Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы мемлекеттің дін саласындағы саясатын іс-жүзіне асыру үшін қабылданған еліміздегі діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бойынша облыс әкімдігінің дін істері басқармасы өңірде жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Биылғы жылдың бес айының өзінде мемлекеттік органдар, мәдениет ошақтары, білім беру мекемелері, әскери құрылымдар, түзеу мекемелері мен діни ғибадат үйлерінде 34 іс-шара өткізіліп, оған бес мыңға жуық мақсатты топтар қамтылды.
Басқарма сәуір-мамыр айларында Сарысу мен Байзақ аудандарында жаңа форматта басқарма күндерін өткізді. Оның аясында аудандардағы діни ахуалға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әртүрлі санаттағы тұрғындармен кездесулер, семинарлар ұйымдастырылды. Қорытындысында аудан әкімдіктерінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырыстары өткізіліп, оның жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар берілді. Мұндай шара жыл соңына дейін барлық ауданда өткізіледі.
Дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау және насихатшы топ мүшелерінің дін саласындағы білімін көтеру мақсатында Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетімен екіжақты меморандумға қол қойылды. Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде жазасын өтеп отырған азаматтар арасында діни экстремизм мен терроризм идеологияларының алдын алу мақсатында, сотталғандардың шартты топтарының диференциациясы жасалды. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп отырған азаматтар арасында діни экстремизм мен терроризм идеологияларының алдын алу мақсатында, облыстық дін істері басқармасының үйлестіруімен мешіттер мен шіркеулерден бекітілген діни қызметшілер мен басқарма қызметкерлері кездесулер өткізіп отырады. Жалпы, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп отырған азаматтарды жұмысқа тарту мәселесі республикалық деңгейде қаралып, шешімін тапса дұрыс болар еді. Сол сияқты, Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы «Қайрат» мешітінен елімізде тыйым салынған «Таблиғ жамағаты» діни ұйымына тиесілі «Амалдардың құндылықтары» атты кітабы табылды. Ол Шымкент қаласындағы Әділет министрлігінің сот сараптама орталығына жіберіліп, мешіт имамы С.Сарыпбековке заң талаптары түсіндірілді. Оқушылардың түрлі діни ағымдарға бой ұруына қарсы және дәстүрлі емес діни ағымдарға тартылған оқушыларды кері қайтару бойынша білім басқармасымен бірлескен жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш оқу жылында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде дәстүрлі емес діни ағымдарға тартылған оқушылардың саны 173-ке азайды. Студент жастар да назарымыздан тыс қалып отырған жоқ. Облыста дін саласында үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалану, оларды мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша маңызды жобаларға тарту жұмыстары аясында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 10,6 миллион теңге қаржыны құрайтын 10 жобаға конкурс жариялау жоспарлануда. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында Дін мәселелерін зерттеу орталығы арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша төрт маңызды жоба («Облыс көлемінде конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған іс-шаралар өткізу», «Діни экстремизм мен терроризм идеологияларының алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізу», «Діни-құқықтық ақпараттық бағытта ғаламтор желісінің жұмысын үйлестіру», «Облыс көлемінде діни ахуалды зерделеу жұмыстарын ұйымдастыру») іске асырылады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстағы діни ахуалды зерделеген «Талдау» қоғамдық қорының жүргізген сауалнама жұмыстарының нәтижесі, облыстағы діни ахуалдың соңғы жылдардағы өзгерісін былайша сипаттайды: респонденттердің 38,6 пайызы «діни ахуал айтарлықтай жақсарды», 22,4 пайызы «ішінара жақсарды», 34,6 пайызы «өзгерген жоқ» десе, ал 4,1 пайызы «ішінара нашарлады» деген, 0,3 пайызы – жауап беруге қиналған. Осы зерделеулердің қорытындысының негізінде облыс аймақтарында конфессияаралық қатынас тұрақты деп айтуға толық негіз бар.
Серғали АЙДАПКЕЛОВ, облыс әкімдігінің дін істері басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді