...Мен дүниеге келген күні Калинин қаласында арнайы суретке түсіпті. Міне, мынау сол сурет. Әкем суреттің сыртына «ҚЫЗЫМ ЕЛЕНА ТУЫЛҒАН КҮНІ АРНАЙЫ БАРЫП ТҮСКЕН СУРЕТ» деп, жазып қойыпты. Әкемнің әскери киімдегі жап-жас осы дегдар бейнесі мен үшін ең қымбат қазына.
Кеңес өкіметінің «қалыбына» сыймаса да кеңес жазушылары Баукең туралы көп жазды. Атын аңызға айналдырды. Көзінің тірі кезінде-ақ өнері бар, өмірі бар, дау мен дақпырттың «басы» бір қазанға симай, ылғи тайталасып жатты. Бірақ… «Деген екендердің…» ішінен ер Баукеңнің Мәскеудегі қызы Елена туралы ешқашан естімеп ек. Баукеңнің баяндарынан да… Мамытбектің мақалаларынан да... Бақытжан Момышұлы мен Зейнеп Ахметова-Момышкелінінің естелік-толғаныстарынан да... Әзілхан аға «Ақиқат пен аңызында» кезінде Баукеңнің көзі түскен қыз-келіншектер жөнінде өз аузынан естімекке талпыныс жасаған екен… Бірақ батыр тиып тастапты. Оқиық... « – Бауке, басқа жора-жолдас, ұстаз-командир, бастық-генералдарыңыз туралы толық айттыңыз. Енді әйелдеріңіз, өзіңізге өмірлік серік болған жеңгейлер жайында бірдеңе демейсіз бе? – Бұл сұраққа жауап бермеймін деп мен саған былтыр айтқанмын. Немене биыл тағы сол сұрақты қоңырсытып отырсың?.. Ал, қай әйелге қалай үйленгенін, неге ажырасқанын саған қандай ақымақ еркек айтып береді деп ойлайсың. Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел – өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де қорлатпайды. Өйткені, әйел – киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір атпай кетпейді… Менің көзім осыған жетті. Сенің іздеп отырғаның осы сөз ғой. Понятно тебе?.. Мен соғыста етегіме намаз оқып жүргем жоқ. Сен өзің оқыдың ба? – Оқыдым, Бауке, менің намазым қаза болған емес. – Оқысаң оқи бер. Мен өтірік айта алмаймын. Сен оқыған болсаң – сен мен емессің, мен – сен емеспін. Екеуміздің жағдайымыз екі басқа болды. Сондықтан екеуміздің арамыз жер мен көктей… Қазір де солай! Түсінікті ме саған? Мен отыз екіме дейін періште болдым: арақ ішпедім, әйелге қиянат жасамадым. Неменеге күлесің, ей? Мен саған күлкі үшін айтып отыр деймісің…». Иә, Баукеңнің жастық шағын соғыс жалмады. Өмірі «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен» қан-қасап жорықта өтті. Өз сөзімен айтсақ, он бір ай – қызыл әскер, он төрт ай – взвод командирі, үш жыл, төрт ай – рота командирі, тоғыз ай – атқыштар полкіндегі штаб бастығының орынбасары, бес ай – республикалық әскери комиссариаттың аға нұсқаушысы, екі ай – полк командирінің орынбасары, сегіз ай – атқыштар полкінің командирі, жеті ай – бас штаб әскери академиясының жанындағы білім жетілдіру курсының тыңдаушысы, үш ай – дивизия командирінің орынбасары, бес жыл – әскери академияның ординарлық әскери профессоры болған. Елу бестің желтоқсанында ғана бір күні бір ғасырға пара-пар әскери өмірге «хош-хошын» айтып Алматыға оралған. Тағы да роман-диалогтағы батырдың өмірбаянына үңілейік. «Сонымен… Алматыға келдім. – Шынымен келдің бе? – деп, әйелім бетіме ұзақ қарады. Содан кейін қасыма Бақытжанды алып, елге кеттім. Мен тек бәйбішемнен ғана екі перзент көрген кісімін ғой. Шолпан деген қызым ертерек қайтыс боп кетті. Жанымның жалғыз қабығы боп Бақытжан ғана қалған. Ол ер жетіп, қазір жұрт білетін жазушы болғаны өзіңе белгілі. – Алматыға кімге соқтыңыз? – Кімге болушы еді – әйелім Жамал, ұлым Бақытжан бар емес пе? Соларға соқтым...». Баукеңнің Мәскеудегі қызы туралы деректер қолыма түсіп, компьютерге шұқшиюға ниет қып жүргенімде «Ақиқат пен аңыздағы» осы жолдар «жә» дегендей «алақанын көтеріп», аптыққан көңілімді сап-сапқа шақырған. Бірақ сал-серілердің «тәжірибесіне» үңілсек, үйінен қырық қадам ұзаған еркек «бойдақпын» деп қутыңдайды. Бірақ «Мен соғыста етегіме намаз оқып жүргем жоқ…» деп, Баукең сияқты «серілігін» мойындайтындар сирек. Жүзден бірі ғана. «Бөріктінің намысы бір» десек те…
* * * Өстіп жүргенде Мәскеудегі Халықаралық Жазушылар одақтары қауымдастығының қазақ әдебиеті бойынша кеңесшісі Тұрсынай Оразбаеваның мақаласы отқа май құйды. Ол елге келген сапарында жергілікті газеттердің біріне Елена Бауыржанқызы Коркина туралы ақындарға тән нәзік сезіммен ет бауыры елжірей отырып жазыпты. Деректері мен дәйектері де тайға таңба басқандай анық. Өз көзімен көрген, өз аузымен сөйлескен. 2000 жылы Бауыржан Момышұлының Таразда басталған 90 жылдық мерейтойы Мәскеуде жалғасқан. Қызыл қабырғалы қала үшін «Артымызда Мәскеу» деген атоймен, жан алысып, жан беріскен қазақстандық жауынгерлердің көш басында тұрған гвардия полковнигін Ресей астанасындағы еске алуға Тұрсынай Оразбаева тік тұрып қызмет етті. Жиын ас ішіп, аяқ босататын дарақы басқосулардың біріне айналмасын деген жанашырлықпен Тұрсынай жазушы Александр Бектің қызына телефон шалды. Атақты «Волоколамск тасжолының» авторы Александр Бектің қызы Татьяна Бек те қаламгер. Бір басына жетерлік тағылымды тағдыры да бар. Осы бір ғана Татьяна-Тәтіштің Қазақстаннан келген қонақтарға әкесі Александр Бек пен оның Баукең жайлы айтқандарын әңгімелеп бергенінің өзі неге тұрады?!. Қанына орыстың қарапайымдылығы сіңген Татьяна жұмысбастылығын айтып Тұрсынайға бәлсінген жоқ. Қайта «мұндай тағылымды жиын-тойға неге Елена Бауыржанқызын шақырмайсыз?» деп, Тұрсынайды шалқасынан түсіре жаздаған. «Мәскеуде Бауыржан Момышұлының қызы тұрады» деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген Тұрсынай қаламгердің қызы қателесіп тұрған жоқ па деген оймен: – Бақытжан ба, ол Алматыда ғой, келіп қалар, – деген. – Жоқ. Мәскеуде тұратын Елена Бауыржанқызын айтамын, – дейді Татьяна. Сосын Тұрсынайдың не дерін білмей асып-сасқан үнінен Баукеңнің қызы туралы мұның бейхабар екенін сезіп, мән-жайды өзі түсіндіре бастады. Сөйтіп қызмет бабымен Мәскеуде жүрген Тұрсынай өзін «Баукеңнің қызымын» деп таныстырған мұңлықпен қауышып, мәре-сәре болады да қалады.
* * * «…Баукең соғыс жылдарында жауынгерлерге концерт қоя келген әртістердің ішіндегі киноактриса әрі әнші Галина Коркинамен танысады. Соғыс біткеннен кейін Калинин қаласында екеуі ерлі-зайыптылардай бірге өмір сүреді. 1946 жылы Елена дүниеге келеді. Баукең қызын өте жақсы көріпті. Бірақ «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне». Елу бесінші жылы батыр еліне біржола қайтуды ұйғарады. Галина болса Еленамен бірге Ресейде қалып қояды». Татьянаның Тұрсынайға қысқаша айтқаны осы. Жамбыл жәкеміз «теке сақал» деп ат қойған Калинин қарт атындағы қалаға Баукең қайдан тап боп жүр? Батырдың өзі мұны былай деп әңгімелейді. «…1945 жылы 9 мамырда соғыс біткеннен кейін қыркүйекке дейін Балтық әскери округында 9-шы дивизияның командирі болдым, содан кейін Мәскеуге, ГУК-тың қарамағына шақырылдым. Қырық алтыншы жылдың қаңтарынан бастап Ворошилов атындағы 1 дәрежелі Суворов орденді Жоғары Әскери Академиясының тыңдаушысы болдым. …Қырық алтыншы жылы академияның бірінші курсында 125 адам болдық. Алғашқы курсты аяқтағанымызда академия бастығы армия генералы Захаров бес тыңдаушыға алғыс жариялады. Мен сол бестің бірі болдым. …Әскери академияда сабақ беріп жүріп, мен жазушы болуды ойлана бастадым. Осы оймен Калинин қаласында жүріп (біздің академия сонда көшіп барған болатын), орыс тілінде «Ұшқан ұя» кітабын жазып шықтым…». Баукең Калинин қаласын еске алған кезде «Ұшқан ұядан» арыға бармапты. Қаламгер үшін шығарма да перзент. Бірақ Баукеңе «Ұшқан ұямен» қатар дүниеге келген Елена да ыстық болса керек. Оның Мәскеуге жолы түскен сайын Еленаға сый-сияпатын ап кеп тұрғаны да сондықтан. Дос-дұшпанынан алақайлап «сүйінші» сұрамағанымен («Тағдыр маған дарытпады көктемін, Ұқтым бәрін, өмір деген – от дедім! Дұшпандардан көп атылды маған оқ, Тағдыр әділ – менің оған өкпем жоқ!». Б. Момышұлы.), Калинин қаласы Баукең үшін қай қырынан қарасақ та ерекше.
* * * Александр Бектің қызынан Еленаның телефон нөмірін алған Тұрсынай қатты толқиды. Жиын-той дастарханына шақыру керек пе, жоқ білмегенсіп қоя салғаны жөн бе? Елден келген ағайындар күтпеген жаңалықты қалай қабылдайды? Осы уақытқа дейін мәскеулік қарындасы туралы ешкімге тіс жармаған Бақытжан не дейді? Батыр әкесі құсап күндей күркіреп, ер-тоқымын бауырына алып жүрмей ме? Қалай дегенмен, әлемде қыздың жүрегіндей сезімтал, қыздың жүрегіндей бауырмал жүрек жоқ. Қазақта бір-бірімен араласпай, тоң-торыс жүрген ағайынның басын қосу үшін дастархан жайып, бәйек боп жүретін де қыздар емес пе?!. Қарындас біткеннің маңдайына жазылған осы парызды атқару (атқармау!) өзінің ар-ұятына артылғанын сезген Тұрсынай көзі көріп тұрып қарадай қытымырлық көрсете алмайды. Дос күңкілдеп, дұшпан табаласа да қазақта асылдан қалған сынықтар шашылып жатқан жоқ. Мерейтойының қарсаңында Құдай қолдап, Баукеңнің ұрпағы табылып жатса, қайта мақтаныш емес пе?!. Қыз жүрегі ел-жұрт атынан осылай кесіп-пішеді де Еленаның пәтеріне телефон шалады. Ал трубканың ар жағынан: – Елена Бауыржанқызы тыңдап тұр, – деген нәзік дауысты естігенде ет-бауыры елжіреп, жүрегі лүп-лүп соғып кеткен. Әлбетте, Елена да толқыды. Өзін батыр Баукеңнен қалған ұрпақ қой деп іздейтін іргелі ел-жұрттың есті өкілдері бар екенін айтып, көңілі босады. Көзіне жас та алды. – Қуанышты хабарыңызға көп-көп рахмет. Мен бәрі бітті, Мәскеуде енді Бауыржан Момышұлын еске алып, жиын өткізу бұдан былай бола қоймас деп ойлаушы ем... Айтпақшы, Бақытжан ағам келді ме?!. – Келем деген. Ауырып жүрген аяғы ұзақ жолға жараса келіп қалар…
* * * Қызыл қабырғалы қаладағы Баукеңнің тойы торқалы болды. Мәскеу мэрінің бірінші орынбасары Людмила Щвецова, Ресей Мемлекеттік Думасының ығай мен сығайлары, бүкілресейлік соғыс ардагерлерінің комитеті шақырған ардагерлер және Иван Панфиловтың қызы Майя, Александар Бектің қызы Татьяна, өзіміздің Елена Бауыржанқызы бар, жиналған көпшіліктің алдына бірінен кейін бірі шығып Баукеңнің ерлігі мен азаматтығы туралы ойлары мен пікірлерін, естеліктерін ортаға салды. Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хаты оқылды. Баукеңнің туған жері Жамбыл облысы мен Алматыдан келген ағайындар мәскеуліктерге Баукеңнің бейнесі тоқылған кілем сыйлап, иықтарына шапан жапты. Арқалы ақын-жазушылар өлеңдерін оқыды. Сол сәт Мәскеу сахнасында батыр Баукең рухымен бірге Қазақ рухы да шалқып, аспандап тұрды. Әсіресе, өмір бойы әке алақанының жылуын армандаумен келе жатқан Еленаның сол күнгі сөзі әдеби-сазды кештің төріндегі ет пен сүйектен жаратылған барша пенденің жүрегін суырып алғандай әсер етті. – Тұрсынайдан осы жиынның болатынын естіген кездегі қуанышымды бір ауыз сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Міне, он жыл болды, әкем Бауыржан Момышұлының туған елімен әдеби-мәдени байланыстың үзіліп қалғанын ойлап, қамығумен жүрмін. Әкемнің 90 жылдығына орай өткізіліп отырған осы салтанатты кеш менің мұң кіреукелеген жанарыма қуаныштың отын жақты. Жарқ еткен сәулемен бірге әкемнің бейнесін көргендей болдым. Әкем көзі тірісінде ағам Бақытжанмен таныстырғанымен, мен жайлы сол тұстағы белгілі себептермен еліне жариялауды жөн санамаған шығар. Әкем әскери қызметте жүргенде менің анам Галинамен көңілі жарасып, бір-бірін қатты құрметтепті. Қазір анам бұл өмірде жоқ. 1946 жылы, мен дүниеге келген күні Калинин қаласында арнайы суретке түсіпті. Міне, мынау сол сурет. Әкем суреттің сыртына «ҚЫЗЫМ ЕЛЕНА ТУЫЛҒАН КҮНІ АРНАЙЫ БАРЫП ТҮСКЕН СУРЕТ» деп жазып қойыпты. Әкемнің әскери киімдегі жап-жас осы дегдар бейнесі мен үшін ең қымбат қазына. Мен де әкем сияқты әдебиет жолына түстім. Бүгінде М. Цветаева атындағы бүкілресейлік әдебиет және өнер мұрағатында ғылыми қызметкер боп істеймін…
* * * Маған енді Тұрсынайдың өзімен сөйлесу ғана қалды. Мәскеу телефондарының ұзақ-сонар нөмірлерін екіұдай көңілмен тере бастадым. Бірінші күдігім – телефон нөмірі дұрыс болмай шықса қайтем болды, екінші күдігім – етектегі елден елпілдеп телефон шалғанымды Тұрсынай дұрыс қабылдай ма, жоқ па деген ой. Ә, дегенде трубканы бір кемпір (даусынан жаңылмасам) көтерді. Шамасы – Тұрсынайдың көршісі болуы керек. «Шақырып берейін бе?» дейді жаны қалмай. Бірақ сәлден соң «үйінде жоқ екен» деп қайтып келді. Бірақ үмітімді біржолата үзген жоқ, қайта «Тұрсынайдың үйінің телефон нөмірін берейін» деп, қуантты. Арада екі-үш күн өткеннен кейін Тұрсынаймен телефон арқылы сөйлесудің де сәті түсті. Тұрсынай Елена туралы біртүрлі қамыға әңгімеледі. Қыздың көңілін қыз ғана жақсы түсінеді ғой. Қазақ батырының қазақы мінезді қызы орыспен орыс боп кете алмаған сияқты. Әлі күнге дейін әйел боп тұрмыс құрып, отау тікпепті. Филология ғылымының кандидаты деген атақпен шектеліп, М. Цветаева атындағы әдебиет және өнер мұрағатында ғылыми қызметкер боп жүрген жайы бар. Көңілін күпті қып жүрген сұрақ та көп екен. – Елена құжатына аты-жөнін қалай жазыпты? – Елена Бауыржанқызы Коркина деп жазған. – Түрі кімге ұқсайды? – Баукеңе келеді. Бойы сұңғақ, шашы қайратты. Кезінде қалың әрі қап-қара болғаны білініп тұр. – Мінезі ше? – Мінезі тұйықтау, көп сөйлемейді. Бірақ түсі жылы. Жанында нәзіктік бар. Үні де жұмсақ. Бірақ ер мінезді. Адал, ойын ішіне бүкпей, тура айтады. Әке беделімен күн көретін пайдакүнем, пысықайға мүлде ұқсамайды. Қарапайым ғана тіршілік кешіп жатыр. Көзінде мұң бар... – Әдебиетші адам ғой, не дейді? – Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін де, орыстар үшін де әлі керек. Мен туралы елден «сүйінші» сұрап жазбай-ақ қойыңдар, ұят болады. Мен ондай құрметке лайық үлкен тұлға емеспін ғой. Бауыржанның қызы деп мақтанатындай жағдайым да жоқ дейді. – Сіз не дедіңіз? – Сізді көре-біле тұра айтпасақ, жазбасақ кінәнің көкесі сол болмай ма дедім. – Бақытжанға Мәскеудегі қарындасымен танысқаныңызды айттыңыз ба? – Тойға шақырған кезде «Аға, қарындасыңызды тауып алдым» деп, сүйінші сұрағандай қуана хабарлағам. Бірақ көкем үндемей қалды. Кездесуге де келем деп еді, келмеді. Аяғы ауырып, жолға шыға алмаған шығар… – Мәскеуде Баукеңнің қызы бар екенін кезінде әкелі-балалы Момышұлынан басқа кімдердің білуі мүмкін еді? – Жазушы Дмитрий Снегин біліпті. – Әзілхан аға ше? – Ол кісінің білген-білмегенін естімедім. – Еленаның елге келіп-кетпек ойы бар ма? – Бар. Әкемнің басына барып, зиярат етсем деген арманына жете алмай үміті үзіле бастаған сияқты байғұстың. «Жыл бойғы қаражатымды жинасам да жолкіреге жеткізе алмадым» дейді. Мынау басыңа тартсаң, аяғыңа жетпейтін кедейдің көрпесіндей шолтиған заманда бір айлықпен қалт-құлт етіп күн көріп отырған қарапайым ғылыми қызметкердің жиған-тергені не болады? Баукеңнің қызының көзіндегі мұңды көрген сайын «әкемнің бейітіне барып зиярат етсем» деген Еленаның арманына қолұшын беретін жаны жайсаң азаматты қайдан тапсам екем деп шыбын жаным шырылдап қоя береді...
* * * Алда Жеңістің 60 жылдығы. Бұл – соғыста қанын, тылда – терін төккен аға ұрпақтың тәңіріне тәубе деген қуаныштарының бірі. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері елде той-томалақ көп. Қонақтар да жетіп артылады. Алматы мен Астананың төрін Алла Пугачева мен Филипп Киркоров бермейтін болды. Ресейлік басқа өнер қайраткерлері де үстін-үстін келіп-кетіп жатыр. Келмесін демейміз, келсін. Шақырмасын демейміз, шақырсын. Бірақ біздің шенеуніктеріміз бен бай-бағландарымыз ерлікке де бас иіп, елдікті де ұмытпауы керек сияқты. Соғыс өрті шыққан жерден ең бірінші боп табылатын қаһарлы қарудың авторы Калашниковты да иіліп жастық, жайылып төсек боп күтті ғой. Еліміздегі БАҚ атаулы бірнеше күн бойы сол бойы бір тұтам шалдың шашбауын көтерумен жүрді емес пе? Еленаның әке қабіріне барып зиярат етіп, құран бағыштасам деген арманы автоматқа (авторына) көрсетілген құрметке қарағанда, адамгершілік ізгіліктердің ең биік талаптарына жауап бермей ме? Әрине, коммерциялық пайдасы болмауы мүмкін. Бірақ Еленаның Баукең туралы айтқандарын өз аузынан жазып алу, бұрыннан жазып жүргендері болса – бастыру, жарияланбаған хаттары, суреттері, тұтынған һәм сыйлыққа ұсынған заттары болса көшірмесін жасату сияқты жұмыстар ұсынықты елдің ұл-қыздары үшін коммерциялық пайдадан да пайдасы көп шаруа ғой. Бұл әрі-беріден соң елдікті ұлықтап, ерлікке тағзым ету емес пе?!. Халқымызда қыз баланы «Төркіні кедей болмасын» деп төрге отырғызатын жақсы әдет-ғұрып бар. Бүгінде шығыс пен батыстың, Мәскеу мен Алматының арасы табалдырық пен төрдің арасындағы тұтамдай ғана жер боп қалды. Елена Бауыржанқызы Коркинаның 60 жылдық қарсаңында елге келіп, әке қабіріне зиярат ету мәселесі жеңіс салтанатына жауапты азаматтардың қаперінен шықпайтын шығар деп сенеміз.
* * * АРМАН ОРЫНДАЛДЫ
1. ЕР БАУКЕҢНІҢ ҚЫЗЫ ЕЛЕНА ЕЛГЕ КЕЛДІ
«Егемен Қазақстан» газетінде өткен жылы «Ер Баукеңнің қызы Елена ата жұртқа бір келіп кетсем деп армандайды» деген мақала жарияланды. Мақала оқырмандар арасында үлкен қызығушылық туғызды. Редакция мен Жамбыл облысындағы тілшілер қосына телефон шалушылар өте көп болды. Мақала жарияланысымен облыстағы соғыс және еңбек ардагерлері газеттің атына алғысқа толы жүрекжарды сөздерін арнап, ер Баукеңнің қызын Жеңістің 60 жылдық торқалы тойына орай туған елге алып келуге шақырды. Көп ұзамай Жеңістің 60 жылдығы келіп жетті. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Ресейдегі Волоколамскі жеріне батыр Бауыржан Момышұлы мен генерал Василий Иванович Панфиловтың ескерткіш-мүсіндері орнатылды. Оған ҚР Ресейдегі елшілігі мен Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Б. Жексембин бір кісідей атсалысты. Жамбылда дайындалған ескерткіш-мүсіндер мен гранит тастар жүк машиналарына тиеліп, Мәскеу облысына жеткізілді. Жеңіс мерекесіне орай Мәскеудегі шеруге арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қос батырдың ескерткішінің ашылуына қатысты. Осы үлкен қуанышқа Панфиловтың қызы, Баукеңнің ұлы мен келіні де келді. Бірақ мен мақала авторы ретінде салтанатты жиынға шақырылғандардың арасынан Еленаны көре алмағаныма өкініп қайтқанмын... Міне, жақында батыр Баукеңнен қалған қара шаңырақ ақар-шақар қуанышқа кенелді. Бақытжан көкем көп ойдан кейін Мәскеудегі бір кіндіктен тараған бауыры Еленаны үйіне шақырды. Төркіндеп келген қыздай төрге отырып, құрметке бөленген Елена Бауыржанқызы әке қабіріне зиярат етті. Ағасы Бақытжанмен, жеңгесі Зейнеппен шүйіркелесті. «Абысын тату болса ас көп» дегендей, батыр шаңырағындағы жеңге мен қайынсіңілінің татулығы да ел-жұртқа үлгі емес пе. Біз өткен жылы мақаламызды «Еленаның Баукең туралы айтқандарын өз аузынан жазып алу, бұрыннан жазып жүргендері болса бастыру, жарияланбаған хаттары, суреттері, тұтынған һәм сыйлыққа ұсынған заттары болса көшірмесін жасату сияқты жұмыстар ұсынықты елдің ұл-қыздары үшін әлдеқайда игілікті шаруа ғой. Бұл әрі-беріден соң елдікті ұлықтап, ерлікке тағзым ету емес пе? Халқымызда қыз баланы «Төркіні кедей болмасын» деп төрге отығызатын жақсы ғұрып бар. Бүгінде Шығыс пен Батыстың, Мәскеу мен Алматының арасы табалдырық пен төрдің арасындағы тұтамдай ғана жер болып қалды. Елена Бауыржанқызы Коркинаның Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында елге келіп, әке қабіріне зиярат ету мәселесі Жеңіс салтанатына жауапты азаматтардың қаперінен шықпайтын шығар деп сенеміз» деп аяқтаған едік. Бір адамын екеу ете алмай отырған ел үшін елге ел қосылғаннан өткен құт жоқ. Міне, осы ойды шенеунік те, кәсіпкер де емес, Баукеңнің тұяғы Бақытжан жасады. «Ақ түйенің қарны жарылып», батыр Баукеңнің ұлы мен қызы табысты. Лайым ұзағынан сүйіндірсін!
2. ӘРУАҚТАР РУХЫНА ЗИЯРАТ
2005 жылғы ақпан айында «Егемен Қазақстан» газетіне «Ер Баукеңнің қызы Елена» деген көлемді мақала жариялағанбыз. Тың дерек болғандықтан болар, оны қалың көпшілік іздеп жүріп оқыды, тіпті «асылдың сынығы табылды» деп бір-бірінен сүйінші сұрап, қауқылдасқан қарияларға да куә болғанбыз. Батырдың қызын елге шақыру кісілік екенін айтып, сол кездегі облыс басшылығына мақала авторы ретінде хат та жазғанбыз. Көп ұзамай Елена Бауыржанқызы Коркина Алатаудың бөктеріндегі Алматыға келіп, бауыры Бақытжанмен кездесті. Әке қабіріне зиярат етті. Бірақ уақыттың тығыздығынан болар, әкесінің кіндік қаны тамған қасиетті Жуалы өңіріне жолы түспеді. «Сабыр түбі сары алтын». Жақында Елена әпкеміз қасиетті Тараз-Әулиета-Жамбыл жеріне келіп, батыр Баукең туған Жуалы ауданындағы Момыш тұлғаның басына барып зиярат етті. Батырдың туғанына 90 жыл толу құрметіне орай осыдан он жыл бұрын Серік Үмбетовтің қолдауымен тұрғызылған, бүгінде Тараз қаласының төрінде өрлік пен ерліктің символына айналып тұрған батыр ескерткішіне қос бауыр Бақытжан мен Елена гүл шоқтарын қойып, әке рухына бас иді. Еленаның жүрегінде әкесі Мәскеуге келген сайын құлағына құятын «Айналайын» деген қазақтың алтынға пара-пар сөзі мәңгілікке қалып қойған. Одан кейін Момышұлы отбасы мұзарттарының бірі – «Музей апаның» суреті көз алдынан кетпейді. Әлбетте, «Бақытжан бауырым мен асқар шыңды Алатауды бір көрсем» деген арман да көзіне жас алдыратын. Әкесі айтпақшы, айналайын, қазақ елінің кең жүрегі мен бауырмал туысқандар пейілінің арқасында, міне, сол арман да орындалды. Қараңыздаршы, бірі Мәскеуде, екіншісі Алматыда тұратын қос бауырдың қатар жүргені қандай жарасымды!
Тараз-Мәскеу-Тараз. (2005-2010 жылдар).
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді