«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңғырту ісі бүкіл күш-жігерді жұмылдыруды талап етеді

Жаңғырту ісі бүкіл күш-жігерді жұмылдыруды талап етеді
ашық дереккөз
Жаңғырту ісі бүкіл күш-жігерді жұмылдыруды талап етеді

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының ашылуына қатысты. Парламент палаталары мүшелерінің алдында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті депутаттардың өткен сессиядағы қызмет нәтижелеріне тоқталып, еліміздегі реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. – Өткен сессияда Парламент 84 Заң жобасын қарастырып, қабылдады. Соның ішінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң да бар. Бір жылда сіздердің бастамаларыңызбен 15 заң жобасы әзірленді, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев жүргізілген саяси реформалардың нәтижелеріне назар аударып, бүкіл мемлекеттік аппарат алдына қойылған міндеттерді іске асыруда Парламент пен Үкіметтің жауапкершілігі жоғары екенін айтты. – Қазақстан бүгінде стратегиялық маңызы бар бірқатар міндетті іске асыруда. Парламент Үкіметпен бірлесіп, Ұлт жоспарын, Жолдауды және қолданыстағы бағдарламаларды орындау үшін барлық шараларды қабылдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті қоғамды дамытудың жекелеген бағыттарына тоқталды. Елбасы рухани жаңғыру және экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің орындалуына назар аударды. – Биыл Парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізіледі. Біз салық саясатын мейлінше жақсартып, бизнесті ашық жұмыс жасауға ынталандыруға тиіспіз. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бойынша заңнаманы жетілдіру керек. Сондай-ақ, банктерге тиімді бақылау жүргізу үшін Ұлттық банкке заңнамалық тұрғыдан көбірек мүмкіндік беру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы сақтандыру жүйесін дамыту және дәрі-дәрмек айналымын тәртіпке келтіру, сондай-ақ еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. – Парламенттің және бүкіл еліміздің алдында көп әрі жауапкершілігі зор жұмыс бар. Ауқымды міндеттер мен шешімдер – біздің 2017 жылғы жаһандық сын-қатерлерге жауабымыз. Жаңғыру барлық күшімізді жұмылдыруды қажет етеді. Жаңа жағдайда биліктің заң шығару және атқарушы тармақтары сындарлы түрде ынтымақтасуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабына сәйкес алтыншы шақырылымдағы Парламенттің үшінші сессиясын ашық деп жариялаймын. Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның басталуымен құттықтаймын! 28 маусымда Сенат депутаттарының сайлауы өтіп, Парламенттің жоғарғы палатасының құрамы жаңарды. Жаңа сайланған халық қалаулыларын да қызметтерімен құттықтап, табыс тілеймін! Біз биыл жаңғырудың жаңа көкжиектерін ашып, іргелі процестерді жүйелі түрде жүзеге асыруға кірістік. Жаңғыру үрдісі негізгі үш сала – экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбуде. Бұл реформалардың негізінде біз «Қазақстан-2050» Стратегиясындағы мақсаттарымызға жетеміз. Елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, татулық пен бірліктің арқасында дәйекті түрде барлық биіктерді бағындырып келеміз. Көзделген жұмыстардың қарқынды әрі жүйелі атқарылуына Парламенттің де қосқан үлесі зор. Өткен сессияда біршама жемісті жұмыс жасалды. Парламент қоржынындағы 111 заң жобасының 84-і қаралып, қабылданды. Қазір олар күшіне еніп, еліміздің игілігіне қызмет етуде. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ең негізгі, біз үшін өте қажетті, маңызды екенін білесіздер. Депутаттардың белсенділігі де жоғары деңгейде, сіздердің бастамаларыңызбен бір жылда 15 заң жобасы дайындалды. 17 үкімет сағаты мен 7 парламенттік тыңдау аясында билік тармақтары маңызды мәселелер бойынша қоян-қолтық жұмыс істеді. Қос палатаның жалпы отырыстары мен үкімет сағаттарының онлайн режімде өтуі Парламенттің жұмысын ашық әрі халыққа қолжетімді ете түсті. Президент өзінің сөзінде үшінші сессияда осы жақсы үдерістерді жалғастырып, қарқынды әрі сапалы жұмыс істеу керек екенін атап көрсетті. – Алдымызда талай сүбелі шаруалар тұр. Басталған келелі істерді әрі қарай да заңнамалық қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, жан-жақты жаңғырудың мәні мен мақсатын елге жете түсіндіріп, оған халықты жұмылдыру да басты міндеттердің қатарында. Депутаттар өзге билік тармақтарымен және халықпен тығыз жұмыс істеп, ел сенімін ақтайтынына кәміл сенемін. Барлықтарыңызға табыс тілеймін. 2017 жыл Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Саяси тұрақтылық пен қоғамдық консенсустың арқасында, жоғарыда айтып кеткеніміздей, біз үш базалық сала – экономиканы, саясатты, сананы жаңғыртуға кірістік. Біріншіден, Жолдауда технологиялық, инфрақұрылымдық жаңғыртудың жаңа кезеңіне серпін берілді. Екіншіден, конституциялық реформа билік тармақтарының дәл тепе-теңдігін қалыптастырды. Үшіншіден, біз рухани жаңғырту мен ұлттық сананы жаңартудың үдерістерін кең көлемде жүргізе бастадық. Іс жүзінде осы үш бағыт қазақстандық жаңғыртудың жүйелік триадасы болып табылады. Алайда, мұндағы қиын мәселе сол, біздің жаңғыртуымыз айтарлықтай күрделі жаһандық жағдайда жүріп жатыр. Әлемді бұрынғысынша тынышсыздық билеп тұр. Державалар арасындағы үнқатысу санкциялық саясатпен ілесе жүруде. Өңірлік жанжалдар да толастар емес. Деструктивті идеологиялар өзінің ықпалын кеңейтуді жалғастыруда. Оның үстіне, жаңа мүмкіндіктермен қатар, тәуекелдерді қоса әкеле жатқан тотальды цифрландыру да күш ала түсуде. Осының барлығы жаңғырту уақытының есебі жылдап емес, минуттап жүретінін білдіреді. Қазақстан міндетті түрде үлгеруі тиіс. Мен мұны еңсере алатынымызға сенімдімін. Мемлекет басшысы бүгін Парламент өзінің жұмысын жаңа жағдайларда, палаталар да, Үкімет те, қосымша өкілеттіктерге ие болған кезде бастағалы отырғанын, демек, бұл жауапкершіліктің де жүгі ауырлай түсетінін білдіретінін атап көрсетті. – Практикалық міндеттер, бірінші кезекте, атқарушы билікке жүктелетіні белгілі. Үкімет жыл сайынғы Заң жобалау жұмыстары жоспары шеңберінде көптеген заң жобаларын негізгі жасаушы болып қалып отыр. Сонымен бір мезгілде Парламент депутаттары да заң шығаруда барынша көбірек бастамашылық таныта бастады. Мен мұны оңды құбылыс деп санаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент бұл жерде мәселеге қашанда тар ведомстволық немесе өңірлік мүдделер тұрғысынан емес, жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан келу керек екеніне назар аударды. – Соңғы кездері заң шығармашылық үдеріс ашығырақ бола түсті. Парламенттік тыңдаулар өткізіліп тұрады, жобаларды талқылауға сарапшылар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері тартылып жүр. Соған қарамастан, азаматтар әркез құлағдар емес, өздерінің заңдардан туындайтын құқықтары мен міндеттерін білмейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстандықтар заңнамалық жаңалықтардың барысынан құлағдар болуға толықтай құқылы. Бұл туралы мен судьялар съезі мен ҚХА сессиясында айтқан болатынмын, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Осы маңызды жұмысқа барлығы – Үкімет, Парламент, мемлекеттік аппарат, сарапшылар қоғамы қатысулары тиіс. Қабылданатын заңдарды түсіндірудің үйлестірушісі – Әділет министрлігі. Осы жерде атап көрсететін жайт: бүгінде биліктің барлық тармағынан жауапкершілік пен үйлесімділік талап етіледі. Біздің заңдарымыз барынша бәсекеге қабілетті, прагматикалы болуы тиіс және аса жоғары стандарттарға жауап беруі керек. Қазақстан қазіргі таңда бірқатар маңызды стратегиялық міндеттердің қарсаңында тұр. Парламент, Үкіметпен бірлесе отырып, Ұлт жоспарын, Жолдауды және тұтастай алғанда барлық қабылданған бағдарламаларды қамтамасыз ету бойынша мүмкіндіктерді толықтай пайдалануы тиіс. 2018 жылы қоғамды рухани жаңғыртуға байланысты бірқатар бағыттар бастау алатын болады. Біріншіден, біз қоғамдық сананы жаңғырту бойынша жұмысты бастадық. Сондықтан біз жат әрі ескірген догмалар шеңберінде қалып қоймауымыз керек. Біздің өзімізге тән бай тәжірибеміз, құндылықтарымыз бен даму жолдарымыз бар. Мәдениет саласы ерекше маңызға ие, сондықтан аталған саладағы заңнаманы жетілдіру талап етіледі. Осы орайда Елбасы заң жобалау жұмыстарының жоспары бойынша алғаш рет «Кинематография туралы» заң қабылданатынын атап өтті. Бұл жерде отандық киноиндустрияны одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негіздерін айқындау керек. Сонымен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту этносаралық қарым-қатынастарды реттеумен де байланысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу талап етіледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президент келесі кезекте мемлекет пен діннің қарым-қатынасын жетілдіру қажеттігін айта келе, заңнамалық база қоғамның дін саласындағы кез келген деструктивті қызметінен қорғауды қамтамасыз етуі тиіс екеніне, тұтастай, қоғамдық сананы жаңғырту қазақстандықтардың прагматикалық, бәсекеге қабілетті, ашық жаңа буынына жол ашатынына тоқталды. – Екіншіден, экономиканың өсімін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Атап айтқанда, мультипликативті әсер беретін салаларды қолдаған жөн. Мұның ТКШ, агроөнеркәсіптік кешен, туризм, көлік, логистика және геологиялық барлау салаларына қатысы бар. Мәселен, су және жылумен жабдықтауды жаңғыртудың өзі орасан қаражатты қажет етеді. Инвесторлар мен халықаралық қаржы институттарын тарту үшін ТКШ және тариф қалыптастыру салаларындағы заңнаманы жетілдіру керек. Бұл осы саладағы тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделерін теңдестіруге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік әріптестігін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру керек, – деді Президент. Елбасы үшіншіден, биыл Парламенттің қарауына жаңа Салық кодексінің жобасы енгізілетінін көлденең тартты. – Біз салық саясатын едәуір жақсартуымыз керек және бизнестің «сұрғылт» сызбаларсыз ашық жұмыс істеуін ынталандырғанымыз жөн. Сонымен қатар, тиімсіз жеңілдіктер мен артықшылықтардан бас тартып, салықтық әкімшілендіруді оңайлату қажет. Ағымдағы сессия барысында кеден заңнамасын жаңарту міндеті тұр. Төртіншіден, бұрынғыдай тікелей инвестиция тартуға және экспорттық өндірісті ынталандыруға үлкен маңыз берілуде. Сондықтан арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар жөніндегі заңнамаларды жақсартқан жөн. Жолдауда қаражатты нақты экономикаға дейін жеткізудің тетіктерін жетілдіру бойынша міндет қойылды. Квазимемлекеттік сектордағы сыртқы және ішкі займдарға егжей-тегжейлі мониторинг және бақылау жасау қажет. Депутаттарды осы саладағы заңнамалық жұмысты жүргізу ісі күтіп тұр. Президент бесінші кезекте қаржылық реттеуші ретінде Ұлттық банктің превентивті режімде жұмыс істеуі қажеттігін уақыттың өзі көрсеткенін атап айтты. – Демек, оған банктерді бақылау үшін заңнамамен көбірек мүмкіндіктер берген жөн. Бұл жеке банктердің қызметінің күйреуіне, соңынан мемлекеттің есеп айырысуына тура келетін жағдайларға жол бермеу үшін қажет. Сондай-ақ, бизнесті дамыта отырып, біз саламатты бәсекелестікке жағдай жасауымыз қажет. Яғни, бағалық және тарифтік, оның ішінде сату мен сатып алудағы сөз байласуларды анықтау және жолын кесу жөніндегі құқықтық тетіктерді жақсарту керек. Алтыншыдан, бүкіл әлемде сақтандыру – азаматтарды әлеуметтік қорғаудың маңызды жағы, ал сақтандыру ұйымдары – ірі инвесторлар. Біздің елімізде де сақтандыруды дамытып, сақтандыру қызметтерінің деңгейі мен қолжетімділігін көтеру қажет. Жетіншіден, дәрі-дәрмектер айналымы да маңызды әлеуметтік мәнге ие. Осы саладағы баға өсуінің алдын алатын шаралар қажет. Сондықтан да дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар айналымын реттеп отыру керек. Қазақстандықтардың қолжетімді, сапалы және қауіпсіз дәрі-дәрмекті пайдалануға құқықтары бар. Бұл бизнес қана емес – бірінші кезекте, ол әрбір адамның денсаулығы, ұлт саулығы. Сегізіншіден, соңғы уақыттары цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері айрықша көкейкесті бола түсті. Ұлт жоспарында ақпараттық қоғамды дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылған. Заң жобасы сіздердің қарауыңызда жатыр. Бірақ оның екінші жағы да бар. Тек соңғы үш жылда ғана интернетте құқыққа қарсы контент 40 есе өсті. Демек, бізге сенімді «Қазақстанның киберқалқаны» қажет. Біз оны жасауды кейінге қалдыра алмаймыз. Еліміздің, мәдениетіміздің, өз құндылықтарымыздың мүдделерін қорғау қажет. Бұл – қауіпсіздік мәселесі. Оның сыртында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі айрықша назар аударуды талап етеді. Саланы дамыту үшін тиісті министрлік құрылды. Министрліктің өз жұмысын толыққанды жолға қоюына жағдай жасайтын заң жобасы үстіміздегі жылы Парламентке енгізілетін болады. Оны шұғыл түрде қабылдау қажет, – деді Президент. – Құқық қорғау жүйесіндегі реформаларды одан әрі жалғастыру арқылы қылмыстық процесті жаңа деңгейге шығарып, құқық қорғау органдарының жұмысын халықаралық стандарттарға жақындату қажет. Азаматтар мен бизнеске әкімшілік қысым жасау проблемасы бұрынғысынша өткір күйінде тұр. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс нормалары көптеген жағдайда қысым жасау тетігі ретінде қолданылады. Ал ол кәсіпкерлікке кедергі келтіруде. Үкімет әзірлеген түзетулер азаматтар мен бизнеске жасалатын қысымды барынша азайтатын болады. Бұл түзетулерді жыл соңына дейін қабылдау қажет. Оның сыртында бизнес ортаны жақсартуға, бақылау-қадағалау функцияларын қысқартуға, бизнестің кемшіліктерін төмендетуге бағытталған заң жобасы дайындалды. Оны да ағымдағы сессия шеңберінде қараған жөн. Заңдардың орындалуына бақылау жасауға назар аудару қажет. Бұл жұмысқа, өз өкілеттіктері шеңберінде, депутаттық корпус та атсалысуы керек. Парламенттің, бүкіл елдің алдында үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Кең ауқымды міндеттер мен шешімдер – ол іс жүзінде, біздің 2017 жылдың жаһандық сын-қатерлеріне қайтарған жауабымыз. Жаңғырту ісі бүкіл күш-жігерді жұмылдыруды талап етеді. Жаңа жағдайларда заң шығарушы және атқарушы тармақтар сындарлы қызметтестікте болуы тиіс. Көптеген жағдайда ортақ ісіміздің табысты болуы осыған байланысты. Халқымыз Ел бірлігінің арқасында қай кезде де алдына қойған биік мақсаттарының бәріне жетіп келеді. Сіздерге елде түбегейлі жаңғыртуды заңнамалық қамтамасыз етудің зор абыройлы міндеті жүктеліп отыр. Сондықтан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жемісті жұмыс істейтін боламыз. Баршаңызды кезекті парламенттік сессияның ашылуымен құттықтай отырып, қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Істеріңіз ілгері болсын, – деп аяқтады сөзін Президент.

Ұқсас жаңалықтар