Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 23 тур ойындарында жерлестеріміздің жолы болмады. Бұл сында «Тараз» Орал жерінен келген «Ақжайық» командасын қабылдап, 0:1 есебімен қарсыластарына жол берді. Шынын айту керек, кездесудің алғашқы минуттарынан бастап-ақ қонақ команда басымдыққа ие болды. Мұндай ойын барысына дайын болмаған тараздық клуб футболшылары әрі-сәрі күйге түскенін байқау қиынға соқпады. Әйтсе де, кейінгі ойындарда жақсы өнер көрсетіп, бабы мен бағын қатар келістіріп жүрген «Тараз» матч барысында өз-өзіне келіп, серпілуге тырысып-ақ бақты. Сондай сәттерде қауіпті шабуылдар да ұйымдастыра білді. Бірақ сәтсіз аяқталды. Бірінші таймда «Тараз» шабуылшысы Малик Манеде болған керемет үш мүмкіндіктің ең болмағанда біреуі голға айналғанда, жағдай мүлде басқаша болар ма еді. Алайда африкалық шабуылшы бұл жолы өзін көрсете алмады. Оның тепкен добы бірде қақпа бағанасына тисе, келесіде қақпашының қолынан табылып жатты. Екінші таймда да «Таразда» көптеген мүмкіндіктер болғанымен, өздері қиюын келістіре алмады. Осының салдарынан «Тараз» қорғаушыларының өрескел қателігін қонақтар жақсы пайдаланып, матчтың 72-минутында оралдықтар есепті ашып кетті. Гол авторы – Дмитрий Шмидт. Қорғаушыдан кері серпілген допты Дмитрий кеудесіне қабылдап, дәл бұрышқа қарай тура бағыттады. Одан ары біздің команданың есепті теңестіруге мүмкіндігі де қалмады. Алаңға Моррис орнына шыққан жас шабуылшы Еркебұлан Сейдахмет те өз командасына көмектесе алмады. Сонымен қорытынды есеп 0:1. Осылайша өз алаңында, жанкүйерлерінің алдында қарсыластарына ұпай сыйлаған «Тараз» келесі ойынды 20 тамыз күні сырт алаңда қостанайлық «Тобылға» қарсы өткізеді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Спорт кешені пайдалануға берілді
- 21 қараша, 2024
Әлемнің жүйріктері Әулиеатада бақ сынасты
- 12 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді