«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табандылық пен батылдықтың үлгісі

Табандылық пен батылдықтың үлгісі
ашық дереккөз
Табандылық пен батылдықтың үлгісі

Берденді бала жастан білемін. Әрбір ісін ақылмен жасайтын. Бұл бала күнінен қалыптасқан әдет болса керек. Алматы ауыл шаруашылығы институтының механика факультетін бітіріп, Талас ауданы, «Ойық» кеңшарында жұмысын бастады. Әуелі машина-трактор жөндеу шеберханасының меңгерушісі болды. Осы жұмысында жүріп, жүгеріні жаңаша тәсілмен егу жұмысын ұйымдастырып көзге түсті. Талас, Сарысу ауданаралық ауыл шаруашылығы басқармасына бас инженер болып ауысқанда орда бұзар 30 жаста еді. Көп ұзамай аталған ауданның «Кеңес» кеңшарына директор болып тағайындалды. Міне, осы жұмыста Берден өзін жан-жақты көрсете білді. Тіпті, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың да көзіне түсті. Содан дәуірлеп жүре берген. Сарысу аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қордай аудандық атқару комитетінің төрағасы... Қордайға барарда үйге келгені бар. Ақылдасқалы келіпті. Бұрыннан да аға-іні болып сыйласып жүргенбіз. Қордайға барғысы келмейтінін айтты. «Берден, айналайын, сен бұл ұсыныстан бас тартпа. Аудандық атқару комитетінің төрағасы деген ауданның бірінші басшысына жақын қызмет қой. Ұзамай бірінші хатшы болып қаларсың, бара бер!» – деп ағалық ақылымды айттым. Сонымен өзі де ойланған болар, Берден Қордайға ауысты. Арада 6 ай өткенде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Қордайда он жылға жуық бірінші хатшы болған ол ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін көш басына шығарып, көтерді. Өзінің нағыз іскер азамат екенін танытты. Екі мәрте Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. Ел байлығын еселеу үшін аянбай тер төкті. Қай кезде де табандылығы мен батылдығы оған көмекке келді деп ойлаймын. Қай жұмыста да өзінің іскерлігінен, белсенділігінен айныған емес. Өзін де аяған жоқ, өзгеге де тыным таптырмады. Берден болашақты да бағамдай білген екен. Сабира келін екеуі өнегелі, ұлағатты, үлгілі ұл-қыздар тәрбиеледі. Салтанат бастаған сол ұл-қыздардың барлығы да қазір тәуелсіз еліміздің ойлы, белсенді азаматтарына айналып отыр. Берден зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қарап жатпады. Шаруа қожалық ашып, жаңашыл жұмыс жүргізуде еңбек адамдарына үлгі болды. Туған жері – Амангелді ауылынан еңселі мешіт салып, ол имандылық үйіне қазақтың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың атын бергізді. Дінмұхамед Қонаев атындағы мешіт Амангелді ауылының үлкен-кішісін имандылыққа тәрбиелеп, жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары Берден тарихи еңбектер жазумен де біраз шұғылданып, бірқатар кітаптар жазды. Ол ғалымдар мен оқырмандар тарапынан жылы лебізге ие болды. Берденнің өнегелі өмірі – мектеп. Оның жарқын істері жастар арқылы болашаққа жалғаса береді.

Баттал Жаңабайұлы, ардагер журналист, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

Ұқсас жаңалықтар