«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аралқыстақ тұрғындарының көптен күткен қуанышы

Аралқыстақ тұрғындарының көптен күткен қуанышы
ашық дереккөз
Аралқыстақ тұрғындарының көптен күткен қуанышы
Андас батыр ауылдық округіне қарасты Аралқыстақ елді мекенінде жақында 50 орындық жаңа мектеп ашылады. Бұл ауыл тұрғындары көптен күткен қуаныш еді. Аралқыстақтағы бастауыш мектептің іргесі үгітіліп, қабырғасы мүжіліп, төбесінен су өте бастағалы біраз болған. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков өткен жылы қызметке жаңа тағайындалған шақта елді мекендерді аралап, осы мектептің жай-күйін көргеннен кейін ауыл ақсақалдарының өтініштерін ескеріп, оқушыларды көрші елді мекендегі №3 орта мектепке шұғыл көшірген болатын. Сол жолы жаңа мектеп салу қажет екенін жақсы түсінген аудан басшысы іске білек сыбана кіріскен еді. Енді міне, жаңа нысанның қазығы қағылғалы бері 4 жарым ай болды. Жаңа ғимарат жоспарлы мерзімінен бір жарым ай бұрын, шәкірттерге есігін айқара ашқалы тұр. Біз де құрылыс басына келіп, жұмыстың жай-жапсарымен таныстық. Жаңа ғимарат алыстан-ақ көз тартып, менмұндалап тұр. Айналасы тап-тұйнақтай. Қазір нысанда соңғы тазалау, жуып-шаю, газондарды суару, кей жерлерді тегістеу, ішкі жиһаздарды орналастыру сияқты майда-шүйде жұмыстар ғана қалыпты. Бұл жерге бұрын да бір келгенмін, көз таныс болып қалғандыкі ме, инженер-бас құрылысшы Бейбіт Есдәулетов бізді жылыұшырай қарсы алды. Жалпы, құрылысқа 287 миллион теңге қаржы бөлінген. Мердігер компания –«Тараз-Құрылыс-Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты 6 сәуірде бастаған. Жоспар бойынша нысан қараша айында пайдалануға берілуі тиіс еді... Құрылысшылар қарқынды еңбек етіпті. – Мынау қазандық табиғи газбен жылытады. Маркасы «Боран-Бойлер» деп аталады. Алматыда жасалады. Ресейден әкелінген линолеумнен басқа құрылыс материалдарының бәрі отандық өнім. Осындай қазандықтың екеуін қойдық. Біреуі қосалқы, резервтік. Одан басқа сұйық отынмен істейтін тағы бір пеш те осы жерге қойылды. Мынау өртке қарсы су қоймасы. 150 кубтан екеуін қойдық. Мектеп қыста жақсы жылы болады. Біріншіден, қазандық өте сапалы, газды аз тұтынып, жылуды көп береді. Содан соң құрылыстың сырты «Линарлы панель» деген құрылыс материалдарымен қапталған. Оның астында қалыңдығы 10 сантиметр минералды плитасы бар, – деп тәптіштеп түсіндірді Бейбітбек Жамалбекұлы. Мен ауызсу мәселесін сұрадым. Бір келгенімде жобада су жүйесі қарастырылмапты дескен құрылысшылар. «Суды тасымалдап тұру ескерілген екен, бірақ күн сайын үш тонналық бөшкеге кім тасып, кім құяды? Сондықтан біз демеушілік көмек ретінде 33 метр тереңдікпен құдық қазып, насос орнаттық. Сонымен қатар су тазалайтын арнайы қондырғыны да іске қостық. Сөйтіп қазір мектепте су ағып тұр», – дейді тәжірибелі құрылысшы. Спорт залда спорттық снарядтар орнатылып жатыр екен. Ұлдар мен қыздар киім ауыстыратын бөлме, жуынып-шайынатын душ та бар. Мұғалімдер бөлмесі, сынып бөлмелері, медициналық екі кабинет, кіреберіс кезекші отыратын, сырт киім шешетін орындарға жап-жаңа жиһаздары қойылыпты. Жиһаздардың бәрін өзіміздің Тараз қаласынан алдыртыпты, асхана жиһаздары ғана Шымкенттен әкелінген. Елу орындық мектеп демесеңіз, басқа үлкен мектепте жоқ спорт зал, асхана, мәжіліс залы бәрі бар. Сырттағы бес сыныпқа арналып жасалған бес ойын алаңы да алыстан көз тартады.

Серік Құралбай, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар