Қораны – қараға, ауызды – аққа толтырам дегенге бүгінде жол ашық, қолдау көп екенін қарапайым халық біле бастаған. Құжат рәсімдеу барысында кездесетін түрлі кедергілер де азайған. Мәселен, бірер жыл бұрын ауылдағы балшықтан соғылған үйлерді банктер несиеге кепілдік ретінде жарамсыз деп тауып келсе, енді ол кәсібін дөңгелетем дегенге кедергі емес. Кезекті баспасөз туры барысында көз жеткізгеніміздей, түймекенттік тұрғындардың да біразы ауылдағы жылжымайтын мүліктерін кепілге қойып, «Ырыс» бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткізген. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Ақжар» шаруа қожалығының негізінде «Күнім», «Мырзабаев», «Ди Али», «Байжарықова» жеке кәсіпкерліктері бірігіп, «Бірлік-Түймекент» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрыпты. – Қазір кооперативіміздің 40-қа жуық мүшесі бар. Оның 25-і несиелендіріліп, 113 миллионға жуық теңге алдық. Ол қаржыға арнайы тапсырыспен Екатеринбург қаласында 1,5 тонна сүт жинайтын көлік пен құнарлы құрама жем өндіретін цех салып жатырмыз. Цех сағатына 1 тоннадай құнарлы жем өндіретін болады. Болашақта кооператив мүшелерін ғана емес, байзақтықтарды да толығымен жеммен қамтамасыз етеміз деген ойдамыз. Ал сүт жинайтын көлігіміз, әсіресе, жаз айларында жайлаудан, фермалардан жинап болғанша сүтті мотор арқылы мұздатып отырады. Қазір басқа шаруа қожалықтарынан сүт жинамайтын болғандықтан, әзірге сүт өңдейтін цехымыз тоқтап тұр. Бірақ, келер жылдың көктем, жаз айларына қарай мал басы мен сүт көбейгенде цехты қайта қосып, түрлі сүт өнімдерін шығаруды жоспарлап отырмыз. Ал бүгінде жергілікті жердегі өнім өңдейтін «Лесняк» жеке кәсіпкерлігіне кооператив құрамындағылардан жинап, литрін 90 теңгеден күніне 600 литрдей сүт өткіземіз. Меншігімізде сондай-ақ, «2 МТЗ-80» тракторымыз, соқа, 2 сиыр сауатын аппаратымыз, өзге де техникамыз, 800 гектардай жеріміз бар. Оның 500-і жайылымдық жер болса, 300 гектарға жоңышқа, жүгері, арпа, асқабақ секілді мал жейтін құнарлы дақылдар мен көкөністерді егудеміз, – дейді «Бірлік-Түймекент» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Марина Байжарықова. 1998 жылы шаруа қожалығы болып құрылған «Ақжар» жеке кәсіпкерлігі кезінде ауыл тұрғындарынан сүт жинап, цехынан айран, сүзбе, ірімшік, кептірілген ірімшік, құрт шығарып келген. Кәсіпкер Манат Тілебаев та биыл «Ырыс» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңгеге қол жеткізіп, оған 50 бас асыл тұқымды сиыр мен арнайы техника сатып алады. 3 миллион теңгеге аумағы 1,6 гектар жылыжай орнатады. Жалпы, аудандық әкімдіктің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Сағынбековтің айтуынша, бүгінде Байзақ ауданында 40 өндірістік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай қолдаудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында ауданға бекітілген индикативті жоспар негізінде сүт бағытында 3 ауыл шаруашылығы кооперативін құру керек болса, бүгінде олардың саны 4-ке жеткен. Ет бағытында жоспардағы 2 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Сүт өндіру бағыты негізінде жоспарға сәйкес 1 кооперативтің орнына бүгінде 2 кооператив, көкөніс дайындау бағытында 1 кооператив құрылған. Сонымен қатар, жоспар бойынша бекітілген 3 отбасылық жылыжай да соғылу үстінде.
Түймекент ауылы, Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді