«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әдептен – ақыл, ақылдан – иман

Әдептен – ақыл, ақылдан – иман
ашық дереккөз
Әдептен – ақыл, ақылдан – иман

Дін – қоғамның тұрақтылығына, адамзаттың ынтымағына негіз болатын, бір сеніммен байланысқан адамдар арасындағы ең ізгі қатынастардың тетігі саналатын рухани құндылық. Өкінішке қарай, бүгінде лаңкестердің жаһандық терроризмді қолдан жасауы – дінді ашық, терең, жан-жақты тақырып ретінде талқылау деңгейіне жеткізіп отыр. Әлемді шарпыған экстремизм ұшқыны біздің елімізді де айналып өтпей, діни ахуалдың тұрақтылығын шайқап кеткені шындық. Сондықтан, халықтың діни сауатын көтеру мәселесі басты шепке шығып, мемлекетте экстремистік қозғалыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановтың өткен аптаның соңында облысымызға жасаған іссапары аталмыш мақсаттағы атқарылып жатқан жұмыстарды жетілдіруге серпін қосты.

20Бүгінде облысымызда 87 этнос өкілдерінен құралған 1 миллион, 1 мың тұрғын өмір сүруде. Сондай-ақ, өңірде 4 конфессия және 317 діни бірлестік болса, олардың 275-і Ислам бағытын ұстанады. Діни бірлестіктердің сипаты әлбетте ұлттық ерекшеліктерге де байланысты болмақ. Этностардың облыс аумағында шоғырлану жиілігіне келсек, қазір Талас, Сарысу аудандарында күрділер, Байзақ ауданында түріктер, Жамбыл ауданында дүнген, күрді, түріктер және Қордай ауданында әзірбайжандар мен дүнгендердің үлес салмағы басым. Мәселен, Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдық округтеріндегі тұрғындардың негізгі бөлігі дүнген ұлтының өкілдері екен. Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Алмасұлы іссапар барысында алдымен осы округтердің діни ахуалымен жіті танысып шықты. Қордай ауданында бас-аяғы 28 мешіт болса, оның 12-сі Сортөбе ауылдық округінің аумағында бой көтерген. Олардың арасында сыйымдылығы мың адамдық ғибадатхана да бар. Агенттік төрағасы М.Әзілханов аталмыш ауылдардағы мешіттердің бірқатарына бас сұғып, Бұлар батыр ауылындағы №19 мектепте тұрғындармен кездесті. Жиынға аудан әкімі Қ. Досаев, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы С. Айдапкелов және мешіт имамдары, білім саласының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.

Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары ел көлемінде 60-қа жуық мешіт жұмыс істесе, бүгінде бұл көрсеткіш 2400-ге жеткен. Кеңестік дәуірден кейін тарихты қайта таразылаған халқымыз сусап қалған ұлттық құндылықтармен сағына қауышып, оларды қалыптастыру жолында күш-жігерін аянбай жұмсағаны белгілі. Осы орайда, мешіт, медреселердің де қайта бой көтеруі мұсылман қауымды қуантпай қоймайды. Дін істері агенттігінің төрағасы кездесу барысында еліміздегі бүгінгі діни ахуалдың тұрақты екендігін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде «Дін – экстремистік мақсатта құрылмайды. Біздің елімізде діннің өзінің басты мақсатына, яғни татулықты сақтауға, ынтымақты берік ету жолында жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған» – деді. Сондай-ақ, жастардың діни ілімді шекарадан тыс жерлерде емес, Қазақстандағы оқу орындарында алу қажеттігіне айрықша тоқталды. Себебі, Сортөбе округінің 9 жас азаматы діни мамандық алуға шетелдерге кетіп, олардың 6-уы кері қайтарылыпты. Бүгінде сортөбелік жастардың үшеуі Сауд Арабиясы, Пәкістан, Малайзия елдерінде оқып жатыр.

