Білім беру мекемелеріне тәртіп сақшыларын бекіту туралы жоба республика бойынша тұңғыш рет Тараз қаласында 2001 жылы қолға алынды. Сол жылы алғаш рет 49 мектепке 49 мектеп инспекторы бекітілді. Содан бері олардың штаттық саны артып келеді. Бұл бастама республикамыздың басқа да аймақтарынан қолдау тауып, оларда да жүзеге асырыла бастады. Яғни, Ішкі істер министрлігінің 2005 жылы 21 маусымдағы бұйрығына сәйкес, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу үшін мектеп инспекторлары жұмыс атқара бастады.
ПОГОН ТАҚҚАН «МҰҒАЛІМ» ЖЕТІСПЕЙДІ
Ал, енді мектеп инспекторы кім? Осыған жауап берелік. Белгiлi бiр бiлiм ордаларына бекiтiліп, кәмелетке толмағандар iсiмен айналысатын тұлғаны мектеп инспекторы дейміз. Оның өкiлеттiлiгi мен мiндетiне құқықбұзушылықтың алдын алу, «қиын» балаларды есепке тiркеп, олармен жұмыс жүргiзу, мектеп әкiмшiлiгiмен және оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыс жасап, қылмысты болдырмау кіреді. Олардың барлық педагогикалық кеңестерге қатысып, мектептегi тәртiптi күшейту туралы ұсыныс бiлдiруге құқығы бар. Тағы бiр мiндетi – құқық негiздерiн үйрету. Сонымен, қазіргі уақытта облыс көлеміндегі мектеп инспекторларының саны 161-ге жетіпті. Оның 69-ы Тараз қаласындағы білім ордаларында екен. Осы мәселенің мән-жайын білу үшін облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Қуанышбек Қалжановқа жолыққанымызда, мұндай погон таққан «мұғалім» әлі де 300-ден астам мектепке керектігін бүгіп қалмады.
– Облыс әкімдігі мен Ішкі істер министрлігіне ауылдық, аудандық жерлерде мектеп инспекторларының саны жетіспейтіндігі жайлы арнайы хат жолдап, әзірге 98 штат сұрап отырмыз. Аудандағы барлық мектепті инспектормен қамту мүмкіндігі жоқ. Мәселен, Мойынқұм ауданы облыстағы аумағы ең үлкен аймақ болып табылады. Аудан орталығы мен ең шалғай ауыл арасы 380 шақырымды құрайды. Сондықтан, ол жер қосымша учаскелік инспекторға бекітілген. Аудандағы бар-жоғы төрт инспектордың төртеуін төрт жаққа қуа алмаймыз ғой. Сарысу ауданында 5-ақ инспектор бар. Олар аудан орталығынан 300 шақырым жердегі түкпір ауылдарға қалай жетеді?, – дейді Қуанышбек Жақсылықұлы. Сонымен біздің ұққанымыз, Тараз қаласы бойынша инспекторлар жеткілікті. Ал, аудандарда бұл мәселе қиындау. Аудандарға жекелей тоқталатын болсақ, Қордай ауданы – 15, Меркі – 13, Шу – 12, Байзақ – 11, Жамбыл мен Т. Рысқұлов – 10, Жуалы мен Талас – 6, Сарысу – 5, Мойынқұм ауданы – 4 инспектормен қамтылған. Бір ғана мысал, Сарысу ауданындағы Жайлаукөл ауылындағы Жайлаукөл орта мектебінің директоры Айдос Билібаев та инспекторсыз отырғандықтарын айтты. Мұндай мысал жеткілікті, оны аудандардың статистикасынан-ақ байқаймыз. Мектеп инспекторлары облыстық ішкі істер департаментінің бұйрығымен жұмысқа алынады. Олар департамент басшысы бұйрыққа қол қойса да, құрамына «Нұр Отан» партиясы, ардагерлер кеңесі сияқты түрлі ұйымдар мен мекемелердің өкілдерінен құралған комиссияның тұжырымдамасынан өтіп барып, қызметтеріне бір-ақ кіріседі. Қала мектептерінде де бос тұрған мектеп инспекторының орнына сай келетін маман табу оңай нәрсе емес көрінеді. Мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мұндайда қосымша ретінде амал жоқ, учаскелік инспекторға жүктеледі екен. Жуырда ғана, Тараз қаласындағы №21 мектепте орын алған оқыс оқиға республика жұртшылығын дүр сілкіндіргені белгілі. 11 сынып оқушысы Алмас Ауғановтың ойланбай жасаған әрекетінен 39 бала ауруханаға жатып шықты. Спорттық жарыстарға қатысып жүретін А. Ауғанбаев сондай жарыстардың бірінде Павлодар қаласынан газ баллонын сатып әкелген, сабақ үстінде сұранып шыққан ол екі сыныпқа кіріп, газ шашқан. Осы оқиғаға байланысты мектеп директоры Ғ. Сламов, оның оқу ісі жөніндегі орынбасары М. Кенжебаева, құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары М. Тұрысбеков, орыс тілі пәнінің мұғалімі А. Бозтаеваға қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын жаздық. Ал, осы кезде мектеп инспекторы қайда қарап отырған деген заңды сауал туындайтыны анық. Қ. Қалжанов мырзаның айтуынша, ондағы мектеп инспекторы жүктілік демалысына кетіп, орнына уақытша инспектор бекітілген. Бірақ, ол Алматы қаласында көзіне ота жасатуына байланысты сырқат парақшасын аштырған. Дегенмен, мектеп аумағы қараусыз қалмауы тиіс еді. Уақытша болса да бір маманға бекітілуі қажет. Сондықтан, бұл оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, мектеп аумағының өз тараптарынан қараусыз қалып тұрғандығын біле тұра, ешқандай қам жасамаған №3 қалалық полиция бөлімшесіндегі жауапты тұлға, полиция майоры Евгения Юринаға облыстық ІІД басшысының бұйрығымен сөгіс беріліпті. Яғни, декреттік демалыстағы инспектор да, емделген инспектор да емес, тікелей басшысы «таяқ жеді». Енді, оқу жылы аяқталар тұста бір күн болса да балаға қатысты жұмысқа салғырт қараған оның әрекеті өзге әріптестеріне сабақ болатын шығар деп ойлағанбыз. Қазіргі уақытта, мектептерде мектепішілік лагерьлер жұмыс істеп жатқандықтан, инспекторлар міндетті түрде жүруі керек. Өкінішке орай, кейбір білім ордаларына бас сұққанымызда, олар жазғы демалысты сылтауратып, жұмыс орындарын тастап кеткендігін өз көзімізбен көрдік. Жамбыл атындағы №5 мектеп директоры Салтанат Төлеу, оқушылардың демалысы басталғалы инспектордың жұмысқа келмей жүргендігін, осыған байланысты тиісті орынға хат жолданғандығын айтты. Ал, мұнда күнделікті 200-ден астам бала лагерьде жүр...
ПРОКУРАТУРА АНЫҚТАҒАН КЕМШІЛІКТЕРОблыстық прокуратура ішкі істер органдарында кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша заңнамалардың қолданысын тексеріпті. Тексеру, ІІД ювеналды полиция бөлімшесінің жүктелген міндеттерін тиісті деңгейде атқармай отырғандығын көрсеткен. Мәселен, кәмелетке толмағандар жөніндегі полиция инспекторларына қатысты көптеген заңбұзушылықтарға жол берілген. Жалпы, облыс аумағында кәмелетке толмағандар жөніндегі 218 инспектор профилактикалық шаралар жүргізсе, оның 57-сі аға инспектор, 161-і мектеп инспекторы. Ағымдағы жылдың 17 сәуіріндегі прокуратураның тексеруінде сол 161 мектеп инспекторының 157-сі орнынан табылса, төрт қызметкер жұмыс орнында жоқ болып шыққан. Сөйтсе, оларды Тараз қалалық ІІБ іс-сапарларға жіберген екен. Облыстық прокуратураның бізге берген анықтамасында көрсетілгендей орта оқу орындарына бекітілген инспекторларды ҚР ІІМ бұйрығы бойынша, өз функцияларына кірмейтін жұмыстарға жегуге жол берілмеуі тиіс. Бірақ соған қарамастан, облыстық ІІД қызметкерлері мен қалалық, аудандық ІІБ бастықтары аталған нұсқауды елемей, 212 инспектор мен 4 қызметкерді ІІБ-нің түрлі бөлімдеріне іс-сапарларға жіберген. Яғни, олар өз функцияларына кірмейтін жұмыстарды атқарған. Сонымен қатар, мектеп инспекторының міндетті түрде педагогикалық немесе заң саласы бойынша жоғары білімі болуы және ішкі істер органдарында үш жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі болуы шарт. Бірақ, инспекторлардың төрттен бір бөлігі бұл талаптарға жауап бере алмайды. Олардың орташа жасы – 25, жұмыс тәжірибесі бір жылға жетер-жетпес. Бір ғана мысал, ағымдағы жылдың 15 қаңтарында облыс орталығындағы №25 мектептің инспекторлығына жұмысқа қабылданған 1991 жылы туылған К. Тағайбаевтың ешқандай жұмыс тәжірибесі жоқ. Ал, аталған мектеп криминогенді қауіпті ауданда орналасқан және онда оқитындардың 85 пайызы «қиын балалар» болып табылады. Мүлдем тәжірибесі жоқ, жас маман криминогенді аумақтағы жағдайдың тұрақталуына әсер ете ала ма? Бірақ, өкінішке қарай, мұны ойлаған ешкім жоқ. Бір қызығы, білім мекемелеріне инспекторлар облыстық ІІД басшысының бұйрығымен ғана қабылдануы тиіс болса да, Тараз қалалық ішкі істер басқармасының бастығы бұған қарамай, өткен жылдың 27 тамызында өзінің бұйрығымен бір маманды жұмысқа қабылдай салған. Тараз қалалық ІІБ қарасты №1, 2, 3 полиция бөлімшесінің бастықтары да осындай заңсыз бұйрықтарымен, биыл білім беру мекемелеріне инспекторларды бекітіп жіберген.
ЖЕТКІНШЕК ТӘРБИЕСІНЕ ЖАУАПТЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қуанышбек ҚАЛЖАНОВ, облыстық ІІД әкімшілік полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі:
– Бізден тәжірибелі, шені бар қызметкерлер неге мектеп инспекторлығына тағайындалмайды деп жиі сұрайды. Тәжірибелі маманды ішкі істер департаменті қайдан алады? Мәселен, тәжірибелі тергеушіні осы қызметке шақырса, келе ме? Әрине, келмейді. Әр қызметтің өз құзыреті бар. Мәселе, инспектордың жалақысының аздығында да емес. Қайта, мектеп инспекторлығы кадрлар ұстаханасы, қызмет баспалдағы емес пе? Қазіргі уақытта мектеп инспекторларының жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Олардың күн-түнге қарамайтын жанкешті еңбегінің арқасында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық саны азайып келеді. Мұны ерекше атап өту керек. Кішкентай ғана мысал. Былтыр облыс бойынша төрт айда мектеп оқушылары арасында 87 қылмыс тіркелсе, биыл 51-ге түсіп отыр. Ал, 2012 жылы облыс оқушылары арасында қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар – 168 болса, 2013 жылы – 127-ге түсті. Жалпы, жасөспірімдер арасында түрлі тақырыптарға байланысты лекциялар жиі өткізіліп тұрады. Оның да әсері мол.
Гүлжанат ДОДАБАЕВА, Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназияның директоры:
– Күнделікті мектептің ішкі тәртібі үшін мектеп инспекторының болғаны дұрыс. Оқушыларға біздің айтқанымыздан гөрі, органның адамы болғандықтан олардың айтқаны өзгеше әсер етеді деп ойлаймын. Полиция киiмiн киген адамға деген құрмет бөлек. Бекітілген инспектор түрлі заңдарды түсіндіріп, лекциялар өткізеді. Бір жағы, оқушылардың құқықтық сауаттылығы артатыны сөзсіз. Екі ауысымның арасын және кешкі уақытта мектеп инспекторы оқушыларды есік алдында қадағалап тұрады. Мен инспекторға қоңырау соғылған соң, үзіліс уақытында барлық жағдайды бақылап тұр деп айтамын. Жалпы, оқушылардың түр-түсін жаттап, мінез-құлқын білу үшін олармен жиі сөйлесіп, бақылап жүрген жөн ғой. Біздің мектебімізде де, бір оқушы қалалық есепте тұрған. Бір жыл бойы оны бақыладық, әртүрлі іс-шараларға қатыстырдық. Ол өзін жақсы жағынан көрсетті. Республикалық, қалалық және мектепішілік іс-шараларда жүргізуші болды. Осылай, есептен шығарылды. Негізі, қиын топтағы оқушылардың мектепішілік бақылауда тұрғаны дұрыс. Қазіргі уақытта, көптеген ата-аналар балаларын бақыламайтыны рас. Сабаққа кетерде сөмкелерін ашып қарауға болады ғой. Сондықтан, оқулықтары, дәптер-қаламдары түгел болмай келеді. Сөмкесінің ішінде бөгде зат болуы да ықтимал емес пе?
Жанар ҚОСЖАНОВА, Тараз қаласындағы №45 мектеп-гимназияның мектеп инспекторы:
– Біздің жұмыс күніміз таңғы сегізден басталып, кешкі сегізде аяқталады. Оқушылардың сабаққа келгенін-кеткенін қадағалап тұрамыз. «Қиын балалар» болса олармен жұмыс істейміз. Бірақ біздің білім ордасы үлгілі оқу орны болғандықтан ешқандай мәселе туындаған емес. Мектептегі жұмысымыз аяқталған соң өзімізге қарасты полиция бөлімшесіне келіп, кешкі жиынға қатысамыз. Күні бойы атқарған жұмысымыз туралы есеп береміз. Сосын кешкі тамағымызды ішіп болған соң, сағат 11-ден бастап түнгі рейдке шығып, өзіміздің полиция бөлімшесіне бекітілген аумақты аралаймыз. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 336-3, 336-4 баптары бойынша түнгі 11-ден таңғы сағат 6-ға дейін кәмелет жасына толмаған балаларға ата-анасынсыз жүруге тыйым салынған. Түнгі оннан кейін ойын-сауық орындарына да заңды өкілсіз, ата-анасынсыз баруға болмайды. Мұндай жағдай бірінші рет қайталанса алғашқыда ескерту жасап, кейін тағы қайталанса материалдар сотқа жолданып, айыппұл салынады. Міне, біздің айналысатын жұмысымыз осы. Одан бөлек, мектепте әртүрлі тақырыпта аптасына бірнеше рет оқушыларға лекция оқимыз, прокуратура өкілдерімен бірге мектепішілік рейд те жүргіземіз. Біздің жұмысымызда барлығымыз офицер болғандықтан әйел-еркек деп бөлінбейді. Өзіме балалармен жұмыс істеген ұнайды, олармен жақсы тіл табысамын, сондықтан басқа жаққа ауысқым келмейді. Оқушыларымның барлығын танимын. Әрине, әйел адамға өзіндік қиыншылықтары кездеседі, кейде жолдасымыздың түсінбей жататын кездері де болады. Бірақ осы мамандықты таңдаған соң, абыроймен атқару парызымыз деп есептеймін.
Фатима САЙТБАЕВА, ата-ана: – Білім шаңырақтарында мектеп инспекторларының болуы оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға көмегін тигізетіні сөзсіз. Дегенмен, олар тәртіп бұзғандарға бірден жаза қолданбай, теріс әрекеттердің себептерін анықтап, мәселенің байыбына барғаны дұрыс. Жазалаудан гөрі, жанашырлық танытқаны, ол үшін қоян-қолтық жұмыс істегендері жөн.
Тобықтай түйін
Ал, біздің қорыта айтарымыз, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында жетістікке жету үшін, мұғалім, ата-ана, инспектор – осы үштаған бірлесіп жұмыс істеуі керек. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» деп жүріп тәрбиенің тізгінін босатып алмайық, ағайын!
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді