«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұсыныс ойдан шығып, ол орындалуымен құнды

Ұсыныс ойдан шығып, ол орындалуымен құнды
ашық дереккөз
Ұсыныс ойдан шығып, ол орындалуымен құнды

Оңласын Есіркепов, облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы.

Бағдарсыз даму, бағытсыз жүру кімді де болса ұшпаққа шығармасы анық. Сондықтан, Ұлт Көшбасшысы ағымдағы жылдың 31 қаңтарында мемлекетімізді өркениеттің шыңына жеткізіп, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енгізетін «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын және сәуір айының 12-сі күні қазақстандықтардың өзіндік рухани, мәдени келбет, болмысын қайта тұлғаландырып, жаңғыртатын және ұлтымыздың халықаралық қауымдастықтағы орнын айшықтандыруға ықпал ететін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласын отандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария етті. Жолдауда Елбасының 5 негізгі басымдықты айқындағандығы мәлім. Атап айтсақ, бұл – біріншіден, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, екіншіден, бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, үшіншіден, макроэкономикалық тұрақтылық, төртіншіден, адами капитал сапасын жақсарту, бесіншіден, институттық өзгерістер, қауіпсіздікті және сыбайлас жемқорлықпен күресті қамтамасыз ету болып табылады. Осы басымдықтарға сәйкес, Жолдауда ішкі әлеуеті әлі сарқылмаған және бәсекелік артықшылықтарға жетуге үлкен мүмкіндіктері бар жаңа «өсу нүктелеріне» және «қозғаушы күштерге» де ерекше көңіл бөлінді. Оған қоса, Елбасы әлемдік экономикада болып жатқан жаһандық технологиялық өзгерістерді есепке алу керектігіне, еліміздің әл-ауқатын одан әрі көтеру үшін барлық өндіріс және қызмет көрсету салаларында тиімді инновациялық тетіктерді қолдану қажеттігіне де баса назар аударды. Ал еліміздің маңдайалды ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауымның сүт бетіне шығар қаймақтары тарапынан кеңінен қолдау тапқан Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында осы діттелінген мақсаттарға жету үшін санамыздың, ісімізден озық жүруіне, яғни одан бұрын жаңғырып отыруына мүмкіндік беретін бәсекелікке қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы сияқты алты бірдей бағытты бағдар етіп алу жөнінде ұсыныс жасалынды. Мақала концепциясында уақыт талабы алға қойып, бүгінгі таңда қазақстандық қоғамда қызу талқыланып жатқан заман сынағына төтеп беруімізге қажетті нақты жобалардың бірі ретінде, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру мәселесі де қарастырылған. Елбасы бұл туралы «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», деп кең тұрғыда түсіндіріп те берді. Олай болатыны, күні кешегі кеңестік кеңістікте үстемдік құрған унитарлық-тоталитарлық жүйенің тұсында, атап айтқанда, 1929 жылдың 7 тамызында 900 жыл бойы Қазақстан аумағында қолданылып келген, сол тұстағы қазақ ұлтының 70 пайызға жуығы оқып, жаза алатын араб әліпбиі латын қарпіне ауыстырылып, соның салдарынан он бір жылдан астам уақыт бойы бүкіл республика көлемінде сауатсыздықты жою науқаны жүргізілді. Ал 1940 жылдың 13 қарашасында сол ұзақ жылдар аралығында қолға алынып, ұйымдастырылған қыруар жұмыстың нәтижесі жоққа шығарылып, латын әліпбиі кириллицамен алмастырылды. Нәтижесінде халқымыз тарихи жадынан айрыла жаздады, өзіндік ұлттық болмысын жоғалтуға шақ қалды, сөздік қоры мен құнарлылығы жағынан халықаралық қауымдастықтағы араб (12 300 000 сөз ), ағылшын (750 000), қазақ тілі (600 000), испан тілі (300 000), орыс тілі (150 000), қытай тілі (87019 иероглиф) сияқты алдыңғы қатарлы алты тілдің санатынан табылатын қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды, қаны бір, тілі ұқсас бауырлас түркі тілдес халықтармен арадағы қарым-қатынасқа зардаптарын тигізді. Әрі ашығын айту керек, руханияттың негізгі критерийлерінің бірі болып табылатын тілімізге келтірілген осынау нұқсанның салдарларының ел тәуелсіздігінің өткен жиырма бес жылында да толық жойыла қоймағандығы баршаға аян. Өйткені, білім саласында – оқулықтардың, іс жүргізуде – құжаттардың кириллицаға негізделіп жазылып толтырылуы қазақ тілінің үстемдік етуші тілдердің ықпалынан шығуына, ел аумағындағы өзіндік қолданылу кеңістігін табуына мүмкіндік бере қоймады. Ал қазіргідей Ұлт Көшбасшысы, республикамыздың тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқының келешек тағдырының қамын ойлап, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынған алты бірдей концепциялық бағытты, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы жасалынып қабылданбайынша іс жүзінде жүзеге асыру мүмкін емес. Нақ сондықтан да Елбасы мақаланың «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталатын екінші тарауының беташарында латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің себептері мен оған көшу мерзіміне және осы орайда қолға алынатын іс-шаралар ауқымына жан-жақты тоқталған. Біріншіден, алдағы екі жылдың ауқымында республика Үкіметінің күш салуымен ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Бұл ретте, елімізде құрылған, арнайы ұлттық комиссияның латын әліпбиінің компьютерде қолдануға болатын нұсқасын қазірдің өзінде әзірлеп қойғанын айтуға болады. Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім беруге, білім саласындағы жаһандық бәсекеге анағұрлым бейімделген мамандарды даярлап шығуға, еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы гуманитарлық зиялы қауым өкілдерінің мемлекеттің қолдауына ие болуына мүмкіндік туғызатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынады. Бұл ретте, «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, солардың іске жұмылуымен алдағы бірнеше жылдың аясында гуманитарлық ғылымның барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылады. Сөйтіп, жастардың дүниежүзіндегі таңдаулы оқулық үлгілерінің негізінде білім алуына жағдай жасалынады. Міне, осы қолданылған игі шаралардың нәтижесінде, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей қазақстандық жаңа тұрпаттағы «...мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қолданатын болады». Үшіншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру қазақ ұлтының бүгінде жазу-сызуы түгелдей дерлік латын қарпіне көшкен түркі әлемімен арадағы қарым-қатынасын нығайтып, жақындастыра түседі. Бір атап өтетін жай, сонау тоқсаныншы жылдары, тәуелсіздіктің таңы жаңа атқан шақта-ақ, қазақ тілінің көсегесін көгертуді көздейтін ұлтжанды отандық ғалымдарымыз латын әліпбиін тілімізге орайластырып, қолданысқа енгізуге ыңғайлы бірнеше нұсқасын жасағандығы белгілі. Оның үстіне, еліміздегі «Жасанды интеллекті ғылыми-зерттеу институты» кириллицамен жазылған мерзімдік басылымдардың, кітаптардың электронды нұсқадағы мәтіндерін латын әліпбиіне ауыстыратын әлемдік стандарттарға сай конвертерді әлдеқашан-ақ ойластырып, шығарып қойғаны тағы бар. Мұндай жағдайда әрине республикамыздың латын қарпіне көшуі Елбасы белгілеген мерзімде жүзеге асырылып, сонау жиырмасыншы ғасырдың бастапқы ширегінде ұлт зиялыларының аңсағанындай күллі түркі әлемімен құшақ жарастырып, еуропалық өркениетке де бір табан жақындай түсетініміз анық.

Ұқсас жаңалықтар