Алаш ардағына айналған әнші
(Ғажайып тенор иесі Амангелді Сембин 18 жасында құрбысының альбомына
«Ән дегенің символы екен жастық-жалын кезіңнің» деп жазыпты)
Амангелді Нақыпұлы Сембин Сарысу ауданына қарасты Жайылма ауылында 1945 жылы 9 мамырда дүниеге келді.
Ол алыстағы ауылда туып, өскеніне қарамастан атағынан ат үркетін Мәскеу консерваториясының вокалдық бөлімін 1970 жылы бітіріп шықты. Ал 1973 -75 жылдары Италияның Милан қаласындағы «Ла Скала» опера театрында әншілік өнерін жетілдіріп, қазақ әндерін тәкаппар Еуропаның талғампаз көрермендерінің талқысына жасқанбай ұсынды.
Біртуар әншінің Қазақ академиялық опера және балет театрында соло-әнші ретінде өнер көрсетуі де өнер өріндегі асқар асуларды бағындырған бағалы, бақытты, жемісті жылдарының қатарында тұр. Ол қазақ ән өнерінің корифейлері шырқаған киелі сахнада Е. Г. Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» Төлегеннің, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайындағы» Айдардың, М. Төлебаевтың «Біржан – Сарасындағы» Біржанның, С.Мұхамеджановтың «Жұмбақ қызындағы» Адақтың, П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегиніндегі» Ленскийдің, Дж.Пуччинидің «ЧиоЧио-Санындағы» Пинкертонның, Ш. Гуноның осы аттас операсындағы Фаусттың, Дж.Вердидің «Травиатасы» мен «Риголеттосындағы» Альфред, Герцогтардың, Моцарттың «Дон Жуанындағы» Дон Оттавионың ариялары мен партияларын орындады. Өзіміздің жанымызға жақын «Айнамкөз», «Ақбақай», «Балқурай», «Бурылтай», «Қарғаш», «Шәпибай-ау» сияқты халық әндерін Амангелдінің орындауында тыңдау өнердің қадір-қасиетін түсіне білетін түйсікті қауым үшін бір ғанибет еді!
Кеңес өкіметінің «темір шымылдығына» жасырынған елдердің таланттары үшін ол кезде шет елге шығып, өнер көрсету екінің басына бұйыра бермейтін бақыттың бірі болатын. Міне, осы бақыт, Жайылмадан шыққан жампоз Амангелдіге бұйырды. Ол концерттік-гастрольдік сапармен 24 жасында Германия сахнасында ән салса, одан кейінгі жылдары Чехословакия, Франция көрермендерін әсем үніне тәнті етті. 1972 жылы Бішкек қаласында өткен VI Қазақстан және Орта Азия аймақаралық орындаушы-музыканттар байқауының лауреаты атанды. Әнші, ұстаз, ғажайып тенор иесінің дарыны әділ бағаланып, 1976 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болды.
«Өткір кездік қын түбінде жатпайды» дейді халқымыз. Жиырма төрт жасында Бетховен, Моцарт, Штраустардың елінде ән салып жүрген таланттың ал енді бозбала шағы қандай болды? Қайда өтті? Білім-білігі мен шығармашылық тыныс-тіршілігі қай деңгейде еді? Осындай сауалдардың жетегінде жүріп, жақында ақын Шырын Мамасерікованың алпыс үшінші жылғы альбомынан Амангелдінің әлі ешкім білмейтін жазбаларымен танысып, оның о бастан-ақ өнер деп туған өр екенін білдік.
«Заман талабы» деген желеумен Фейсбук, Инстаграмм, Твиттермен алтын уақыттарын бекерге өткізіп жүрген жастарымыз бен жасамыстарымыз қаперлеріне ала жүрсін, 1960-1970 жылдардың қыз-жігіттері альбом дәптерлер арнап, оны бір-біріне беріп, өзі білмейтін әндерді жаздырып алып жүретін жақсы дәстүрлері бар болатын. Мұның тәрбие құралы ғана емес, тарих үшін де кәдеге асатынын Шырын әпкеміздің альбомындағы әнші жазуларынан көріп риза болып отырмыз. Әйтпесе, біз Амангелдінің жасөспірім кезінен-ақ өнерге құштар болғанын, ол туралы үлкендерше ой толғай білетінін, тіпті, сын-сықақ өлеңдерді де жаза алатынын қайдан білер едік? «Біреу айтып еді» деген әңгімеден гөрі, альбомға түскен мынау маржандай әдемі әріптер, ғажап қолтаңбалар сұлулыққа іңкәр сол бір серінің тамшыдай таза жанының бар сырын ақтарып тұрған жоқ па?
Сонымен ақын Шырынның альбомына үңілейік. «Общая тетрадь» деп аталатын қалың дәптердің жоғары жағындағы сол жақ бұрышына бейкүнә бозбаланың суреті жапсырылыпты да қасына:
Тұтанбай жатып сөнетін,
Мен «шөп-шалам» емеспін...
«Көпірмеден» өнетін –
Құлы емеспін елестің.
Арманым бар – атым ол,
Ақыл-ойым – затым ол...
Өмірден алып өнеге,
Шеру тартам – сөреге, –
деп өлеңдетіпті де, астына «А. С. Н.» деген «қолын» қойыпты. А.С. Н. – Амангелді Сембин Нақыпұлы деген аты-жөннің қысқарғандағы түрі.
Бұдан кейін назарымызды оның «Құрбыға» деген өлеңі аударған. Бұл өлеңін ол:
ҚҰРБЫҒА
Дос тұтып ем... өзіңді,
Сыйласар жан сен болшы.
Есітейін сөзіңді,
Жан тазартар ем болшы...
Мөлдірдей тұнық сезімді,
Нәр алатын кен болшы, –
деп жазыпты да, астын сызықша, нүктелермен бөліп:
«У человека должно быть все прекрасно: и мысли, и чувство, и одежда, и лицо.
А. Чехов»
деп жазған. Орыс халқының ұлы жазушысының бұл сөзін әнші он сегіз деген жасында құрбысының альбомына жазу арқылы өзінің ақылға кемел жас екенін танытқан.
Болашақ әншінің «Бір жолдасыма» деген өлеңін оқып отырып, егер ол сол кезде мықтап қолға алған болса Шона, Оспанхан сияқты ағаларының ізін жалғайтын тәп-тәуір сықақшы бола алатындай да қабілет-қарымын байқатқанын сездік.
БІР ЖОЛДАСЫМА
Оныншыны бітірген соң,
Қысқалау үтірден соң,
Сатекем сайранға басты,
Тереңнен қайранға қашты.
Оқуға барып, мүлт кетіп,
(Сирағы сықырлай, кілт етіп)
Ауылға жылжып қайтып келді,
Өтірікті мыжып айтып келді...
Бұл Сатекеме сөз бе екен:
«Оқу – әкеден қалған көз бе екен» –
Деп, мерейі өсіп қапты,
Өзі біраз бөсіп қапты.
Кеше барсам ауылға –
(Қарамай-ақ жауынға)
Сатекем босып жүр екен,
Ыңғайы бола ма деп қыздардың
Алдын орай тосып жүр екен...
А. С. Н.
Әрине, ән өнерінің соңына түскен жастың халқының жүрегіне жақын шығармалардан аттап өте алмайтыны анық. Сондықтан болар, альбомның бір бетіне Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» атты белгілі өлеңін жазып астына:
«Жақсы әнді естіп,
... оянады сезімің,
Ән дегенің, символы екен –
жастық-жалын кезіңнің»
деп жазып, бұған да «А. С. Н.» деп «қол» қойған. Болашақ әншінің құрбы альбомына қалдырған қолтаңбасының бірі:
Абай айтқан:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
– өкініші, қай жастың болса да (әрине,талаптанатынын), ақыл-ой, санасына арналған ескерту. Бұл асыл сөз Абай дәуірінде айтылса да, біздер үшін маңызын жоймаған өнеге. (Әттең не керек, үлгі ала алмай, үйрене алмай жүрміз-ау)»
деген ойлы сөздер. Бұл сөздердің астында да «А. С. Н.» деген «қол» тұр. Осыдан кейін «Туған ел» («Туған ел, жерің қандай мөлдіреген» деп басталатын) әннің екі шумақ өлеңін жазып, астына «Азымды көптей көріп, құрбылық, ескерткіш ретінде қабыл ал! Амангелді Сембин, 1963 ж.» деп альбомдағы қолтаңбасын аяқтаған.
– Жамбыл қаласындағы Абай атындағы мәдени-ағарту училищесінде 3-курста оқып жүрген кезіміз. Ол әнші, мен ақын боламын деп жүрген шақ. Амангелді алғырлығымен бірге сұлу еді, сондықтан болар Сәбит Мұқановтың «Жас Шоқан» атты пьесасындағы Шоқанның рөлін ойнады. Сол кездегі оқыған жастар арасында альбом арнап, оған әндер, өлеңдер, қанатты сөздер жазу сияқты жақсы дәстүр болатын. Мына жазбаларды Амангелді сол 1963 жылы жазған. Кейін жетпісінші жылы мен:
Есімде жоқ көктем бе еді, күз бе еді,
Сені «әнші», мені «ақын қыз» деді.
Балалық па... сәби жүрек сол кезде-ақ,
Жұрт сөзінен бір жақсылық іздеді.
Жүре алмадым бұл сезіммен алыспай,
Бас изесіп өтсең де жай таныстай.
Сенің әрбір табысыңа қуанам,
Кетсең-дағы әніңменен алыстай, –
деп әншіге арнап жыр жазғаным бар, – дейді Шырын әпкеміз Амангелдімен бірге оқыған шырын күндерін сағынышпен еске алып.
Еуропа, Америка елдерінде белгілі өнер адамдарының тұтынған заттары, хаттары, қолжазбалары керемет құнды дүние ретінде бағаланып, тіпті, олар аукциондарда қыруар қаржыға саудаланып та жатады. Мейлі, біз алаш ардақтарының қолжазбаларын саудаға салып, бәсекелеспей-ақ қоялық, бірақ мына табылған жазбалар... Амангелдінің көзіндей ыстық дүние емес пе? Қадірлеп, қастерлей білейік те соларды. Өнер музейлеріне ұсынып, алтын қорымыз – архивтерге өткізіп, саф алтындай сақтай білсек, қанеки?..
* * *
Алаш ардағына айналған әнші Алматы театр-көркемсурет институтында (қазіргі Қазақ ұлттық өнер академиясы) ұстаздық ете жүріп «Саз сөздігі» (итальянша-қазақша музыкалық терминдер сөздігі, 1994), «Ән бағдарламасы» (1994) және «Ән әліппесі» (2001) атты әдістемелік оқу құралдарының авторы атанды.
«Таланттар ауылда туып, астанада өледі» деген, жезтаңдай әншіміз 2005 жылы, алпыс жасында өнер ордасына айналған Алматыда өмірден озды.
Көсемәлі Сәттібайұлы.
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді