Жеткіншектер бос жүрмесін
Балғындар бос уақытын қайда, қалай өткізеді? Біз осы мәселені зерделеп көрдік. Дерекке сүйенсек, өңірімізде міндетті білім беретін мектептерден тыс 75 қосымша мекеме бар екен. Онда 49047 оқушы қосымша біліммен қамтылған. Бұл барлық оқушының 23,6 пайызын құрайды. Бұдан бөлек 451 білім ошағында 6956 үйірме жұмыс істейді. Облыс бойынша 80492 бала осы үйірмелерге жазылған. Сондай-ақ аудандарда 34 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылған. Соның арқасында 24766 жас жеткіншек дене шынықтырып, спортпен шұғылданып жүр. Бұл – облыстағы барлық оқушының 11,9 пайызы. Ал жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейтін 2083 спорт секциясына жыл сайын 41 мыңнан астам жасөспірім жазылатын көрінеді. Облыстық білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізетін орталықта 21 үйірме жұмыс істейді. Мұнда 1600 бала қамтылған. Орталыққа келіп, өнер үйреніп жүрген өнерпаздар арасында республикалық, халықаралық түрлі байқауларда жүлде алып, жетістікке қол жеткізгендері де бар. Тараз қаласындағы 3 қосымша білім мекемесіне тартылған балғындардың саны – 9257. Жалпы, облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өнер-білім, спорт секілді сабақтан тыс жүргізілетін қосымша үйірмелерге өңірде 195796 бала тартылады екен. Бүгінде кейбір ата-аналар алты жастан асқан баланың тәрбиесін толықтай мектепке артып қоятын болған. Кейбіреулері ұл-қызының қандай өнері барынан, бос уақытын қайда өткізетінен де хабарсыз. Ал қадағалаусыз кеткеннің жайсыз жағдайға тап болары анық. Балалықпен қателік жасағандар «тізімге» ілігіп, әп-сәтте «қиын» балалардың қатарына қосылып кетеді. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу әрі қамқоршысы жоқ жас жеткіншектерге қолдау көрсету үшін сала мамандары оқушылардың қысқы, жазғы демалыстарын қалай ұйымдастыратынын да алдын ала жоспарлап қояды. Биыл облыс бойынша 7217 баланы түрлі сауықтыру орталықтарына жіберу жоспарланған екен. Алайда, осы күнге соның 5800-і ғана қамтылған. Жауапты мамандар мұның себебін лагерьлер жұмысының толық аяқталмағанымен байланыстырады. Негізі жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі, білім, өнер, спорт салалары бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылар 100 пайыз демалып үлгеріпті. Сала мамандары осы жазда 117968 оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ойластырған көрінеді. Жазғы еңбек жасақтарына 17854 баланы тарту көзделсе, әртүрлі үйірмелер мен аула клубтарына 11827 жеткіншек тартылыпты. Сондай-ақ, 12082 баланы туристік саяхаттар мен серуенге шығару жоспарланған. Балалар үшін биылғы естен кетпес саяхат – Елордада өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық көрмесі болғаны анық.
Аудандардағы ахуал қандай?
Жазғы каникулда Жамбыл ауданы бойынша 300 оқушы сауықтыру орталықтарында демалыпты. Мектеп жанындағы лагерьге шақырту алған 972 бала демеушілердің көмегімен бір мезгіл тамақтандырылса, 1711 жеткіншек ата-анасына ілесіп қыдырып, қызыққа кенеліпті. Елордаға ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалауға 250 бала жіберілсе, аула клубтарындағы үйірмелерге 350 бала тартылған. Туристік саяхатқа жіберілгені – 1230, жаздай қарап жатпай, спортпен шұғылданғаны – 680. Жалпы, ауданда 25 бала экология үйірмесіне барса, тіл үйірмесіне 4689 оқушы жазылған. Спорт үйірмелеріне қатысатыны – 2 мыңдай. Меркі мен Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарының әрқайсысында 5 қосымша білім мекемесі бар екен. Ықшамдап айтқанда Жуалыда оқушылардың – 22,9, Меркіде – 19,7, Құланда – 16,6 пайызы сабақтан тыс қосымша айналысатын «ермегі» бар. Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің бас маманы Назым Сыдықбекова биылғы оқу жылында бұл көрсеткішті ұлғайта түсетіндерін айтты. Жалпы, үйірме таңдауда үлкен мүмкіндік берілген – байзақтық оқушылар екен. Бұл ауданда 6 қосымша білім беру мекемесі бар. Барлығын қоса есептегенде 107 үйірме жұмыс істейді. Дегенмен, үйренетіні көп болғанымен, оған тартылған жеткіншектер саны аздау, 2985 бала қамтылған. Ал мектептердегі 558 үйірмеге 12597 бала тартылған екен. Байзақ ауданынан ЭКСПО көрмесіне 475 оқушы жіберілсе, Көкшетау мен Қапшағайдағы сауықтыру орталықтарында – 25, «Тау самалы» лагерінде 312 жеткіншек тынығыпты. Талас ауданында 1555 жасөспірімді түрлі өнер үйретіп, баулитын 4 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді. Мұнан бөлек оқушылардың 40 пайызы мектеп жанындағы үйірмелерге барады. Ал облыстағы ең үлкен аудан Қордайда 8 қосымша білім мекемесіне 4989 жеткіншек тартылған. Бұл ауданда 25 мың бала түрлі үйірмелермен қамтылған екен. Шу ауданында да 10 қосымша білім мекемесі бар, онда 6418 өнерпаз талаптарын ұштап жүр. Бұдан бөлек 4940 бала мектеп жанындағы үйірмелерге баратын көрінеді. Бұл – оқушылардың 70 пайызы бос уақытын тиімді өткізеді деген сөз. Шалғайдағы Сарысу, Мойынқұм аудандары да бұл бағыттағы жұмыстарды назардан тыс қалдырған емес. Сарысу ауданындағы 10 қосымша білім мекемесіндегі үйірмелерге 3003 бала, яғни аудандағы барлық оқушының 40 пайызға жуығы тартылған. Мұнан бөлек 1364 бала мектеп жанындағы үйірмелерге барады екен. Бұл сарысулық оқушылардың 50 пайызы қосымша біліммен қамтылғанын аңғартады. Соңғы жылдары Жаңатас қаласының жасөспірімдері облыстық, республикалық өнер байқауларынан жүлде алып жүргені – осындай нақты шаралардың жемісі. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануда Мойынқұм ауданының да көрсеткіштері жақсы. Бұл аудандағы 5724 оқушының 4063-і қосымша біліммен қамтылған. Ауданда мұндай мекеме – бесеу. Яғни, мойынқұмдық оқушылардың 80 пайыздан астамы бос уақытын текке өткізбейді деген сөз. Бұдан бөлек 1550 бала мектептердің жанындағы үйірмелерге жазылыпты. Балғындарды жастайынан өнерге баулығанның әсері шығар, былтыр Мойынқұмнан Альбина Молдан деген өнерлі әнші қыз жасөспірімдер арасындағы Қытай Республикасында өткен халықаралық ән байқауында бас жүлдемен оралыпты. Міне, шалғай жатқан Мойынқұмның жетістіктері осындай.
Түйін:
Жыл сайын мектеп бағдарламасы күрделене түсуде. Ал мұғалімге оқушыға сапалы білім берумен қатар, оның бейіміне қарай, өнерін ұштау жауапкершілігі жүктелген. Әйтеуір, балалар бос уақытын текке өткізбесе болғаны. Ол үшін тиісті жағдайлардың бәрі жасалған. Спортпен шұғылданамын, өнерімді, шығармашылығымды дамытамын деген жасөспірімге қашан да жол ашық.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді