«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН қайраткер

ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ  БӨЛЕНГЕН қайраткер
ашық дереккөз
ХАЛҚЫНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН қайраткер

«Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім».

Дінмұхамед Қонаев.

«...1993 жылдың 22 тамызы күні Д.А. Қонаев өзі жақсы көретін азаматтың бірі болған – Мұхаметжан Тынышбаевтың 115 жылдығын атап өтуге Алакөл ауданына барған жерінде ойда жоқта оралмас сапарға аттанды. 1992 жылы «Правда» газетінде, Өзбекстан Республикасы «Ш. Рашидов» және Қырғызстан Республикасы Орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы «Усубалиев» қорлары құрылғандығы туралы хабарды оқығаннан кейін, менің ойыма Д.А.Қонаев қорын құру туралы ой келді. Бұл ойымды оқымысты ғалымдар, зиялы қауым, өнер адамдары қолдай отырып, менің өзіме Д.А.Қонаевпен пікірлесуімді және келісімін алуымды сұранды. Димаш Ахметовичке «Қонаев» атында қор құру туралы өз ойымды және көпшіліктің тілегін айта отырып, егер келісімін берсе барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз мойныма алатынымды жеткіздім. Алғашқы кезде ол кісі келісімін бермеді. Қор құру туралы Асқар Минахметович Қонаевтың жұбайы Ләйлә Мұхтарқызы да қолдап, екі жақтап Димаш Ахметовичтің келісімін алдық, бірақ ол кісі «егер қорды сен өзің басқаратын болсаң ғана бұл жұмысты қолға аламыз» деп талап қойды. Бұл жерде қордың құрылтайшылары кімді сайлайды сол төраға болатынын, егер маған ұсыныс беріп жатса мен қуана бұл жұмысты атқаратынымды айттым. Д.А. Қонаев атындағы қорды құру жұмыстары қызу жүрді. Ол кезде қор туралы Ереже және т.б. тиісті құжаттар жоқ болатын. Қордың міндеттерімен, өкілеттігін және немен айналысатындығын жаздық. Бұл жұмыстарға Ләйла Мұхтарқызы, Эльдар Қонаев т.б. атсалысты. Енді құрылтайшыларды шақырып, қордың Ережесін бекіту және президентін сайлау қалды. Құрылтайшылардың тізімін жасап және оған кірем деген кісілерді қосып, 1992 жылы 13 қараша күні құрылтайшылардың жиналысын өткіздік. Димекеңмен 40 жылдай қызметтес болдым, көрші тұрдым. Қазақтың тарихында табан аудармай көп жыл билікте отырған бірден-бір адам Димекең болатын. Ол – тақтан түскеннен кейін де қолдан жасалған жалаға қарамастан, абыройын сақтап қалған бірегей саясаткер. Көп жыл билікте отырған Димекең зейнеттік демалысқа шыққанда жай кезде үздіксіз қоңырау соғып, күн ұзаққа үйіне, жұмысына хабарласатын адамдар пышақ кескендей сап тыйылды. Колбиннің айдарынан жел есіп, жағымпаздар жел сөзді қарша боратып, Қонаевқа қарсы материалдар жазудан, жариялаудан алдарына жан салмады. Ол билікте болған жылдары экономикалық өрлеу болғанын мойындағысы келмей, ілік іздегендер жетіп-артылды» деп жазады Қордың алғашқы президенті, қазіргі кезде Қордың Құрметті президенті, қызметтес әріптесі Сұлтан Жиенбаев. Қазақ халқын елдікке, бірлікке жеткізу үшін атақты билеріміз – Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер және Керей мен Жәнібек хандарымыз өз өмірлерін сарп етті. Еліміздің бүгінгі халіне жетуіне сол бабаларымыздың әрқайсысы өз уақтысында, өз өңірінде зор үлес қосты. Осы аттары аталған, сондай-ақ тағы басқа да туған халқының болашағы үшін күрескен барлық бабаларымыздың армандарын орындау үшін Алла тағала ХХ ғасырда тағы да бір маңдайы жарқырап туған бір қазақты дүниеге келтірген еді. Ол – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев дер едім. Димаш аға өзінің «Өтті дәурен осылай» атты кітабында жазғанындай, үш дәуірдің куәсі болған кісі. Капиталистік дәуірде дүниеге келіп, социалистік дәуірде оқып, білім алып, үлкен ғалымдық дәрежеге жетіп, Абай атамыз айтқандай, әкесінің ғана баласы емес, адамның баласы деген үлкен ардақты атқа ие болған дана мемлекет қайраткері. Республикамызды басқаруға елу жылдай маңдай терін төкті. Республика өнеркәсібінің өрге басып, кең-байтақ Қазақстанда атағы әлемге әйгілі алып құрылыстар салынып, еліміздің кез келген түкпірінде көрікті қалалар мен көркейген ауылдар қанат жайды. Отан қоймасына сан миллиардтаған астық тапсырылып, халықтың қарны тоқ, көйлегі көк болғанын екінің бірі біледі. Димаш Ахметовичтің өмір жолы тек бір азаматтың ғана емес, күллі бір ұлттың бір ғасырлық өмірбаянына айналғанын мойындамасқа болмайтыны шындық. Қалайық, қаламайық әлденеше ондаған жылдар бойы көзқарақты дүние Дінмұхамед Ахметұлы аталған жерде Қазақстан, ал Қазақстан аталған жерде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бар деп ұқты. Бүгінде Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің құрылғанына 20 жылдан асты. Қор қалыптасқаннан бері көптеген қайырымдылық және басқа да игі іс-шаралардың ұйытқысы болды. Ең бастысы, қор Д.А.Қонаев секілді көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірін, қызметін, жетістіктерін насихаттау бойынша қыруар жұмыстар атқарып отыр. Өткен жылы «Дінмұхамед Қонаев және Әулиеата өңірі» кітабын және «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» атты брошюраны өз қаржыларына шығарып халық игілігіне ұсынды. Жылда 12 қаңтарда Д.Қонаевты еске алу асын өткізуге, туған күні құрметіне мүшәйра ұйымдастырумен және басқа да жұмыстарға Д.А.Қонаев қорының облыстық бөлімшесінің төрағасы А.Кәрентаев бастаған мүшелері атсалысып отырады. Құдай адамның пейіліне береді деген. Димаш Ахметұлы кітабында «Мен тәңірі сыйға тартқан біраз жасқа келдім... Ат жалын тартып мінген азамат шақтан алдыма қойған бар арман, бар мақсат – өзіңмен еншілес болу еді, халқым. Ол ниет орындалды», дей келіп жан баласына өкпесінің жоқтығын, өзгенің өзіне деген өкпе, реніш, назы болса, ақ басын иіп, мың қайтара кешірім сұрайтынын ағынан жарыла жазған еді. Жарықтық Димекең, шүкір, елдің егемендігін, көк Байрақтың желбірегенін, Әнұранның шалқығанын, Елтаңбаның төрге ілінгенін көріп кетті. «Жақсының өзі өлсе де аты өлмейді» деген. Алдағы уақытта, мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер адамдары жалпы қарапайым халық болып ұлттың мақтанышы Д.А.Қонаевтың өнегелі өмірі мен халыққа жасаған қызметтерін келешек ұрпақ бойына сіңірсек, Димаш Ахметұлына деген ықыласымыз сол болар еді.

Қибат Асқарбеков, Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің мүшесі.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар