағаштарының бактериялық күйігі ауруы мен карантиндік зиянкес – қауын шыбыны. Биыл облыс бойынша карантиндік нысандарға, оның ішінде укекіреге қарсы 14290, америкалық ақ көбелектің 1-ші және 2-ші ұрпағына қарсы 170 және калифорниялық қалқаншалы сымырынға қарсы – 87 гектар, қауын шыбынына қарсы жоспарланған 111 гектар көлемнің 27 гектарына, барлығы 14574 гектар жер көлеміне химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, толығымен аяқталды. Сондай-ақ, облысымыздың аумағына басқа мемлекеттерден немесе карантинді аймақтардан карантиндік нысандардың әкелуінен немесе өз бетімен енуінен қорғау және аумақтарда фитосанитариялық ахуалды бір қалыпты ұстап тұру мақсатында 2017 жылдың 1 қаңтарынан қазіргі таңға дейін көлік бақылау бекеттерімен бірлескен жылжымалы бақылау бекеттері арқылы карантинге жатқызылған өнімдермен барлығы 66 504,86 тонна, 4718 автокөлік тексеріліп өткізілді. Оның ішінде – транзитпен Қырғыз Республикасынан Ресей Федерациясына карантинге жатқызылған өнімдермен өткен 41374,76 тонна, 332910 дана көшеттермен 2559 автокөлік, қырғыз елінен Қазақстан аумағына карантинге жатқызылған өнімдермен 10306,2 және 229809 дана көшеттермен 1506 автокөлік тексеріліп өткізілді. Жыл басынан бері Ресей Федерациясынан келетін өсімдіктер карантиніне жатқызылатын картоп өнімі тексеріліп, қорытындысында 42 тонна өнімнен карантиндік нысан – картоптың алтын түсті жұмыры анықталып, өнім кері қайтарылды және 12 тонна картоп өнімі комиссия шешімімен жойылды. Ал жыл басынан Қырғыз Республикасынан келген карантинге жатқызылған өнімдер тиелген 166 автокөліктен заң бұзушылық анықталып, экспорттаушы елге кері қайтарылды. Сондай-ақ, қазан айының екінші онкүндігінен бастап облысымыздың Қырғыз Республикасымен шекаралас Қордай, Меркі, Жамбыл аудандардағы жылжымалы бақылау бекеттерінде жүйелі түрдегі режімде автокөліктерге тексеру жұмыстары жүргізілуде. Осы тексеру жұмыстары барысында 890 автокөлік тексеріліп, Қырғыз Республикасынан келген 133 автокөліктен 149 заң бұзушылық анықталып, экспорттаушы елге кері қайтарылды, оның ішінде 65 карантиндік нысан тіркелді, сонымен қатар 5 автокөлікке тиелген 33 тонна картоп дақылынан картоптың алтын түсті нематодасы анықталып, істері сотқа жолданды. Нәтижесінде екі автокөлікке тиелген картоп өнімдерінің егелерінің ісі бойынша сот үкімі шығып, 63 532 теңге айыппұл төленіп, 11 тонна азықтық картоп Тараз қалалық күл-қоқыс жою орнында залалсыздандырылды. Ал Ресей Федерациясынан келген 22 тонна картоп дақылынан картоптың алтын түстес нематодасы анықталып, экспорттаушы елге кері қайтарылды. Айта кетер болсақ, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында Қырғыз Республикасының премьер-министрінің мәлімдемесіне, жауап ретінде Еуразиялық экономикалық одақтың бес талаптарын қатаң сақтайтынымызды ескерткен болатын. Себебі, фитосанитариялық бақылау жұмыстары барысында Қырғыз Республикасынан келген автокөліктерден заң бұзушылықтар әлі күнге дейін тыйылған емес. Облыстық және аудандық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар тарапынан жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштері бойынша осы жылдың 10 айында 12443 дана фитосанитариялық және 519 дана карантиндік сертификаттар беру мемлекеттік қызметтері көрсетілді. Барлығы 12962 дана. Бұл жұмыстардың барлығы қатаң түрде, бекітілген мемлекеттік қызмет стандарты бойынша жүргізілуде және барлық мемлекеттік қызмет көрсетілетін жерлерде арнайы стендтер жасақталып, берілетін өтінімдердің үлгілері көрсетілген. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік қызмет көрсету жолдары мен мекен-жайы көрсетіліп, хабарламалар берілді. Облыстық, аудандық, қалалық өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар тарапынан Қазақстан Республикасының өсімдіктерді қорғау мен өсімдіктер карантині саласындағы заңнамаларының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу жұмыстары одан әрі жалғасын табады деген сенімдеміз.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді