Ауылдағы Айдархан атаның оқиғасы
Түскі асты енді алдымызға ала бергеніміз сол еді, көрші үй жақтан шу шықты. «Тағы не болып қалды?» деп елеңдесіп қалдық. Өйткені, осыдан бір апта бұрын ғана сол үйде тұратын Айдархан ата қайтыс болған. Жетісін кеше өткізген-ді. Ауланың қақпасы сарт етіп ашылып сол үйдің үлкен қызы жүгіріп кірді. – «Атам, атам қайтып келді!». Түрінен көрініп тұр, есі шығып кеткен. Дауысы үрейлі. Дастархан басында отырған бәріміз жапырлап, көрші үйге жүгірдік. Үйдің артындағы қора алдында тұрған арбаның дәртесіне ойланып төмен қарап отырған Айдархан атаны көргенде бәріміздің есіміз шығып кетті. Жасамысы бар, жасы бар, ешкімнің оған жақындауға дәті шыдамады. Алыстан анталай қарап тұрмыз. Айдархан атаның үстінде дүниеден өтерде киіп жүрген көнетоздау киім-кешегі . Теріс қарап ойланып отырған ақсақал кенет басын көтеріп, орынан тұрды. Сосын арбаға сүйеулі тұрған ашаны ұстаған күйі, ашық тұрған қораға кіріп кетті. Бұл кезде айналадағы бүкіл көршілер жиналып қалған. Қораға кіруге ешкімнің жүрегі дауаламады. Жұрт молданы шақыртты. Жиылған жұртқа молда: – «Жарықтық, Айдархан досым о дүниеден дұрыс орын таппай жүр-ау. Көз жұмарынан біраз бұрын мына жаман арбаны жөндей алмадым-ау. Балалар малға шөпті дұрыс жинай алар ма екен, деп қатты қиналып еді. Бұл арба ежелден келе жатқан серігі ғой, осыны қимай қайтып келіп жүр-ау шамасы. Иншалла, түк емес, бірер рет келер, сосын қояр», – деп басу айтты. Құран оқылды. Жиылған жұрт бір-бір кесе шай ішіп, тарасқан. Одан кейін де сол үйдің адамдары «атамызды таңертең арбаның жанынан, қораның алдынан көрдік», деп біраз уақыт айтып жүрді де кейіннен қойып кетті. Шамасы, Айдархан ата о дүниеден бұ дүниеге сапарлап келуді тоқтатса керек. Дегенмен, бәріміздің көкейімізде «өлген адам да жарық дүниені қимай келіп-кетіп жүреді екен-ау», деген түсінік қалып қойды. Сонда бұл не тылсым?
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді