«Каратэ – төбелес емес, тұнып тұрған таным, философия!»
Ер адасқақ келеді Қазақ – жауынгер халық. Шынашақтай кезінен сайын дала төсінде табанын тасқа тілгізіп, құмға күйдіріп өскен кекілді ұл Мейрам Әбенұлы жасынан спортқа ынтызар болып өсті. Иә, спорттың сиқырлы әлемі баураған албырт жас қашанда адасқақ келеді. Кейде үйірінен жаңылған саяқтай әр нәрсенің басын бір шалатыны бар. Ол қызығушылықтың бәрі не үшін керек? Әлбетте, өзіңнің даңғыл жолыңды, соқтықпалы-соқпақты сүрлеуіңді табуың үшін де қажет. Мейрам алдымен еркін күрес залынан табылды. Аққан тер мен тынымсыз жаттығу өз жемісін берді, әрине. Он алты жасында Читадағы әскерилер клубының намысын қорғаған ол Мәскеудегі орталық әскерилер клубының базасында шарболаттай ширықты. Шынықты. Қылышынан қан тамған кеңестік кезеңде өз дәуірінің мықтыларымен боз кілемде белдесті. Мейрам Шотай сол жетпісінші жылдары атағы дүркіреген Олимпиада чемпионы Р. Дмитриев, Әлем чемпионы И. Федосеев, Еуропа чемпионы В. Карпов, В. Андросов секілді майталман спортшылардың бірқатарымен бір салмақ дәрежесінде күш сынасты. Жаттығу залында барын салды. Төккен тер текке кетпей, жуық арада нәтиже бере бастады. Иә, алдымен техникалық тұрғыдан шеберлігін арттыруды мақсат еткен Мейрам Шотай сол шеберлігі үшін талай додаларда «үздік техникалық шеберлігі үшін» марапатын алды.
– Дәл сол кезеңде Мәскеудегі бір шоғыр жастар каратэмен шұғылдана бастады. Менің де жүрек қалауым осы бір спорт түріне ауады. Жолым болғаны анық. Каратэ білгірі Валерий Штурминнен тәлім алдым. Кейін ол КСРО каратэ федерациясын құрды. «Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы» болуы керек деп жатады ғой. Маған каратэмен қоса еркін күресті қатар алып жүру ешқандай қиындық туындатқан жоқ. Қайта мұнымды азсынып, өзге де спорт түрлеріне көңіл бөле бастадым. Айталық жүзу спортының төрт санаты бойынша да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздім. Одан бөлек бокс, грек-рим күресі секілді бірқатар спорт түрлерін де жаныма серік еттім. Арада аз ғана уақыт сырғып өткен соң мені Роберт Берлотт, Виталий Пак секілді марқасқа шеберлердің қатарына қосты. Бұл КСРО тарихындағы каратэнің дүрілдеген дәуірі еді, – дейді кейіпкеріміз өткен күндерге көз тастап.
Шығыс жекпе-жегін біркісідей білген Валерий Штурмин ұзақ жылдар бойы күн шығыс елін (Жапонияны) мекен етті. Аталмыш архипелаг елде жүріп, каратэнің қыр-сырына қанықты. Үшінші дан иегері атанды. Бұл сол кезеңде КСРО тарихындағы алғашқы жоғары дәреже болатын. Штурминнен тәлім алған Мейрам Әбенұлы да өзі ісінің хас шеберіне айналды.
Жаттығу залындағы қатаң тәртіп Мейрамның техникалық мүмкіндіктерін арттырып, сүйікті спортына деген адалдығын үстемелей түсті. Содан болса керек, ол аянбастан шүмектеп тер төкті. Штурминнен үйренген шотоканмен тоқтап, тоқырап қалған жоқ. Қайта, кунг-фу (винг-чун) деп аталатын стильді де меңгерген үстіне меңгере берді. Шығыс жекпе-жегінің өзге санаттарын да бойына сіңіруді мақсат етті.
Зымыран уақыт зулап өтіп жатты. Мәскеу көрген Мейрам Әбенұлы 1973 жылы елге оралды. Ол кезде қазақ елінде спорттың еркін күрес, самбо, дзюдо, грек-рим күресі секілді түрлері кәдімгідей дамып кеткен еді. Алайда, жастар сол бір кезеңде қоян-қолтық жекпе-жек түрлерінің мәнін, пәлсапасын түсінбейтін. Шетелдік студенттер мен аз ғана мамандар жас өскіндерге каратэнің кинодан көрген, кітаптан оқыған фрагменттерін там-тұмдап үйретіп жататын. Шығыс жекпе-жегінің әліппесінен әрі аспағандар оның философиялық-этикалық аспектілерін жалындап тұрған жастардың санасына қалай құйсын, қалай меңгертсін? Соның салдарынан философияға бай спорт түрі каратэ төбелес құралына айнала бастады.
Тосқауыл қойылса да, тұрғындарды тоқтата алмады
Кеңес заманы тұсында каратэмен шұғылдануға тосқауыл қойылды. «Физикалық дайындаудағы әдістері дене тәрбиесімен үйлеспейді» деген екі желеу, бір сылтаумен каратэ спортын дамытуға қарсы шықты. Қайта, осы бір бекзат спорттың жолы қаншалықты бөгелген сайын соншалықты ережені бұзушылардың қатары көбейді. Тіпті, ақылы секциялар ашылып, ата-аналар ұл-қыздарын жаттығу залдарына жетектеп апарып жатты. Арада төрт жыл өткен соң Мейрам Әбенұлы Мәскеуге қайта оралып, каратэ-шотокан «50 man cumit» бойынша сынақ тапсырды. Сынақтан сүрінген жоқ. Ал 1978 жылға қарай елде каратэмен шұғылданушылар саны күрт өсті. Осы жылдың наурыз айында СССР-дің спорт комитеті каратэнің дамуына қарсы шаралар қолдану туралы шараны қолға алды. Дәл осы жылы Ташкентте өткен бәсі жоғары додада Мейрам Әбенұлы жүлдегерлердің қатарынан көрініп еді. Дегенмен, алғашында жекелеген стиль бойынша ғана каратэмен шұғылдануға тосқауыл қойылса, араға алты жыл салып, заң күшіне енді. Тіпті, спорттық каратэмен мүлде шұғылдануға болмайтыны ескертілді.
Сол кездерде Мәскеуде Шығыс жекпе-жектерінің кеңестік ассоциациясы (CABE) құрылды. Оның Президенті болып ұзақ жылдар бойы оңтүстік-шығыс Азияда, Жапонияда, Латын Америкасы мен Нидерландыда еңбек еткен Илья Гульев сайланды. Өтпелі кезеңде ағылшын және жапон тілдерін еркін меңгерген санаулы азаматтардың қатарында Илья да бар еді. Ол одан бөлек каратэ-шотокан бойынша үшінші дан дәрежесінің иегері болатын. Сол САВЕ өтініші негізінде кейіннен Қазақстанда Жамбыл қаласында да Жамбыл ассоциацияның филиалы ашылды. Мұнда аттестаттаудан өткізетін төрешілердің семинарлары жиі ұйымдастырылды. Бұл ретте өңірге бірнеше рет келген 5 дан иегері нидерландылық Пита Вернгустың да еңбегін айта кеткен ләзім.
1990 жылы Эстония астанасы Таллинде каратэ түрлерінен «Таллин тарланы» турнирі ұйымдастырылды. Додаға 9 дан иегері, әлемдік деңгейдегі спорт шебері Теруо Коно мен 7 дан иегері Пауль Хеглунд қатысты. Айтулы аламан алдында аттестаттаудан өткізу туралы семинар өткізіліп, нәтижесінде халықаралық дәрежедегі турнирлерде төрешілік ету туралы сертификаттар иелерін тапты. Осы байрақты сында жамбылдық жампоз Мейрам Әбенұлы жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Жерлесіміздің ауыз толтырып айтарлықтай жетістігінен соң өңірімізде каратэмен шұғылдануға деген жастардың қызығушылығы тіптен арта түсті. Сол уақытта халықаралық дәрежедегі додаларға негізінен жамбылдық спортшылар көбірек тартылды. Қатысты. Екі мыңға жуық жас өскін осы бір спорт түрімен айналысты. Бұл күндері Мейрам шотокан стилін еуропалық стандарттармен үйлестіріп, дамытып жүр. Жапондардың бірқатар қағидаттарын жаттығу залдарында жаңаша үрдіспен пайдалана білді. Жаңашыл азаматтың озық ойлары өз жемісін берген соң жұртшылық оны еліміздегі «каратэнің әкесі» атап кетті.
– Біз бірлесе жүріп, бір нанды бөлісіп жедік. Қаржылық жағдайларға да қарайластық. Олар бізде ақысыз жаттығуларға қатысты. Дуы басым додаларға өз қаражаттарымен барғаны рас. Сол уақыттағы азаматтар біздің көмегімізге мұқтаж болды. Талаптылардың талантын ұштап, каратэ өнерін мықтап меңгерулеріне атсалыстық. Ол азаматтық парызымыз еді, – дейді Мекең өткен күндер хақында сыр шертіп.
Сол бір аумалы-төкпелі кезеңде өз ісінің шебері, әйгілі Канадзава Мәскеу төрінде бірқатар семинарлар өткізіп, үш жүзге жетеқабыл спортшыдан сынақ қабылдады. Беларусь, Ресей, Эстония, Қазақстан елдері спортшыларының басы осы кезде де бірікті. Шараға аттестаттау комиссиясының мүшелерінен бөлек таэквондодан 10 дан иегері Джун Ридің өзі Мәскеуге шақыртылды. Араға жыл салып, Канадзава Мәскеуде Еуропа мен Азия құрлықтарының он мемлекетінің өрендері қатысқан халықаралық турнир өткізді. Қырымдағы жазғы лагерь де ойдағыдай өтті. «1992 жылы біз Джун Риді Жамбыл қаласына шақырдық. Тарихпен тамырлас қалаға атбасын бұрған ол біздің спортшылармен, қазақ халқының ғұрпымен танысты. Ұлы Дала елі оны қатты таңғалдырды. Тіпті, мұнда өзінің спорттық клубын құруды ойластырды», – дейді Мейрам Әбенұлы даңқты шебердің Жамбыл топырағына табан тіреген кезін еске салып. Кейіпкеріміз осы жылы CABE құрамында Жапонияда жаттықты. Сонда жүріп 3 дан иегері атанды. Үздік ұжымдардың бірі ретінде оның командасы Израильде өткен Еуропа біріншілігінде бақ сынаса, гранд-шебер Мейрам Шотай оларды бастап жүрді.
Осы бір шығыс жекпе-жегінің елімізде дамуына саналы ғұмырын арнап жүрген Мекең 1995 жылы 5 дан иегері деген атаққа қол жеткізді. Дәл осы жылы халықаралық кәсіпқой каратэ лигасының Еуропадағы өкілі ретінде таңдалды. Жапон тілінен тәржімалағанда «жалаң қолдардың жолы» деген мағына беретін бұл ерекше спорт түрі жауынгерлік рухты арттырып қана қоймай, адами қасиеттерді де арттыра түседі. Тіпті, кейбір аңыздарда шығыс жекпе-жегі о баста Қытай елінен Жапонияға жеткен деген де дерек бар. Бастапқыда Окинава аралында тұсауы кесілген каратэ тіпті алғашқыда Окинава-те деп аталыпты.
Самурайлар елінде 6, 7, 8 дан иегерлерін өз ісінің нағыз шеберлері деп атайды. Олар бұл спорттың кеңінен өрістеп, жаңа қырынан таныла түсуі үшін аянбай тер төгеді. Тіпті жаңа бағыттарды да ойлап тауып жатады. Мұндай құрметті атаққа ие азаматтар академиялар мен университеттерде сабақ бере алады. Психология және философия саласы бойынша ғалымдық дәрежеге дейін қол жеткізеді.
Каратэ спортының әртүрлі стилдік мектептері, бағыттары – тұнған философия. Бұл спорт түріне балғындарды баулитын мамандар олардың бойына қайсарлықты, ұқыптылықты, қиындыққа төзе білу секілді қасиеттерді дарыта білері ақиқат.
Шығыс жекпе-жегінің осы бір айрықша түрін мықтап меңгеріп, жан-жақты дамытып жүрген Мейрам Әбенұлы 1998 жылы спортты өрістетудегі жеткен барлық жетістіктері үшін Еуразия құрлығы бойынша 7 дан иегері атанды. Бұл ең жоғары дәрежелердің бірі. Жылдар бойы шүмектеп төккен тер мен қажырлы еңбектің жемісі, жеңісі. Спорт әлемінде аса жоғары санат саналатын жетінші данға жету екінің бірінің қолынан келе бермейтіні ақиқат.
Иә, каратэ тәннің жылдамдығын ғана, емес, сананың жылдамдығын, яғни адамның ойлау қабілетін де арттырады, ұштайды. Бұл спорттың негізгі қағидаттары: күш тек қана шиыршық атқан бұлшық етте, білекте ғана емес, санада; уақытты сезіну – жеңістің кілті; ұстамдылық шайқаста да, өмірде де керек; адамның ішкі әлемі мен сыртқы әлемі үйлесім табуы қажет секілді критерийлерді қамтиды.
Шығыс жекпе-жектері туралы әңгіме қозғала қалса болды, қазақ ұландары бірден Мұстафа Өзтүріктің атын атап, елім деп келген есіл ер туралы әртүрлі әңгімелерді қозғап жатады. «Болмысы бөлек тұлға Мұстафа Өзтүрік Алаш топырағына 1992 жылы екінші рет табан тіреген кезде таныстық. Жақсы дос болып кеттік. Дәл сол дәуірде Мұстафа таэквондодан алтыншы дан иегері болатын. Сол бір аумалы-төкпелі шақта дәл сондай жоғары дәрежеге қол жеткізген Мұстафадан өзге ешкім болмаған еді. Сондықтан да қазақ халқы өз оғланын нағыз батыр ретінде қабылдады. Мұқаң шын мәнінде де жаны жайсаң, өте керемет жан. Білгенін басқалардың санасына сіңіруден жалықпайтын хас шеберден көп нәрсені үйренуге болатын еді. Ол өз шәкірттерінің биік белестерді бағындыра алатындығына шын ынта-ықыласымен, жан жүрегімен сенетін» дейді, – Мейрам Әбенұлы қазақтың Мұстафасын сағына еске алып.
Мәкеңнің шын шебер екенін пайымдап, бауырының мүмкіндіктерін жүрек көзімен сезіне білген Мұстафа оған таэквондодан үшінші дан иегері деген дәрежені тарту етті. Мықтылардың бір-бірін мойындауы, бағалауы дегеннің озық үлгісі осы емес пе?!
Каратэнің негізгі төрт түрі әрі ұстанымы бар десек қателеспейміз. Алғашқы түрі бойынша адам тыныс жолдарын реттейтін жаттығуларды жасап, емдік-сауықтыру гимнастикаларына назар аударады. Спорттың бұл түрімен әуестенгендер тұла бойындағы психологиялық тепе-теңдікті қалыпты баланста ұстап тұра алады. Одан бөлек жекпе-жек түрлерінің пәлсапасын терең меңгере түседі. Арнайы жаттығулар арқылы қоршаған ортаның терең құпияларын, құбылыстарын тануға талпынады. Басты мақсат адам гармондары табиғатпен бірге жасасып, оның заңдылықтарына бағынуы тиіс.
Ал, «ката» яғни, көлеңкемен жекпе-жек өткізу түрі физикалық-философиялық аспектілерді қамтиды. Арнаулы кешенді жаттығулар осы бағытта өрбиді. Алдыңда қасқайып қарсы тұрған спортшының жоқтығына қарамастан, спортшы қорғаныс тосқауылдарын қойып, соққылар бағыттап, жекпе-жектегідей айнала қозғалып, іс-қимылдар жасайды. Атқарылған барлық техникалық жұмыстар төрешілердің сын көзінен өтеді. Бұл жерде жылдамдық та, тәсілдерді жоғары деңгейде орындау шеберлік те бақылауда болады.
Дәстүрлі каратэ түрі спорттың бай ғұрпын сақтайды. Шынайы соққылар еркін қимылдар арқылы бағытталады. Оны жоғары дәрежелі спорт шеберлерінің орындауында көрудің өзі бір ғанибет. Бұдан бөлек спортшының техникалық шеберлігін де осы жерде көре аласыз. Кірпіш, түрлі құрылғыларды қас пен көздің арасындай уақытта қақ бөлетін жойқын соққылар да дәстүрлі каратэде орын алады. Кейбір каратэ стилдеріне спорттың өзге түрі де кіріктірілген.
Коммерциялық каратэмен көбінесе кәсіпқой спортшылар шұғылданады. Олар жоғары дәрежелі атақтарға қол жеткізу үшін арнайы емтихандарды тапсырмайды. Спорттың бұл түрі көбінесе көше төбелесін көз алдыңызға елестетеді. Жапонияның нағыз гранд шеберлері каратэнің бұл бағытын мойындамайды. Өйткені, коммерциялық каратэ дәстүр, рух, тәрбие атаулыдан іргесін алшақ қалаған.
«Мен қайда жүрсем де ана тілімді, Отанымды естен шығарған емеспін. Қазақы менталитетті сақтай білу, оны насихаттау – әрбір ел азаматының адами парызы, борышы. Алайда, көп тіл білгеннің ешқандай сөкеттігі жоқ. Орыс тілінен бөлек, ағылшын тілінде еркін сөйлесе аламын. Жапон тілін де бір кісідей білемін. Неғұрлым көп елдің тілін білсең, соғұрлым дүниетанымың арта түседі. Бірнеше мемлекеттің мәдениетін, өнерін, халықтық болмысын тани түсесің. Басқаны қайдам, полиглот болу менің көзқарасымда спортшы үшін басты мақсатқа айналуы тиіс», – дейді ол дүниеден көрген-түйген ойларымен бөлісіп.
Мейрам Әбенұлы философияны жанындай жақсы көргендігінен өзге өлең де жазады. Федор Достоевскийдің туындыларын сүйсініп оқиды екен. Одан бөлек сурет өнеріне де қызығатыны бар. «Рухани үйлесім тұрғысынан алып қарасақ, каратэ – Моцарттың үздік классикалық туындыларымен үндеседі. Моцарттың ғаламат туындылары секілді каратэ де әрі сымбаттылықты, тазалықты, бекзаттықты, терең танымды талап ететін кірпияз өнер. Анығы солай. Каратэні көше төбелесімен шатастырып жататындар қатты қателеседі. Бұл – нағыз өнер!», – деді жанарын әлдебір терең мұң торлаған кейіпкеріміз.
Татами сыртындағы тілдесу
– Гранд-шебер атану үшін түрлі жолдан өттіңіз. Философия ғылымдарына аңсарыңыз ауды. Өз ісінің хас шебері ретінде әлі күнге жаттығу жасайсыз ба?
– Әрбір атқарған іске сүйіспеншілікпен қарау керек. Бұл менің ғұмырлық ұстанымым. Өзіңнің ойлау жүйеңде де үйлесім сақтауың қажет. Өз жұмысыңның нағыз шебері болдым екен деп тоқтап қалмауға тиістісің. Қандай жауапты қызметтерде жүрсем де әлі күнге жаттығудан қол үзген емеспін. Гармония мен энергия үйлесім табуы үшін жаттығудан, ойдан алшақтамау ләзім. Менің көзқарасымда адамның бойындағы биологиялық интеллект әрдайым қозғалыста болуы шарт. Биологиялық интеллект дегеніміз – табиғи тылсым күш. Жалпы, адам баласы генетикалық кодтың, биологиялық, әлеуметтік интеллектінің ғылыми тұрғыда өрістеуіне назар аударғанда жетістікке жету қиындық тудырмайды. Адам ылғи да даму үдерісін бастан кешіріп отыру керек. Өмір сүру ережелері: атап айтқанда, біреуден көру арқылы үйрену дегеніміздің бәрі де әлеуметтік интеллектінің жемісі. Осының бәрін қатар ұштастырған адам тұлға болып қалыптаса алады. Ғылым оны дәлелдеп қойған. Спортта да, мәдениетте де, өнерде де солай. Санадағы ақпарат алаңына біз жақсылық нұрын себуіміз керек.
– Сіз әуелгіде еркін күрес залынан табылдыңыз, кейін каратэге бет бұрдыңыз. Неге?
– Бұл спортқа да аңсарым ауды. Ол кезде каратэ онша танымал емес. Жамбылда құпиялылықты сақтай отырып, каратэні насихаттадық. Ол кезде жалаң қолмен соққылар бағытталатын болған соң қауіпті саналса керек. Ұпай берілмеген жағдайда ауыр соққы бағыттайсың ғой енді. Нақты ұстанымға толы догмалардан алыстау болған кездер кездесті. Көптеген адамдар жарақат та алды. Әлі күнге қалыңдығы алты, сегіз сантиметрлік тақтайларды ұрып сындырамын. Қаласаң көрсетейін. Бірқатар қауіпті соққылар жарыстарда қолданылмайды.
– Соққыңыздың салмағын есептеп пе едіңіз?
– Иә, кезінде аяқпен 280 келіге дейін баратын.
– Не айырмашылық бар, боксшылардың соққысы жойқын келеді ғой...
– Каратэде бастысы – жылдамдық. Ал боксшыларда итерме күш болады. Яғни, инерция. Бұл соған да байланысты. Каратэде денеде гармония сақталуы тиіс.
– Каратэ түрлері Олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына бұрын кірмейтін. Сіз еркін күрес залынан табылдыңыз. Олимпиадалық спорт түрі бұл. Неге күресте қалып, олимп биігін бағындыруға ниеттенбедіңіз?
– Күреспен айналыстым. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Бірқатар додаларда жұлдызым жанды. Алайда, сол кезде мені ғылыми жұмыстар баурап алды. Үшінші курстан бастап, соған ден қойып кеттім. Кейіннен каратэге деген аңсарым ауды да, спорттың осы бір түрімен шұғылдана бастадым. Сосын жаттықтырушылыққа бет бұрдым. Бапкерлерді де баулыдым. Шәкірттерім бесінші, үшінші дан иегерлері атанды. Жақсы жаттықтырушы болу үшін үшінші данды алсаң да жеткілікті. Бірінші данды қара белбеу иегері ретінде иелене алсаң, екінші дан дәрежесін қорғауға тиістісің. Ал, үшінші дан иегері атану үшін ағылшын тілін білуің міндетті. Сол секілді бесінші дан дәрежесіне қол жеткізу үшін жапон тілін меңгеруің маңызды. Алтыншы данды алу тіптен қиын. Ол үшін ғылым докторы дәрежесіне көтерілуің қажет. Ал, мен жетінші дан иегерімін. Шихан атандым. Ол дегеніміз спорт тілінде – гранд мастер (үлкен дәрежедегі шебер). Философия ғылымдарының докторымын. Көрдіңіз бе, каратэ тек қана спортшы ретінде тәрбиелемейді. Адамның тұлғалық қырларын аша түседі. Полиглот боласың. Дәрежеңді көтеру үшін ізденесің де. Міне, бұл спорттың мықтылығы осында жатыр. Оныншы дан каратэнің негізін қалаушыларға беріледі.
– Жалпы, спортқа әуестенгендердің бірқатары көше төбелесінде «таяқ жеген» соң жаттығу залынан табылып жатады ғой. Соның жарқын мысалы – боксшы Майк Тайсон. Сіз де көше төбелесінен кейін спортқа қызыққан жоқсыз ба осы?
– Өте орынды сұрақ. Мен кішкентай кезімде өте нәзік, аурушаң болдым. Үйдегілер бала кезімде мені қызғыштай қорып, жұмысқа салмайтын. Сол шақта көшедегі ересек жігіттер беріліп күресіп жататын. Осы жігіттер мені тәрбиеледі десем де болады. Әлгі ересек балаларға қарап, еліктеп өстім. Мектептің маңайында тұрдық. Сонда боксқа жіберетін. Сөйтіп, спортпен шұғылдана бастадым. Жетінші сыныптарда гимнастикамен айналыстым. Ересектер бойынша екінші санатты (разряд) қорғадым. Осылайша, барлық спорт түріне қызыға түстім. Бір қызығы күреспен шұғылданып жүрген кезімде бәрі менің бір ғана тәсіл қолданатынымды біліп отырады екен. «Мейрам қазір жамбасқа тастайды» деген жиі айтылады. Кішкентай кезден қалыптасып кеткен әдет шығар, шынында да сол тәсілді ылғи қолданыппын. Барлық тәсілдер маған ұнайды. Бірақ жамбас тәсілі жоғарыда өзім айтқандай менің биологиялық интеллектім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді