«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еліміздің үшінші жаңғыруы аясындағы маңызды міндеттер

Еліміздің үшінші жаңғыруы аясындағы маңызды міндеттер
ашық дереккөз
Еліміздің үшінші жаңғыруы аясындағы маңызды міндеттер

Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңеске қатысты. Елбасы іс-шара алдында арнайы әзірленген көрмені аралап көрді. Онда түрлі бағыттар бойынша 30-дан астам ІТ-жобалар қойылған. Кеңеске мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың жетекшілері, Парламент депутаттары, шетелдік ірі кәсіпорындар мен компаниялардың өкілдері қатысты. Басқосуда Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялар саласындағы сарапшылар баяндама жасады. Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын таныстыру барысында айтылған мәліметтерді ескеріп, еліміздің экономикасын дамыту үшін цифрлық технологияларды қарқынды енгізудің маңыздылығын атап өтті. – Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір озық дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы цифрландыру кәсіпорындар мен жалпы еліміздің бәсекеге қабілеттігін, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы өкілетті органдар мен кәсіпорындар тарапынан ерекше мән беруді қажет ететін цифрландырудың жекелеген бағыттарына тоқталды. –Мемлекеттің, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын жолға қою маңызды. Бизнеске цифрлық технологияларды кең ауқымда енгізуі үшін жағдай жасау керек, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Елбасы біліктілігі жоғары мамандарды даярлаудың маңыздылығына тоқталып, білім беру саласындағы саясатты қайта қарау қажеттігін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының базасында, сондай-ақ инновациялық кластерлер аясында құзыреттілік орталықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды. Қазақстан Президенті ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің жаңа технологияларды әзірлеу мен оларды енгізу мәселесінде басты рөл атқаратынын айтты. – Еліміздің қаржы секторы озық технологияларды мейлінше сезінетін сала болғандықтан, цифрландыруға қатысты шешімдерді кеңінен қолдана бастады. Ол алдағы уақытта да осы үдерістің басында болуы керек. «Астана» халықаралық қаржы орталығының алдында жаңа қаржылық технологиялар мен құралдарды дамыту міндеті тұр, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев белгіленген міндеттерді шешіп, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді ынталандыру үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді тапсырды. Соңында Мемлекет басшысы болашақтағы жаһандық сын-тегеуріндер мен технологиялық трендтерді зерттеу қажеттігін атап өтті. – Бүгін айтылған мәселелердің барлығы еліміздің Үшінші жаңғыруы аясындағы маңызды міндеттер саналады. Үкімет оларды мемлекеттік бағдарламада ескеруі қажет. Сондай-ақ, ортақ мәселелерді шешу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия аясында арнаулы комиссия құру керек. Сонымен қатар, бағдарламаны жетілдіре түсу үшін Президент жанынан комиссия құруды тапсырамын, – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.

Ұқсас жаңалықтар