Жиында Тараз қаласындағы орталық «Хибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев сөз алып, облыстағы діни ахуалдың барысына тоқталды. Кездесуде округтің ардагерлер алқасының төрағасы Дау Суахунов және мектеп директоры Гашим Джинлиров сөз сөйлеп, ауыл жастарының тәрбиелі екендігін, тұрғындардың ынтымақ-бірлікте өмір сүріп жатқандығын баяндап өтті. Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов іссапарының екінші күні аудан орталығында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің көшпелі отырысына қатысты. Кеңес отырысына жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының қызметкерлері, қоғамдық және діни бірлестіктер мүшелері, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты. Кеңесті ашып, жүргізген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Елбасының биылғы Жолдауындағы «Елдің дәстүрлі және мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» – деген сөзіне тоқтала отырып, «Дін – зайырлы қоғамның ажырамас бөлігі, сондықтан діни қатынастарды дамытуға күш салу қажет. Еліміздегі конфессияаралық қатынастар басқа мемлекеттер үшін үлгі бола алады», – деді. Облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы Серғали Айдапкелов күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасады. Ол өз сөзінде облыстағы ақпараттық-насихаттық топтардың құрамдары жаңартылып, олардың саны биыл 180-ге жеткенін айтты. Бүгінде ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің біліктілігіне жоғары баға беру қиынға соғып тұр. Олардың білімін жетілдіру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар барысы да сөз болды. Бүгінде шетелдерде дінтану білімін алып жатқан облыс жастарының саны 32-ні құрайды екен. Басқарма басшысы оларды елге қайтару жұмыстары жүріп жатқанын айта келе, оралған студенттердің оқуын ары қарай жалғастыруы үшін еліміздегі жалғыз теологиялық білім беретін «Нұр-Мүбәрак» университетінің оларды жоспардан тыс қабылдауға мүмкіндігі жоқтығын алға тартты. Сондай-ақ, Серғали Өмірзақұлы облыстағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мемлекеттік тіркеуінен өткен 275 филиалы түгелдей имамдармен қамтылмағанын, кейбір имамдардың білімі талапқа сай келмейтіндігін де ескертті. Марат Әзілханов осы орайда имамы болмаса мешіт салуды тоқтату керектігін, мешіт салумен қатар имамды дайындау үрдісі қатар жүру қажеттігін ескертті. Облыс әкімі К. Көкірекбаев Тараз қаласындағы аталмыш медреседе білім алып жатқан жастардың жайына тоқталып, олардың имамдық қызметке қашан жарайтындығын сұрады. Сонымен қатар, аудан, ауыл әкімдеріне имамдардың жағдайын бақылауда ұстауды тапсырды. Дін істері басқармасының басшысы С. Айдапкелов пен «Хибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Д. Жұмабаевтың жауаптарынан белгілі болғандай, бүгінде Тараз қаласындағы медреседе 34 бала білім алып жатыр екен. Алайда, «барлық түлектердің имамдық қызметті алып кету мүмкіндігі бола бермейді, себебі бұған қабілет пен талабы сай болуы тиіс» – деді олар. Ал, медресе филиалдарының ұстаздарын дайындау мәселесін әзірге сол жерлердегі азаматтарды қысқа мерзімді курстардан өткізу арқылы шешу жолдары қарастырылуда. Кеңесте сонымен қатар Қордай ауданы Сортөбе, Байзақ ауданы Қызыл жұлдыз, Жуалы ауданындағы Ақсай ауылдық округтерінің тұрғындары арасындағы діни сауаттылықты арттыру және радикалды ағымдардың ықпалына түсудің жолын кесу бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы округ әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Бұл ретте, баяндамашылар тарапынан бірқатар ұсыныстар да айтылды. Қызыл жұлдыз ауылының әкімі Өсер Нұрбаев округте теріс діни ағымдағы азаматтардың бар екендігін айта келе, облыс имамдары округте уағыз оқып, арнайы діни кітаптар таратылса деген ниетін жеткізді. Кеңесте облыс әкімі К. Көкірекбаев Сортөбе ауылдық округі әкімі Т. Абдылдаевтың жұмысына оң бағасын беріп, «Оның атқарып отырған қызметі көпке үлгі болуы тиіс» – деді. Кеңес отырысының соңында Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов еліміздегі діни ахуалдың даму ерекшеліктеріне тоқталып, мемлекет тарапынан бұл салада жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Қарлығаш Есбергенова,  «Ақ жол»

Ұқсас жаңалықтар