Алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы облыс әкімдігінің мәжіліс залында №1 сайлау округінен сайланған депутат Абай Нұржановтың төрағалығымен өтті. Облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, облыстық басқарма және департамент басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері, Тараз қалалық және аудандық мәслихат хатшылары, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы мен мүшелері, саяси ұйым және БАҚ өкілдері шақырылған сессияға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып отырды. Сессияда «Облыстағы мектептердің және мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасының жағдайы және оларды жаңа технологияларға сәйкес жетілдіру туралы» облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова баяндама жасады.
Басқарма басшысының айтуынша, соңғы 5 жылда өңірде 87 мектеп, 107 балабақша жаңадан салынып, ел игілігіне берілген. Балалардың мектепке дейінгі мекемемен қамтылуы 1-6 жас аралығы бойынша 58,9, 3-6 жас аралығы бойынша 83 пайызды құрайды. Облыста жеке меншік балабақша саны 80-ге жетті. Жыл соңына дейін жеке меншік негіздегі 14 балабақша салынады деп күтілуде. Осы кезге дейін 112 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 103 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Халық тығыз орналасқан мекендерде оқушыларға 5711 орын тапшылығы байқалады. Бұл жағдай 3 ауысымды мектептердің пайда болуына жол ашуы мүмкін. 400 мектепте бейнебақылау орнатылған. 35 мектепте асхана жетіспесе, 101 мектеп спорт залына зәру. 35 елді мекенде мектеп жоқтығынан 2528 бала тасымалдап оқытылады. 61 мектеп саман кірпіштен салынған, тіпті, іргесі қаланғанына 80 жыл болған ескі мектептер де бар. Интерактивті тақтаның 136-сы жұмыс істемейді, 253 компьютер істен шыққан. Мектептердегі 730 компьютер ауыстыруды қажет етеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында туған жерді қадірлеу мәселесі ерекше айтылған. Осы бағытта кейбір аудандарда білім беру саласына демеушілік жасап жүрген жомарт азаматтар да бар екен. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы белді кәсіпкер Сайранбай Дөненбаев туған ауылы Жарлысуға өз қаражаты есебінен интернат, балабақша салып, тұрғындардың игілігіне беріпті. Сол секілді Таразда Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров ауылдарға демеушілік жасауда өзгелерге озық үлгі көрсетіп келеді. Рахия Сейтбекқызы сөзінің соңында жас ұрпақты тәрбиелеп отырған білім мекемелеріне қатысты мәселелерге қаражат бөлетін кезде саладағы қажеттіліктерге баса назар бөлуді өтінді. Мұнан соң депутат Дария Қожамжарова мінберге көтеріліп, бүгінгі таңда облыста 207455 оқушы, мектепке дейінгі мекемелерде 48405 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқанын, олардың тәрбиесі жаңа технологияларға сәйкес болуы қажеттігін қозғады. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында үш тілде білім беретін сапалы жас мамандар тәрбиеленіп жатқанын, олардың біразы жұмыс таппай, енді біразы аз ғана жүктемемен жұмыс істеп жатқанын айтты. Сонымен қатар Дария Пернешқызының айтуынша, депутаттық зерделеу жұмыстарының нәтижесінде кейбір ауыл мектептеріне 10 жылдан астам уақыттан бері қажетті кеңсе тауарлары мүлдем алынбағаны анықталған. Ағымдағы жылы мектептердің материалдық базасын жаңартуға 36 миллион 358 мың теңге қаржы бөлініп, игерілген. Алайда, аудандардағы біршама білім беру мекемелеріне кейбір материалдық құрал-жабдықтарға қаражат қарастырылмаған. Шу ауданында алғашқы әскери дайындық сабағына пневматикалық мылтық алынбаған. Тараз қаласының 7 мектебінде оқушы орнының тапшылығы 3404 оқушыға жеткен. Облыс бойынша 1676 бала жеке бағдарламалар бойынша үйде оқытылуда. Үйде оқытылатын балаларға арнайы компьютерлік жабдықтар сатып алу үшін 2016-2017 жылдары қаражат бөлінбеген. Облыста 451 мектептің 22,8 пайызында спорт зал жоқ. Атап айтсақ, Т.Рысқұлов ауданында – 13, Жамбыл ауданында –11, Шу ауданында 10 мектепте мұндай мүмкіндік жоқ екен. Оқушыларды тасымалдау бойынша да салада қордаланған мәселе көп. Оларды тасымалдайтын көліктер тым ескірген. Бұл балалардың қауіпсіздігі үшін өте алаңдатарлық жағдай. Мәселен, Меркі ауданында қолданыстағы көліктердің мерзімі 17 жылды құрайтын болса, Т.Рысқұлов ауданында пайдаланылғанына 30 жыл болған автобустар балаларды тасымалдап жүр. Сол сияқты Жамбыл ауданында оқушылар тасымалдауға арналған 16 автобустың 6-ауының тозығы жеткен. Облыс аумағында 163 мектеп инспекторы еңбек етсе, әлі 101 мектепке инспектор қажет. Осы мәселелерге білім басқармасы, Тараз қаласы және аудан әкімдері баса назар аударып, оң шешім шығарса деген ұсынысын алға тартты баяндамашы. Жарыссөзге шыққан депутат Гүлжан Тілеубердиева өңірде соңғы 3 жылда 11 мультимедиялық кабинет ашылып, мектептердің жаңа компьютермен жабдықталуы 50 пайызды құрағанын айтты. Сондай-ақ, сессияда депутаттар Бақыт Оспанов, Жайдар Әйтішев және Шу ауданының әкімі Қайрат Досаев мінберге шығып, талқыланып жатқан мәселе бойынша өз ой-пікірлерін білдірді. Мұнан соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сөз сөйлеп, сессияда көтерілген мәселелер бойынша өз ойын ортаға салды. Ол Елбасының қолдауымен облыста білім беру саласына қажетті қаражат бөлініп, жаңа нысандар салынып жатқанын, 50-60 жыл жөндеу жұмыстарын көрмеген мектептер соңғы 5-6 жылда қайта жаңартылып, кейбірі жаңадан салынып жатқанын, сөйтіп зәулім мектептерде балалар білім алып отырғанын айтты. Сонымен қатар облыс басшысы 101 мектепте спорт зал жоқ, 35 мектепте асхана жетіспейді деп ерекше айтылғанымен, олардың көбісі 30-40 бала оқитын шағын мектептер екенін, ол жаққа миллиондаған теңгемен спорт зал салудың қажеттілігі қаншалықты тиімді болады деген мәселені алға тартты. Алайда, Кәрім Нәсбекұлы оқушылар тасымалына қатысты автобустарды жаңарту мәселесін тездетіп шешу керектігін тапсырды. Бұл жөнінде аудан әкімдеріне нақты тапсырма беріп, жуырда келер жылдың бюджеті бекітілетінін, соған аудан басшылары нақты ұсыныспен шығуы керектігін айтты. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасап, 2018 жылы қай салаға қанша көлемде қосымша қаражат бөлінетіндігін айтып, осы бюджеттік нақтылауға депутаттардың қолдау білдіруін өтінді. Депутаттар күн тәртібінде көтерілген мәселелерді бірауыздан қолдады. Сессия барысында басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, алтыншы шақырылған облыстық мәслихатының кезекті он алтыншы сессияның төрағасы болып №26 сайлау округінен депутат Алтай Райқұлов сайланды.
Есет досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді