«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқушыларды мектепке көлікпен тасымалдау өркениетке сай келе ме?

Оқушыларды мектепке көлікпен  тасымалдау  өркениетке сай келе ме?
ашық дереккөз
Оқушыларды мектепке көлікпен тасымалдау өркениетке сай келе ме?

немесе шу ауданында 317 оқушы 7-8 шақырым жердегі мектептерге автокөліктермен барып-келіп оқиды

Жалпы, ауданда бүгінгі таңда 18880 оқушы мектепке барады десек, олардың 317-сі көлік тасымалын пайдаланады екен. Оларға білім алу үшін күніне 7-8 шақырымға дейін жол жүруге тура келеді. Нақтырақ айтқанда, 16 оқушы Шу қаласында орналасқан А.Макаренко мектебі жанындағы интернатта жатып, білім алса, қалған 301 мектеп оқушысы жақын маңдағы ауылдарға автокөлікпен қатынап оқитын көрінеді. Ата-аналардың арасында балаларын интернатқа жатқызатыны сирек. Әрине, олар ұл-қыздарының өз үйінде болғанын қалайтыны заңдылық. Интернатта бір келеңсіздікке ұрынып қала ма деп алаңдайтыны да рас. Тәрбиешілер «балаларымызға бас-көз бола ала ма, жоқ па?» деген сенімсіздік тағы бар. Осындай күдігі басым жанұялар балаларын өз үйінен алшақтатпауды жөн көреді. Сол себепті көрші ауылдардағы мектептерге жіберуге мәжбүр. Одан бөлек, аудан орталығында туыстарын төңіректейтіндері қаншама?! Ауданда 9 елді мекеннің оқушыларына арналған тасымалдау ұйымдастырылады. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Майра Бүлекбаеваның айтуынша, 2013 жылы оқушыларды тасымалдау үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 7 көлік сатып алынған екен. Араға бір жыл салып, тағы да бір көлік беріліпті. Аудан әкімінің қаулысына сәйкес, сатып алынған көліктердің 7-еуі тиісті ауылдық округтерге берілген. Яғни, қатынап оқитын оқушыларды көрші ауылдарға тасымалдау міндеті әр ауылдың әкімдеріне жүктелген. Тек, бір ғана көлік білім бөліміне тиесілі екен. Он төрт адамға арналған бұл көліктің өзі Құмөзек бекетінен Шу қаласындағы мектеп-интернатына аптасына бір рет 16 оқушыны тасымалдауға берілген. Бұдан бөлек, Аң шаруашылығынан Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепке – 25, Бөген шаруашылығынан Бәйдібек ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектепке – 9, Көктөбе бекетінен Т.Әшімбаев атындағы орта мектепке – 8, Еңбек пен Жиенбет ауылдарынан Мойынқұм ауылындағы Мойынқұм орта мектебіне – 51, Аспара бекетінен Тасөткел ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепке – 54, Су қоймасынан Белбасар ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке 11 оқушы күн сайын тасымалданады. Аудандағы тасымалданатын оқушылар саны бойынша Бірлік бекеті алдыңғы қатарда тұр. Аталмыш бекеттен Жаңақоғам ауылдық округіне тиесілі ПАЗ автокөлігі арқылы Көктөбе ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепке күнделікті 143 оқушы тасымалданады. Осы ретте, небәрі 15-20 адамға шақталған көліктің күніне 7 мәрте қатынайтынын да атап өткен жөн. Тасымал мәселесі жайлы зерттеп, зерделегенде жалпы, қатынап білім алатындардың санын азайтуға бола ма деп толғандық. Осы сауалды аудандық білім бөлімінің бас маманы Майра Кендірбайқызына қойған едік. Ол аудандағы бірқатар елді мекендерде мектеп салу үшін тұрғындар саны жетпейтінін алға тартты. «Кейбір елді мекендердің өз мектебі бар. Алайда, ол мектептер типтік жобаға сай келмейді. Яғни, спорт залы, мәжіліс залы, асханасы және заманауи кабинеттері болмағасын балаларды ол мектептерде оқыта алмаймыз. Ол ауылдарға мектеп салынбауының басты себебі – тұрғын санының жетіспейтіндігінде. Бір ғана мысал айтайын, Шу қаласына іргелес жатқан Алға ауылында 150 оқушыға арналған жаңа мектеп салынды. Бірақ, ол ауылдағы оқушы саны 100-ге де жетпейді», – дейді ол. Қай жерге мектеп салуды жете ойластырмаған басшылардың қателігінен даңғарадай мектепте оқушы санының жетіспеушілігі енді ғана байқалып жатыр. Ал мектебі жоқ немесе оқу ордасының ғимараты талапқа сай келмейтін елді мекендерде тұрғын саны белгіленген межеге жетпейді деген желеумен, бұл мәселені жылы жауып қоюға бола ма?! Осыдан бес жыл бұрын аудан бойынша қатынап оқитын оқушылар саны небәрі 70-ке жетер-жетпес болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіштің саны 247 балаға өсіп отыр. Осы статистикаға қарап, бұл мәселені тағы бір ойланып көру керек шығар.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар