Радикалды идеологияға қарсы иммунитет. Оны қалыптастыру – баршаның ісі

Радикалды идеологияға  қарсы иммунитет. Оны қалыптастыру – баршаның ісі
ашық дереккөз
Радикалды идеологияға қарсы иммунитет. Оны қалыптастыру – баршаның ісі

17

Бүгінде Қазақстанда 18 конфессияға қатысты 3449 діни бірлестік қызмет етуде. Еліміздегі діндарлардың 95 пайы­зын құрайтын мұсылман және православ діни бірлестіктерінің саны әдеттегідей алда келеді. Және бұл әділетті де, себебі осы конфессиялардың елімізде терең рухани-мәдени тарихы бар. Сонымен қатар, діни ахуал­дың дамуына бір­қатар жағымсыз фактор­лар кері әсер етуде.

Бірінші. Мұсылман қауымында әркелкі үдерістер сақталуда. Діндарлар арасында түрлі ішкі және сыртқы себептермен Қазақстанда тыйым салынған немесе дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанатындар бар. Олар көп жағдайда өздерін діндарлардың басым бөлігіне, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына қарсы қойып, мемлекеттің зайырлы қағидаларын, қоғамымыздың құндылықтарын мойындамай, кей жағдайларда тіпті радикалды ұстанымдарда қалып отыр.

Екінші. Дінді адамдардың мүддесіне зиян келтіретін мақсаттарға пайдалануға тырысу жиі кездеседі. Соның ішінде, заң талаптарын бұзып, азаматтардың денсаулығы мен психикасына зиян келтіру, отбасын бұзу, сенушілердің мүлкін иелену, алдау-арбау әдістерімен түрлі ұйымдарға тарту орын алуда. Мұндай мәселелер тек біздің мемлекетімізге ғана тән емес, әлемнің барлық елдерінде дерлік кездесіп отыр. Әр мемлекет бұған қатысты өз шараларын қабылдауда. Осы бағытта біздің елімізде не жасалуда? Үйлесімді мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды қамтамасыз ету қызметін атқаратын дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ретінде Дін істері агенттігі жұмыс істей бастады. Дін саласындағы толыққанды құқықтық база қалыптастырылды. Тұтастай алғанда біз заңның барлық діни қызмет субъектілерінің іс-әрекетін тиімді түрде реттелуіне қол жеткіздік. Жаңа заңға сәйкес еліміздің діни алаңы реттеліп, діни бірлестіктермен өзара әрекеттестік күшейе түсті. Біздің ортақ үйлесімді жұмысымыздың нәтижесінде діни бірлестіктер мен діни оқу орындарын қайта тіркеу сәтті аяқталды. Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, тұрғындарды діни мәселелер бойынша ақпараттандыруды арттыру, діни экстремизмнің алдын алу мәселелері бойынша қоғам мүшелері арасында кешенді түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жасақталып, іске асырылуда. Бағдарламада экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері, қоғамда толерантты діни сана және радикалды идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыру шаралары негізгі орын алады. Азаматтардан діни қызмет саласындағы ақпараттарды қабылдауды жүзеге асыратын, діни саладағы заңға қайшы және басқа да жағымсыз көріністер салдарынан зардап шеккендерге кеңесшілік-психологиялық көмек көрсетумен айналысатын «Қауырт желі 114» орталығы құрылды. Құрылған мерзімінен бері орталыққа азаматтардан діни қызметтің түрлі саласына қатысты 400-ден астам өтініш-шағымдар келіп түсті. Ғаламтор кеңістігіндегі жұмыс ретке келтірілді. Исламның дәстүрлі қағидаларын түсіндіретін және діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған «E-islam» ақпараттық-ағартушылық ғаламтор-порталы құрылды. Конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін алға жылжыту жұмыстары жүргізілуде. Баршаға белгілі, Астанада қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезі өтті, қазіргі таңда келесі жылы болатын 5-съезге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы бағыттағы барлық жұмыстарға Жамбыл облысының мемлекеттік және басқа да құрылымдары белсенді араласуда. Аймақта діни ахуалдың тұрақтылығы, мемлекет пен конфессиялардың әріптестік қарым-қатынасы, заңнамалық нормалардың сақталуы қамтамасыз етілуде. Жалпы алғанда, Жамбыл облысында діни ахуал тұрақты бақылауда. Жұмысымыздың басты басымдығы рухани құндылықтарымызды ары қарай нығайту болып қала береді. Елбасымыз біздің елімізде «уақыт сынынан өткен», барша қазақстандықтарды біріктіретін және еліміздің болашақ іргетасын құрайтын басты құндылықтардың қалыптасқанын бірнеше мәрте атап көрсеткен болатын. Бұл құндылықтар біздің халықаралық аренадағы брендіміз ретінде танылған ұлттық бірлік, қоғамдағы бейбітшілік және келісім болатын. Дегенмен конфессияаралық келісімді ұстап тұру – мемлекеттің, азаматтық қоғамның және әрине, діни бірлестіктердің бір жолғы емес, тұрақты түрде күш жұмсауын талап ететінін бәріміз жақсы түсінеміз. Біз оқшауланған әлемде өмір сүрмейтінімізді ұмытпауымыз қажет. Біздің айналамызда тұрақтылық пен қоғам тыныштығы арман болып отырған елдер мен аймақтар қаншама. Әрине, бізге әлі де көп жұмыстар атқару қажет. Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір қойылып отырғанын ерекше атап көрсеткен болатын. Мұндағы басты қиындық – осы теріс пиғылды ағымдар ықпалына біздің болашағымыз саналатын жас азаматтардың жиі түсіп қалуы болып отыр. Сондықтан мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғам институттары мен діни бірлестіктердің қызметін радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға шоғырландыру өте маңызды. Осыған байланысты, біздің өткен жылы осында «Таблиғи жамағат» тыйым салынған ұйымының теріс пиғылды іс-әрекетін ашып көрсету мақсатында республикалық конференция өткізгеніміз кездейсоқ емес. Радикалдар мен басқа да деструктивті күштерге идеологиялық тосқауыл қоюдың маңызды тетігі кешенді ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады. Ең бастысы – адамдар жалған діни ілімдердің арбауына түсіп қалмауы керек, осы саладағы қатерлер туралы мүмкіндігінше ақпараттандырылуы және интеллектуалдық тұрғыдан қорғалуы қажет. Екіншіден, жалған идеологияның торына түсіп қалғандарға көмек көрсете алатын құрылымдардың желісін кеңейте беру керек. Бұл жерде діни бірлестіктердің де, үкіметтік емес ұйымдардың да, сонымен қатар, сарапшылар қауымдастығының да рөлі мейлінше маңызды. Радикалды идеологиялардан зардап шеккен тұлғаларды оңалтуға арналған арнайы орталықтар қажет. Мұндай орталықтарда дінтанушылар, теологтар мен психологтар жұмыс істеуі тиіс. Үшіншіден, дін саласындағы заңнамалардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әлбетте, тәртіп бұзғандармен алдымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу орынды болады. Бірақ біреу-міреу заң талаптарын елемей, көзге ілмей жатса, оған қатысты әкімшілік сипаттағы шара қолданылуы тиіс. Төртіншіден, мемлекет, қоғам және діни бірлестіктердің өзара іс-қимылының сындарлы түрлерін бірте-бірте кеңейте беруіміз қажет. Барлық қоғамдық мәселелер әртүрлі сұхбат алаңдарында жария түрде, бірлесе шешілуі тиіс. Қорыта келе, аймақтағы діни ахуалдың жай-күйі, конфессияаралық тұрақтылық баршамыздың – мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, діни бірлестіктердің және сарапшылар қауымдастығының үйлесімді жұмысына тікелей тәуелді екенін атап өткім келеді.

Марат Әзілханов, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар