Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл туған жеріне оралды
Германияның Гамбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 75 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанған жамбылдық саңлақ Әбілхан Аманқұл туған жеріне оралды. Талай мықтының бетін қайтарған сайыпқыран Әбілхан мен бапкері Нұрлан Ақүрпековты облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған жерлестері «Әулиеата» әуежайында ыстық ықыласпен қарсы алды.
«Құрметті жанкүйерлер, Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Болат Ниязымбетов, Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов, Олжас Сәттібаев сынды еліміздің атын әлемге әйгілеген өрендердің ізін жалғап, жеңіс эстафетасын қолға алған Әбілхан інімізді облыс әкімі атынан шын жүрегіммен құттықтаймын! Толайым табысқа қол жеткізу жолында аянбай еңбегін сіңірген ата-анасына, алғашқы бапкері Тұрлыбек Көпжасаровқа, жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпековке шексіз алғысымды білдіремін. Әлі алда талай байрақты бәсеке тұр. Әнұранымызды шырқатып, көк туымызды көкте желбіретеді деп сенеміз, саған, Әбілхан! Биік асуларды бағындыра бер!», – деді Ерқанат Нұрбапаұлы өз сөзінде. Бұдан соң сөз алған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің бірінші проректоры Асқар Абдуалы шәкірттерінің жеңісіне ризашылығын білдіріп, Әбілханның грантқа ауысқанын хабарлады. Жамбылдық жампоздың жеңісті жорығы университет түлектері үшін үлкен серпін болатынын сөз етті.
Кейіннен спорт ардагері Әмірхан Төлен сөз алып, боксшыны жеңісімен құттықтады. Бұдан соң Әбілхан Аманқұлдың бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков жанкүйерлерге деген алғысын айтып, алда тұрған айтулы аламандарда да шәкіртінің биіктерден көрінуге бар күшін салатынын жеткізді. Облыс басшылығына, спорт саласының тізгінін ұстаған азаматтарға ризашылық сезімін білдірді. Соңынан сөз алған Әбілхан да жерлестерінің қолдауын сезінгенін тіліне тиек етіп, сенім үдесінен шығу үшін аянбай еңбектенетініне сендірді.
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Әйгерім Сәттібаеваны жамбылдықтар құрметпен күтіп алды
- 25 қазан, 2025
Қазақтың туы болған Қосы батыр
- 21 қазан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




