«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

GGG чемпиондық атағын сақтап қалды

GGG чемпиондық  атағын сақтап қалды
ашық дереккөз
GGG чемпиондық атағын сақтап қалды

Елдің намысы мен ердің ерлігі сыналар сәтте шын батыр сыр бермейді. Күллі әлем тағатсыздана тосқан орта салмақтың күрзі жұдырық боксшылары, қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварес арасындағы сұрапыл шайқаста осыны байқадық. Ерлік пен өрлік сынға түскен ұрыс елді қобалжытқаны да жасырын емес.

Байтағынан шыққан батырын әрдайым қолдап-қолпаштап жүретін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көршілес Өзбекстан еліне барған ресми сапарында арнайы уақыт тауып, екі мықтының жекпе-жегін тікелей эфирден тамашалады. Кездесу аяқталған соң Мемлекет басшысы ел мақтанышына айналған Генаға арнайы жеделхат жолдады. «Миллиондаған қазақстандықтар саған бір ауыздан қызу қолдау көрсетті.

1505663++045_101 4560 2235Сен тартысты әрі жанкешті жекпе-жекте айрықша табандылық танытып, қажымас қайрат пен асқан шеберлік көрсеттің. Сенің кәсіпқойлығың, зор қабілетің, қол жеткізген абырой-беделің, ең бастысы – өз ісіңе шексіз адалдығың келешектегі жарқын жеңістеріңнің кепілі бола берсін», – деген Елбасы кәсіпқой боксшыға зор денсаулық тіледі.

Енді жекпе-жекке көшейік. Біріншіден, бұл Геннадий Головкин үшін бокс Меккесі атанып кеткен әйгілі Лас-Вегастағы «T-Mobile» аренасында өткізген дебюттік шайқасы. Екіншіден, қазақстандық кәсіпқой боксшылар арасынан алғаш болып Гена ғана тарихтағы ең үлкен кездесуге қатысып отыр. Мамандар он жылдықтың шайқасы деп ат қойып, айдар таққан жекпе-жекті тебіренбей көру мүмкін емес. Әрқашан үздік боксшыларымен танылған Қазақстан мен ұлы кәсіпқой боксшылар шыққан даңқты Мексика арасындағы тартыс. Намыс, өрлік, ерлік. Және қазіргі таңдағы (Мейвезер кәсіби мансабын аяқтағанын ескерсек) ең табысты боксшымен қолғап түйістіру – кімге де болсын оңай емес. Елдің беделі, өзіңе тиесілі WBA (super), WBC, IBF, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын қорғау, абырой биігінен көріну – қиынның қиыны. Әрине, Альварес бүкіләлемдік бокс кеңесінің белбеуіне таласқан жоқ. Алайда Гена оны өзі үшін қорғайды. Оның үстіне Лас-Вегас АҚШ-тағы мексикалықтардың Отаны. Бәрі де Генаға қарсы. Бірақ, біздің батыр қаймықпайды. Үстінде ұлттық нақыштағы оюлармен әдіптелген қазақ шапаны, жүзінде сенімділік. Сонымен, гонг үні естілді. Алғашқы раундтарда қос боксшы бір-бірін барлап көрді. Гена джеб соққыларын іске қосу арқылы бастапқы екі раундта аздап басымдықты қолға алды. Кейінгі раундтарда Канело да қарап қалған жоқ. Бойында жастықтың оты жалындаған жампоз жылдам қолдарымен сериялық соққыларын дөп тигізгенде жанымызды шүберекке түйдік. Екі шебер де қарсыластарын сұлатып салып жүрген сойқан соққылы саңлақтар екенін бағамдап отырдық. Иә, екеуі де аса бір белсенділікпен нар тәуекелге бара бермейді. Өйткені, қарсылас өте жойқын соққымен қарсы алуы ықтимал... Раунд өткен сайын қазақстандық боксшы қысымын арттыра түсті. Соққылары дөп тиіп жатты. Дегенмен, Альварестің қорғаныста жақсы өнер көрсете біліп, қарымта шабуылда өзін жақсы қырынан таныта білгенін де айта кету керек. Қалай болған күнде де Головкин көбірек соққылар жұмсап, дәлірек тигізді. Түрлі комбинацияларын жанкүйер назарына ұсынды. Біраз бұрын «мен нағыз мексикалықпын» деп шірене сөйлеген Сауль қолды-аяққа тұрмай, рингті айнала қозғалып, қашқақтап жүрді. Анығырақ айтқанда нағыз мексикалықтар секілді жақын қашықтықта тұрып алып, соққыға соққымен жауап беретін төбелес стиліндегі ұрысқа бармады. Қанша дегенмен жұдырығы жойқын Генадан қаймығатыны аңғарылды. Соңғы үш раундта қос қарсылас та әдемі соққыларын дарытты. Альварестің де, Генаның да оң қолмен жұмсаған қуатты жұдырықтары нысанаға дәл тиді. Дегенмен, раунд соңын түгелдей Головкин алғаны сөзсіз. Қысқасы, Головкин жанкештілік таныта білді. 12 раунд бойы бір-бірін құлата алмаған қос қарсылас төрешілердің шешіміне жүгінді. Бірінші төреші Аделайда Берд 118:110 есебімен Альварес жеңіске жеткеніне сенімді болса, екінші төреші Дав Моретти 113:115 есебімен Генаның жеңісін тіркепті. Ал үшінші төреші Дон Трелла 114:114 есебімен қос қарсылас тең түсті дегенді алдыға тартқан. Нәтижесінде екі мықты жеңімпазды анықтай алмай тең тарқасты. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін екі боксшы қарымта шайқас өткізуге әзір екендіктерін жеткізді. Соңынан өткен баспасөз мәслихатына Альварес келмеді. Головкин өз сөзінде: «Мен бүкіл статистиканы қарап шықтым. Жеңіске жеткеніме сенімдімін. Бұл спорт үшін жақсы емес», – деп өз ойын білдірді. Сондай-ақ, Сауль Альварестің промоутері Оскар Де Ла Хойя Аделайда Бердтің неліктен 118:110 есбебін қойғанын түсінбегенін, бұл дұрыс емес екенін айтты. Ел сарыла, сағына тосқан шайқасқа қатысты кәсіпқой бокс әлемінің жұлдыздары да өз пікірлерін ортаға салды. Мәселен, бірінші жартылай орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы Теренс Кроуфорд: «Канелоның пайдасына 118:110 есебін тіркеген Аделайда Бердті жедел түрде жұмысынан қуу керек», – деп өз ойын ашық айтса, жартылай ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Сергей Ковалев төрешілер Генаның жеңісін «ұрлап» кеткенін әлеуметтік желілерде күйіне жазды. Сонымен қатар, аса ауыр салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Леннокс Льюис те өз көзқарасын айқын білдірді. «Мен 100 доллар ұтылғаныма күйінемін әрине. Бірақ, дәл Головкин секілді күйді бастан кешуді маңдайға жазбасын. Қарсыластың шаршы алаңында өткен және оның промоутері ұйымдастырған шайқаста төрешілердің есеп қағазында ойларына келген цифр болуы мүмкін. Канело ұтты деп ойлайсыз ба? Күлкілі. Головкин ешқандай мүмкіндік бермей, таза жеңді», – деді ол. Жекпе-жектен соң кәсіпқой бокс әлемінің өзге де жұлдыздары мен қазақстандық боксшылар, бокс мамандары отандасымыздың жеңіске лайық болғанын айтты. Головкиннің промоутері Том Леффлер Генаның желтоқсан айында рингке оралатынын сөз етті. Сондай-ақ ол Генаның алдағы жекпе-жекте WBO тұжырымы бойынша орта салмақта әлем чемпионы, ұлыбританиялық Билли Джо Сондерспен немесе пуэрто-риколық Мигель Коттомен жұдырықтасуға мүдделі екенін айтып өтті. Бұдан бөлек Канелоның командасы туралы да сөз қозғаған промоутер қарымта кездесуді ұзаққа созудың қажеті жоқ екенін тіліне тиек етіп, Лас-Вегасқа қайта оралуға ниетті екендіктерін білдірді. Ал Альварес осы жыл біткенше демалыс алды. Анығырақ айтқанда ол Генамен келесі жылдың мамыр немесе қыркүйек айында қолғап түйістіруге ниетті. Қалай десек те, Головкин өзіне тиесілі чемпиондық белбеулерді сақтап қала алды. Бұл да табыс. Жарайсың, Гена!

Табиғат абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар