Мойынқұмның маң даласы тылсым сырларға толы. Талай тарланның туып-өскен топырағы бұл. Олар сан салада еңбегімен, ерлігімен, ізденісімен танылып, өмір өрінде айшықты із қалдырды, қалдырып та жүр. Солардың бірі әрі бірегейі, кезінде қойды жедел қырқудан бірнеше дүркін республика чемпионы атанған, Мойынқұмның шоқ жұлдызы Шотай Тайбағаровты біреу білер, біреу білмес. Тек оның ғұмыры тым қысқа болғаны өкінішті! Туған інісі Тобағабыл «Арамызда болса, ағам биыл 71 жасқа толар еді. Бауырларымның үлкені Тілеужан, содан кейін Шотай мен Аманбала, мен – кенже ұлмын» дейді. Оның айтуынша, Шотай жасынан еңбекқор болып өскен. Бірде Әлтай Төлепбергенов деген малшының қой қырыққанын көріп: «Мен де осы кісі сияқты қырықтықшы боламын» деп алдына мақсат қойыпты. Шотай мектепте, кейін кәсіптік училищеде оқып жүріп те, демалыс кезінде шөп шабу, қой қырқу науқандарына қызу араласып отырған. «Әкеміз Айқожа шаруа адамы еді. Ақ көңіл, ақ пейіл, көпшіл, елге сыйлы, аздаған серілігімен қатар жөн білерлігі мол кісі еді. Бірде Арқаға, Байқатын, Байғара мал жайлауларына мал айдасып, мамыр айының аяғына таман ауылға қайтады. Астында жарамды аты, қолында домбырасы бар, қырқын пунктінің үстінен түсіп, ауыл адамдарымен амандасып, «Еңбек жемісті болсын» деп батасын береді. Кенет... қырқыншылардың ішінде өз баласы Шотайдың да жүргенін байқап қалады. Содан не керек, қуанышы қойнына сыймаған әкеміз қырқын басындағы малшыдан бір ту ешкі сатып алып сойып, барлық етін астырады. Түс кезінде жұмысшыларды жинап алып, баласының еңбекке жарағанын айтып, атақты қырықтықшылардан «Балама бата беріңдер, еңбексүйгіш болсын, еңбегі жансын!» деп өтініш білдіреді. Міне, әкеміздің осы ниет, тілегі қабыл болған болуы керек» дейді Тобағабыл. 1963 жылы 17 жасында Шотай СПТУ-62-ні бітіріп, Фурманов атындағы кеңшарға механизатор болып жұмысқа орналасады. Самдағай бойлы жас жігіт еңбекке деген талпынысы ерекшелігімен ел құрметіне де бөленеді. Сол тұста ең жауапты әрі қол еңбегін көп қажет ететін жұмыстың бірі – қой қырқу болатын. Қазақстанда қой қырқудың электромеханикалық әдісі 1951 жылдардан бастау алыпты. Осы әдіспен сол кезде тәжірибелі қырықтықшылар бір жұмыс күннің ішінде 80-100 басқа дейін қой қырыққан екен. Қой қырқуды кеңінен насихаттау мақсатында барлық деңгейде қырықтықшылардың байқауы өткізіліп тұрған. Ал Мойынқұм ауданында қырықтықшылардың алғашқы аламан жарысын 1965 жылы Сарыарқа мал жайылымында жетпіс мың қойы бар «Шу» қаракөл кеңшары ұйымдастырыпты. Онда да Шотай топ жарып, аудан чемпионы атанады. Кеңшардың сол кездегі директоры, марқұм Балғымбай Әбдіқадыров Шотайдың күніне 130-140 қой қырыққанын аудандық партия комитетіне қуана хабарлап, чемпионға лайықты сыйлық тағайындалуына ықпал етеді. Міне, бұл Шотайдың алғашқы шыққан шыңы еді. Мұнан соң кеңшар басшылары оны облыстық, республикалық байқауларға дайындауды қолға алып, жаттығу жұмыстарын Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында жүзеге асырады. Тайбағаров өзіне жүктелген сенім үдесінен шығып, небәрі 19 жасында облыс чемпионы атанады. Ол кезде қырықтықшылар қой қырқудың 17 тәсілін білуі керек болса, Шотай одан бөлек қазақи, орынборлық, жаңазеландиялық әдістерді де жан-жақты меңгеруімен көзге түседі. Осы жылы өткен республикалық байқауға да барын салады. Алайда, машинкасы істен шығып, 73 секунд уақытын текке жіберіп алады. Соның өзінде жарыс қорытындысы бойынша алдыңғылар қатарынан көрініп, күміс жүлдегер атанады. Бұл жеңіс жарыс жолына бірінші рет шыққан Шотай үшін үлкен олжа еді. Жарыстан оралған соң Жазылбек Қуанышбаевпен жас балаша құшақтасып көрісіп, ілкі сәт көпшіліктің көңілін босатып жібергені де есте. Бұл аста-төк қуаныштан туған көңіл толқынысы еді. Жазекең сонда «Балам Шотай, мына қазақтың кең даласындай омырау-төсің атақ, мәртебеңді айқындайтын орден, медальға толсын» деп ақ батасын берген екен. Әйгілі қой қырқу шебері ізденісті еңбегі мен ептілігінің арқасында әр қойға 2 минут 12 секунд қана уақытын жұмсаған екен. 1969-70 жылдары ол қырықтықшылардың республикалық құрама командасы сапында Херсон, Белгород облысының «Страна Советов» колхозында өткен Бүкілодақтық байқауларда алдына жан салмай, екі дүркін әлем чемпионы атанып, алтыннан алқа тағып оралады. Жалпы, оның өзіне ғана белгілі әдіс-тәсілдерге айрықша қызығушылық танытқан шетелдік әріптестері де аз болмаған. Бірде Болгарияда өткен жарыста дүние жүзінің қой қырқу жөніндегі чемпионы Годфри Боуэн одан «Сен қандай тәсілмен қырықтың, ол қалай аталады?» –деп сұрайды. Сонда Шотай «Қазақша, орынборша, австралияша тәсілдердің қосындысы немесе жиынтығы ғой менікі» деп жауап берген екен. Шотай тек қой қырқумен ғана айналысқан жоқ. 1976 жылдан бастап біраз жыл жүгері өсірушілер звеносын басқарғаны да бар. Жеңімпаз қайда да жеңімпаз ғой. 1978 жылы ол өзіне бекітіліп берілген 40 гектар жүгері егісінің әр гектарынан 105 центнерден өнім жинап, облыс бойынша бірінші орыннан көрінген. Аз ғұмырында көп еңбек еткен асыл ердің ерен еңбегі елінің есінде. Өмірінің соңғы жылдарында Шотай техник -ұрықтандырушы болып, отарларда әр жүз саулықтан 120-140 аралығында қозы алынуына қол жеткізген деседі ауылдастары. Шотай чемпионның жары Жаңыл Жұмаханова бүгінде отбасында тәрбиелеп өсірген үш перзентінен 10 немере сүйіп отыр. Ұлдары Бақытжан мен Батырхан, қызы Сұлу ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарады. Айта кету керек, кезінде Шотай Тайбағаров Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен КСРО Халық шаруашылығы көрмесінің 12 медалінің иегері. Жерлесіміз, айтулы қой қырқу шеберіне қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды. Туған ауылы Мойынқұмдағы бір көше оның есімімен аталады. Кәсіптік мамандықтарды оқытып үйрететін өңірдегі колледждердің біріне есімі берілсе де еш артығы жоқ. Бұл өз кәсібінің шыңына жеткен азаматты, еңбекті тағылым етудің үлгісі де болар еді. Аз-ақ ғұмырында ерен еңбегімен артына өлмес мұра, өшпес із қалдырған, 20 жасында атын әлемге әйгілеген Шотай Тайбағаровтың есімін облыс, республика көлемінде таныту шараларын қолға алсақ, мұның да әділетті іс болары анық.
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді